بئز دئكٌ پره زيده نتكه بأریبئر
«Біздің президентке бәрібір...» | |||
![]() Парламенттік басқару жүйесін қалыптастыра аламыз ба? Жуырда «Stratfor» деп аталатын стратегиялық зерттеулер агенттігі «Қазақстан: билік құрылымының эволюциясы» деген тақырыппен дардай мақала жариялады. Онда мынадай тұжырым бар: «Билік алмасуының бір түрінде Қазақстан парламенттік басқару формасына көше алады. Ол бойынша президент өкілеттігінің бір бөлігі премьер-министрге өтеді. Десек те, тарих тағылымы мен Қазақстанның географиялық орналасуын ескерсек, осындай алмасу мүлтіксіз және табысты бола қоюы екіталай. Бұл ретте күшті көшбасшының болмауы елді аласапыранға ұрындыруы ықтимал». Осы дүдәмәл долбардағы «күшті көшбасшының болмауы» деген ұғымның астарынан бүгінгі елбасының «күштілігін» меңзеген астар аңғарылады. Яғни, ол «күшті» болмаса, елге топан су қаптап, көк аспанды қара түнек басып, аңырап қалуымыз әбден мүмкін. Жоқ әлде біздің осы жорамалымыз жаңсақ па? Ендеше елге етене танымал саясаттанушылар не дейді: біз «күшті көшбасшысыз» парламенттік басқару жүйесіндегі ел бола аламыз ба?
Дос КӨШІМ: Біздің президентке бәрібір... Бүгінгі күні басқарудың қай түрін алсаңыз да, қазіргі авторитарлық жүйе толық сақталады. Парламенттік басқару жүйесін ту етіп көтеру үшін, әділ сайлау өткізу қажет. Өкінішке орай, қазақ жерінде демократиялық сайлау жүйесі әлі орнаған жоқ. Парламент қазіргі президент басқаратын «Нұр Отанның» қолында. Ертең парламенттік басқару жүйесіне көше қалсақ, одан да ештеңе өзгермейді - қазіргі президент мемлекетті парламент арқылы да басқара береді. Біздің бүгінгі президентке бәрібір. Менің түсінігімде «күшті көшбасшы» деп елдің басына ауыр күн түскенде, әсіресе тәуелсіздік үшін күресте өзінің өмірін беруге дейін барған, сол мақсатта тар жол тайғақ кешуден өткен адамды айтады. Құдайға шүкір, біздің президентіміз ондай азапты да ауыр жолдан өткен жоқ... Зерттеу агенттіктері де - саяси аренадағы ойыншылардың бірі. Олардың да тапсырыс беретін қожайыны бар. Сол қожайын бүгінгі президенттік басқару жүйесі бізді қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға кенелткенін «зертте» деп тапсырыс бергенін саясаттан хабары бар барлық адам біледі деп ойлаймын. Әрине, олардың «зерттеулерінің» нәтижелерімен таныса отырып, біз де өзімізге керекті кері мәліметті санамызға түйе аламыз.
Айдос САРЫМ: Біз отарлық сананың құлына айналдық Менің ойымша, Stratfor стратегиялық зерттеулер агенттігінің Қазақстандағы билікке қатысты тұжырымдарына өзіміздің саяси ұстанымдарымызбен билікті жақтыру-жақтырмау тұрғысынан қарауға болмайды. Бұл агенттіктің әлем, оның ішіндегі жалғыз супердержава АҚШ элитасының пайымдарына, көзқарастарына, іс-қимылдарына ықпал етіп отырғанын ұмытпауымыз қажет секілді. Және де бұл агенттік қомақты қаржыға бола өз пікірін саудаға салады дегенге өз басым сенбеймін. Егер олай болған болса, сол Америкадағы талдау-зерттеу орталықтары, баспасөзі Stratfor-ды жерден алып, жерге салып, парша-паршасын шығарып, жұрттың көзіне қарай алмайтындай күйге түсірер еді. Сондықтан агенттіктің тұжырымдарын біздің биліктің тапсырысы дегенге мүлдем сенбеймін. Бірақ ұлт ретінде, қоғам ретінде біздер бұндай пікірлердің бар екенін біліп, түсініп, түйсініп жүргеніміз абзал. Қалай десек те, бүгінгі күні стратегиялық тереңдігі мен көкжиегі бар екі-ақ мемлекет бар: олар АҚШ пен Қытай. Ал енді талдауға келер болсақ, өз басым Қазақстан үшін парламенттік жүйе дәл қазір тиімді болады дегенге сенбеймін. Бұл, қазақ халқы, ұлты демократияға дайын емес, өзін-өзі басқара алмайды деген сөз емес. Тарихқа үңілетін болсақ, бізде де демократиялық жүйе болған, оның кейбір үлгілері батыстық демократиядан артық болмаса, кем болмаған. Дей тұрғанмен, біз мынаны естен шығармайық: қазақ халқы көптеген жылдар бойы отарлы ел болды. Отарлау түбі қыруар қырғынға апарған зұлмат аштық пен тоталитаризмге ұласты. Бұл екі үрдіс жадымызға, тыныс-тіршілігімізге, жүріс-тұрысымызға орасан зор әсер тигізді. Шынын айту керек, негізінен бұл теріс, кері әсер болғаны сөзсіз. Ұлт ретінде жаңалыққа, жақсылыққа, жаңаруға деген ұмтылыстарымыздың барлығы аяқсыз қалды, көбінесе сырт күштердің озбырлығының кесірінен үзіліп отырды. Ұлттық дәрежеге жеткен зиялы топтар лек-легімен атылды, қуғынға ұшырап отырды. Ал бүгінгі күнге келер болсақ, авторитарлық билік пен сыбайлас жемқорлықтың кесірінен біздер көптеген үрдістерден кешеуілдеп отырмыз. Ұрланған қаражат қайтар, бірақ ұрланған алтын уақытымызды айтсаңызшы! Ұлттың алтын уақыты оңды-солды ұрланып, талан-таражға түсіп жатыр. Бүгінгі заманда уақыт пен кеңістік нығызданып, кішірейіп бара жатыр. Әрбір сағат түгіл, минуттың сұрауы болуы тиіс. Біздер болсақ, кешегі күні жасайтын шаруаларды 15-20 жылға шегеріп, «менен кейін топан су бассын» деген қисынға саламыз. Бұл түбегейлі түрде дұрыс емес. Егер билік шын мәнінде өз байлығы мен әл-ауқатынан гөрі ұлты мен оның болашағын ойлағаны рас болса, көптеген мәселелерді: мемлекеттік құрылыс, ұлттық құрылыс мәселелерінің негізін 90-жылдары қалап, бүгін соны жаңа сапаға шығарып, ырықтандырып отыратындай жайымыз бар еді. Stratfor-дың негізгі ойы мынада сияқты. Дәл бүгінгідей ырың-жырың қазақ қоғамына бірден демократияны қондыра қою оңай емес. Демократия көктен ұшып келіп, басқа қонатын бақ құсы емес. Бұл үлкен шыдамдылықты, саяси мәдениетті, ерік-жігерді, ықыласты талап ететін күрделі үрдіс. Батыстық үлгідегі демократияны бір күнде орната алмайтынымыз анық. Бірақ оған үнемі ұмтылу, соның жолынан таймай ілгері қарай қозғалу міндет. Демократияны орнату не үшін қажет? Ең алдымен азаматтардың құқықтары мен әл-ауқатын, ар-ожданын қамтамасыз ету үшін қажет. Баршаның болмаса да, көпшіліктің. Ал бұл үшін демократиядан артық құрал да, институт та ойланып табылған жоқ. Ал демократияның орнығуы үшін, ұлтымыздың жаңғыруы, жаңаруы, яғни модернизациялануы керек. «Араб көктемі» елдеріне назар аударайықшы! Мысалы, Ливияны, Сирияны алып көрелік. Ол жақтағы әңгіме неден туындап отыр? Бұл тек Батыстың «жын-ойнағынан» туындаған кесел емес. Ол жақтағы авторитарлық, тоталитарлық режимдердің бір үлкен қиянаты болды. Олар өз билігін, ұрлаған қаржыларын сақтау үшін, биліктерін ұрпақтарына, я жақындарына тапсыру үшін көптеген қылмыстарға барды, адамдарды, ауыл-қалаларды қырудан тайынбады. Бірақ басты қылмысы, менің ойымша, олар өз елдерінде ұлттық мемлекет қалыптастыра алмады. Керісінше, ұлтты топтастырудың орнына ұлтты нәсілдік, діни, тілдік, аймақтық тегіне қарай бөле берді. Баяғыдан, феодал заманынан қалған тәртіптер мен институттарды күшейтті. Рулық жүйені заңдастырып, соны негіз қылды. Мәселенің көбісін партиялар емес, азаматтық қоғам емес, ру, тайпа, дін басылары шешетін жағдайда ұстағысы келді. Бұл қыруар қайшылықтарды шешкен жоқ, керісінше, тығырыққа тіреді. Бұл тығырықтан шығу - тек қантөгіс арқылы мүмкін болатын жайға жеткізді. Америка сарапшыларының қорқып отырғаны да осы. Біздегі жайттар сол араб елдерінен аса алысқа кетпеген, шынын айтатын болса. Ал біздегі президенттік институтқа келетін болсақ, менің ойымша, біз оны қалай да сақтап қалуымыз керек. Бірақ бірте-бірте президент өз өкілеттіктерін парламент пен үкіметке бөліп беруі тиіс. Президент шын мәніндегі адам құқықтарының кепіліне айналып, негізінен символикалық мәселелермен айналысып, Конституцияның орындалуын қамтамасыз ететін институтқа айналуы тиіс. Бүгінгі биліктің өз Жолдауында кейбір мәселелерді ашып айтқаны да осы себепті. Көптеген мәселелер ушығып барады. Оны ашық айтпай, талқыламай, олардың алдын алмай, біз ешқашан өркениет жолына түсе алмаймыз. Сондықтан бүгін жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерімен қатар баспасөз бостандығы, азаматтардың бас қосу, жиын өткізу бостандықтарын қамтамасыз етпей, сотқа еркіндік бермей, оны тек заңға ғана бағынатын күш қылмай, біз ешқандай жетістікті баянды ете алмаймыз. Ал ұлтымыз руға, дінге, кланға бөлінбесін десек, олардың орнына жалпыұлттық дәрежеде қызмет ететін партияларды шығаруымыз керек. Болашақта еліміздің саяси жүйесі 2-3 партиялық жүйеге өтсе, құба-құп болар еді. Бірақ бұларды іске асыру үшін, керемет саяси ерік-жігер керек. Әзірге бұл жігер мен қайратты биліктен де, элиталардан көріп отырған жоқпыз. Бірақ қоғам ішіндегі осыған деген сұраныстың артып келе жатқаны ешкімнің күмәнін туғызбауы тиіс.
Расул ЖҰМАЛЫ: Супер-президенттік жүйеден бас тарту керек Біріншіден, Америкадағы Stratfor агенттігі тікелей Ақ үймен байланыста болғанымен, өзін-өзі қаржыландыратын тәуелсіз және аса ықпалды зерттеу орталығы болып табылатынын атап өткен жөн. Сондықтан ол басқа бір ел билігінің тапсырысын орындайтынына өз басым сенбеймін. Тиісінше аталмыш зерттеу астарында Назарбаевты көшбасшы ретінде қолдаудың айласы жатыр дегенді қате деп санаймын. Екіншіден, мәселенің түйініне келсек: менің ойымша, дәл бүгінгі Қазақстанның жағдайында парламенттік жүйеге көшу - жағымдыдан гөрі келеңсіз жәйттарға ұрындыруы ықтимал. Осал тұстарымыздың қатарына ел аумағының кеңдігі мен халық санының шектеулі болуын, парламенттік және партиялық дәстүрлердің әлі де болса қалыптаспағанын, қоғамда ұлтаралық, тілдік, әлеуметтік, тіпті рулық жікшілдіктің орын алуын, мемлекетбіріктіруші құндылықтардың құнсыздануын, т.б. жатқызуға болады. Бұған Ресей, Қытай, басқа да сырт күштердің ықпалын қосыңыз. Әрине, келешекте тиісті алғы шарттар қалыптасқанда, Қазақстан саяси жүйесінің толықтай парламенттік жүйеге көшкенін қалар едім. Өйткені ол шынайы халықтық билікті қамтамасыз ету тұрғысынан ең тиімді тәжірибе. Бірақ бұндай маңызы зор істе асығыстыққа жол беруге болмайды. Басқасын былай қойғанда, 1990 жылдары еш дайындықсыз сол парламенттік жүйеге өтіп кеткен Ресейді алайық. Нәтижесінде Ресей мемлекет ретінде ыдырап кетуге шақ қалды. Немесе парламенттік жүйеге өткен көршілес Қырғызстанға қараңыз. Сондықтан, үшіншіден, Қазақстанға президенттік-парламенттік жүйеге негізделген өтпелі кезең қажет. Оның барысында үкімет пен жер-жердегі әкімдерді, елдегі қаржы көздері мен құқық қорғау орындарын, армияны бақылауда, оларды тағайындауда, мемлекеттік басқа да маңызды шешімдерді қабылдауда парламенттің құзырын едәуір күшейту қажет. Тиісінше суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, билік тармақтарының арасындағы ара-салмақты теңестіру қажет. Ал ол үшін басқа да алғы шарттар қалыптасуы керек, атап айтқанда, шын мәнісіндегі сөз бостандығы, сайлаулардың ашық және әділ жүруі, соттардың тәуелсіздігі, саяси партиялардың арасында әділ бәсекелестікті орнату қажет. Онсыз артық қыламыз деп, тыртық қылмауымызға ешқандай кепіл жоқ. Пікірлерді топтаған - Бақытгүл МӘКІМБАЙ, «D» «Общественная позиция» (проект «DAT» № 01 (177) 17 қаңтар 2013 жыл.
|

Қиянат
– өзін өзгелерге сенуге болатын, адал адам ретінде танытып, кейін сол
артылған сенімді ақтамайтын тірлік істеу деген сөз. Бұл өте жаман
мінездердің бірі. Қиянатшы – аманатқа қиянат жасайтын, жамандық жасайтын
адам. Мұсылман болсын, кәпір болсын кез-келген адамға қиянат жасау
үлкен күнә болады. Хадис шәрифте: «Сенімді болмаған адамда иман жоқ. Уәдесінде тұрмаған адамда дін жоқ» делінеді.
Қандай тамаша, халықтың көзін ашу керек. Шіркін бәрі осылардай ойласа, бәріне жетсе осы айтылғандар. Сонда кішкене болсада қозғалыс болар ма еді.
Ал біздегі президенттік институтқа келетін болсақ, менің ойымша, біз оны қалай да сақтап қалуымыз керек. ........
Айдос, меніңше президенттікті сақтап қалу - дегенің осы қалыпты сақтап тұра беру керек деген сияқты ғой. Ол "сақталып қалғаннан" өзіміз Ғасыр ғұламасын, Көшбасшыны, Кемеңгерді, Данышпанды, Пайғамбар тектесті жасап аламыз деп қорықпайсың ба? Әшірбек
Ұлттың алтын уақыты оңды-солды ұрланып, талан-таражға түсіп жатыр. Бүгінгі заманда уақыт пен кеңістік нығызданып, кішірейіп бара жатыр. Әрбір сағат түгіл, минуттың сұрауы болуы тиіс. ------------ Айдос осыны дұрыс айтқан, ал қалғаны кәдімігі саясат қой. Саясаткер емеспін, білерім мына жүйеде істелер нәрсенің бәрі - ит-ыржың!
Көк Тәңірісі - Тәңірінің Тұқымы жоқ, заты жоқ. Жер Тәңірісі Темірдің Тұқымы - түрік, заты - от!
елдің Ыбырайы - Ыбырай, біздің Ыбырай - c-ұ-м-ы-р-а-й!!!
ара
бахабист ара мында жүр екен ғой, көрінбей кетіп еді
Ресейде парламенттік жүйе болып па еді?!
Президенттік жүйе керек пе керек емес пе деп көп бас ауыртып жүрміз. Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгере ме? Үкімет пен билікті әрлі берлі ауыстырып келе жатқанымызға 20 жыл болды. Коррупция өршіп кетті еселеніп. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Бір ауызданған аранды немен тоқтата аласың? Кім жауап береді қазіргі және ертеңгі жағдайымызға?
Аттың сыры иесіне мәлім. Қазақтың жайын қазақтан артық білетін ешкім жоқ.Сондықтан Stratfor агенттігі қанша жерден әділ сараптама жасады дегенмен, ол өз тұрғысынан ғана ойлайды. Оның қазақтың табиғатына қабыспайтын жері болады. Сондай-ақ, бірдеңеге, оның ішінде саясаттың қырық құбылмалы райына болжам жасау дегеннің өзі, тиянақсыз, патуасыз дүние.
Бір анығы, қара халықтың әлеуметтік жағдайы ауыр екені (Қазақстанның мұншама байлығымен елді қайыршылықта ұстау үлкен қылмыс), мемлекеттің бүгінгі саяси-экономикалық бағдары қазақты түнекке тартып бара жатқаны айдай анық. Бұл құрдымға апаратын жол. Тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде жоғарғы биліктің оны түзеуге ниеті де, жігері де жоқ екенін танып білдік. Сондықтан,мемлекеттің тәуелсіздігі баянды, халықтың тұрмысы жайлы болатындай бізге басқа жол керек. Ал, мемлекеттік басқару парламенттік бола ма, президенттік болама,ол маңызды емес.
Сабырбай
Дәулет Асау Қазақтың сыры кәзіргі заманда Көтелақтық
Бізде өзін өзі мақтап мемлекеті неғұрлым көбірек пайдаланып алдап ақша қамту жұесі дамыған тұрлі жоспарларды ақшаны айамай төгіп аткатын сыпыру милиондар сөз болмай қалды әкімдердің мемлектті қорықпай тонауы аткатын төледім маған сотың не істейді ге меңзейді және ұсақ тұиектер ғана сотталып қалғандарын құтылып кетіп жатыр,Ел басқарса Меркел дей басқарса 39-45 жылдардағы ұлтшылдар жоғалтқан Франция мен Америкадағы ұрланған алтын қорын қайтарып жатыр,Еканомикасы бұтіл Европаны алдыға сұиреп тұр,Қарапайым Немістің кемпірі,бізде жұз отыз бес милиарт қарыз,қарыздан басқа қаншама ақша сыртқа шығарылып жатыр,осы уақытқа осы шалға жетеді кет деп бір пенденің 17 милион халықтың ішінен шықпауы қынжылтады,
Адамның жынына тиіп осындай сараптама-мақалаларды неге жазасыңдар,елең етер халқың болмағасын, бізге екі қойың бір сом, кім басқарсада мейлі, тіптен Шыңғыс хан тіріліп келіпті деседе "а-аа" деп отыра береміз. Баяғы батырларды, естілерді, тектілерді дүниеге әкелген қатындардың жатыры араққа шіріп біткен, шалдардың сідігі суға айналған, сондықтан "құлдың күні - кіжінумен өтеді" деген тобырға айналдық, ар, намыс, сауап, обал деген қасиеттен жұрдаймыз, "Қайрасаң қасиет шықпайды, азып бір туған жаманға", дәл біздің теңеу!
менің түсінбейтінім ,осы біздің ел басы неге кешке дейін министрліктегі кадрлерді ауыстыра береді,орындарын ауыстырғаннан бірдене шығама,жаңа жылдың алдында бастаған ,содан бері әлі ауыстырып жатыр,кейбіреуі жаңа орындарында істеп үлгергенде жоқ ,уже басқа жерде отыр,оларды ауыстыра бергенше, Тасмағанбетов,Көшербаев,Сағынтаев,Байбеков, Құлмұхаметов сияқты өте жақсы жұмыс істейтін кадрлерді іріктеп алу керек те, қолынан іс келмейтін, босқа аяқ босатып жүргендерін мүлдем шығарып тастау керек,оларды бір орыннан бір орынға ауыстыра бергенше,сонда жақсы жұмыс жүреді.
түк түсінсем, бұйырмасын. әңгіме бір басқа, тақырыбы бір басқа ғой...
Билік - елден аманат ,
Болмасын оған қиянат .
Төреңіз болса опасыз ,
Қалайша тыныш жатасыз ?
Таяқ жейді нән түйе ,
Өтпей қалса түксие .
Зымырап өтер бұл заман ,
Соры қайнар кіл жаман .
Қуа берсең қорқақты ,
Алар қолға тоқпақты .
Сұға берсең бұққанды ,
Көрерсең ақыр шыққанды .
Қаракедей бұны айтқан .
Қажы мәмбет Ираннан .