Редакциядан:
Құрметті
оқырман, «Үш қиянның» бір мақсаты: жас қаламгерді дайындау, көпшілікке
таныстыру. Алғашқы еңбегіне жол сілтеп, шығармашылық бағыт беру.
Жазарман шыңдалып шығатын ұстахана болу біздің міндетіміз. Сондықтан
мұндай еңбек, еңбектенетін ұлан болса біз қуана-қуана қарсы аламыз. Бұл
жолы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанынан құрылған
«Қаламгер» клубының мүшесі Айбек Нәбидің Лев Толстойдан жасаған
аудармасын назарыңызға ұсынып отырмыз. Оқып көріңіз…
Біз өзіміздің өлімнен өмірге өткенімізді білеміз,
себебі бауырларымызды жақсы көреміз:
бауырын сүймейтін адам таза өлік
(Поан. І арнауы, ІІІ, 14).
Өзі жетісіп өмір сүріп,
жоқшылық көріп отырған бауырынан безсе,
ондай адамды Құдай сүйе ме?
(ІІІ, 17).
Балаларым менің!
Сөзбен, тілмен емес,
ісімізбен және барынша иманымызбен
басқаларға махаббатымызды ашайық.
(ІІІ, 18).
Құдайдың өзі махаббат,
басқаларды жақсы көретін адам әрдайым
Құдаймен бірге, Құдай да сол адаммен.
(IV, 16)
«Мен Құдайды жақсы көрем» деп, бірақ
бауырын жек көретін адам барып тұрған өтірікші,
өйткені, көз алдындағы бауырын жақсы
көре алмаған адам, қалай көзге көрінбейтін
Құдайды сүйе алсын?
( IV, 20)
І
Елге
«етікші» деген атпен таныс, Семен әйел, бала-шағасымен бір мұжықтың
үйін жалға алып тұрады. Етік тігуден тапқан ақша не тамаққа, не киімге
жетпейтін. «Қыстың қамын жазда ойла» деген бар. Алда қақаған қыс келе
жатыр. Етікші мен әйелі екеуінде ортақ бір ғана тон
бар-тын. Бірақ оның өзі тоз-тозы шығып, жыртылуға айналған. Ал
етікшінің ендігі қайғысы қысқа жаңа тон тігіп алу үшін қой терісін
сатып алу еді.
Күзге
қарай отбасының аузынан жырып, азын-аулақ пұл жиған. Қазір әйелінің
сандықшасында қағаз үш сом және көрші ауылда біраз алашақ қарыз ақшасы
бар еді.
Сөйтіп
таңертеңгі астан соң етікші жейдесінің сыртынан әйелінің мақтадан
тігілген күртешесін, мауыт жемпірін киді. Қағаз үш сомын қалтасына төрт
бүктеп әдемілеп салып, қолына ұзын таяқ алып, көрші ауылдарға қарызын
жинамаққа беттеді.
«Жігіттерден
бес сомымды алсам, оған үш сомымды қосып, тон шығатындай үлкен тері
сатып алам, ол тонды әйеліме кигізсем, сондай қуанып қалар еді. Маған
майға піскен бауырсақты да пісіріп берер еді» – деп ойлап келеді.
Етікші
өзіне қарыз адамның біреуінің үйіне келіп еді, ол жоқ болып шықты,
екіншісінің үйінде әйелі ғана бар екен, бірақ ол күйеуінің жоқтығын
сылтауратып, «шалым келгесін қарызымды міндетті түрде қайтарамын» деп
шығарып салды. Ал үшінші біреуі «ақшам жоқ» деп ант-су ішіп, тек жиырма
тиын ғана берді. Амалы жоқ етікші байғұс теріні қарызға сұрап көріп
еді, сатушы көне қоймады.
–
«Қарыз – күліп кетіп, жылап келеді» деген сөз бар. Ақшаңды әкел де,
қалағаныңды таңдап ал. Ертең қарызды өз аяғымызбен іздеп барар жағдай
жоқ, – деді.
Сөйтіп
етікші Семеннің сапары сәтті бола қоймады. Тек, жиырма тиын мен бір
кісінің: «жамап берші» деген етігін құшақтап үйіне қайтты.
Жол жөнекей көңілін сергітіп алайын деп ол жиырма тиынға арақ алып ішті.
Таңертең
күн аяз секілді еді, азқазанға арақ түскен соң ба, дала жып-жылы болып
көрінді. Бір қолымен шық түскен қамыстарды түртіп, бір қолымен етікті
ары-бері бұлғап, өзімен-өзі сөйлесіп келеді.
–
Мен, – деді, өзіне-өзі – тонсыз да тоңып келе жатқан жоқпын. Маған оның
түкке де керегі жоқ. Мен тонсыз да өмір сүре аламын. Міне, мен
қандаймын, ә?! – деп, еңсесін тіктеп, кеудесін ұрғылап қойды. Кенет
есіне әйелі түсіп кетті – Тек… әйеліме керек болмаса…
Еріксіз
ренжиді де екенсің, сен етігін тігіп бересің, ал ол ақыңды бермейді.
Бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. «Ақшам жоқ, ақшам жоқ» деп.
Сенде ақша болмаса мен қайтпекпін. Маған қарағанда сенің баспанаң,
қораң, мал-мүлкің бар. Ал менде олардың бірде-бірі жоқ. Осыдан келесіде
ақшаны бермесең, басыңдағы тымағыңды жұлып аламын… Адамды алдап жиырма
тиын ғана береді. Оған не келеді? Тек, ішуге ғана жетті. Ал маған нан
сатып алу үшін елу тиын керек. Адамды аямайды, бұлар!».
Осылайша
өзімен-өзі күбірлеп етікші кішкентай шіркеудің қасына да жақындаған
еді. Алдынан ағараңдап бірдеңе көрінген сияқты болды. Бірақ күн қараңғы
болған соң, анықтап ештемені көре алмады. «Мұнда ешқандай тас жоқ
секілді еді ғой. Бұл не нәрсе болды? Мал дейін десем, малға ұқсамайды. Адам дейін десем, – аппақ. Оның үстіне мұнда адам не істемек?» деп ойлады.
Жанына барып еді, анық байқалды. Адам екен. Қимылсыз. Не өлі, не тірі екені белгісіз? Жалаңаш күйде жатыр. Еткішінің
денесі түршігіп, жүрегі тулап қоя берді. «Біреулер өлтіріп, киімін
сыпырып ап, өзін тастап кеткен ғой… Қой, қасына барсам, басым бәлеге
қалар, есім барда елімді табайын» деп сырт айналып кетпек болды.
Тез-тез
жылдам басып жүрмек болып еді, ішінде бір қызығушылық жібермеді.
«Жарайды, тағы бір бақылайыншы» деп, шіркеудің артынан барып сығалап
еді, жалаңаш адам көрінбеді. Шіркеуді қайта айналып келесі жағынан
қараса, өлдіге жорыған адамы қимылдап жатыр екен. Етікшінің есі шығып
кетті: «Әй, тірі ғой… Ал, енді не істеймін??? Барсам ба, әлде кете
берсем бе екен? Барсам, бәле болар ма, қандай адам екенін қайдан
білемін. Жақсы адамдар жалаңаш жатпас болар… Егер жақындасам, мойнымнан
қылғындырып, өлтірем десе не істемекпін?.. Бірақ, жалаңаш адам маған не
істей алмақ. Егер өлтірмек болса, мен де қарап қалмаспын. Ал егер
көмектессем үстімдегі киімімді шешіп беруге тура келеді. Қой, Құдай
сақтасын!» деп, етікші жүрісін жылдамдатып шіркеуден
тез-тез кетіп қалмақшы болды. Бірақ жүрейін десе, кеудесінде жұдырықтай
жүрегі әлде неге кінәлі секілді бір күйге түсіп, лүпілдеп қоя берді.
Екі аяғы да осы халді сезгендей икемге келмейді.
–
«Семен, сен не істеп тұрсың? – деді ол өзіне. – Біреу қиналып, өлім
аузында жатса, айналып қашқаның адамдыққа жата ма? Ол да сен секілді
пенде ғой. Мүмкін ол тоңып, аш жатқан шығар. Мүмкін көмек керек болар.
Егер бүйтіп кетіп бара жатқаныңды сезсе, «қайырымсыз екен» деп,
ренжімей ме?»
Осы ойлардан кейін, Семен кейін бұрылып, жерде жатқан адамға жай басып жақындады.
ІІ
Жалаңаш
жатқан бейтаныстың бет-әлпеті көрікті екен, әрі жалпы сұлбасы қағілез
секілді. Денесінен ешқандай жарақат ізі білінбейді. Суықтан болар,
дір-дір етеді. Семен бетіне үңіліп еді, ол басын көтеріп, көзін ашты.
Көзінің кірпіктері әлсін-әлсін қозғалады. Жанары мөлтілдеп, жәудіреп,
бұның келгеніне қуанғандай, көз ұшқынында бір үміт сәулесі жарқ етті.
Мына көрініс Семеннің бүкіл күдігін жойып, аяушылық сезімін оятып
жіберді. Қолындағы етігін жерге лақтыра салып, жүн шекпенін шешті де:
– Тұр бауырым, қане, кел киіндірейін – деді.
Шынтағымен
сүйемелдеп орнынан тұрғызды. Денесі тап-таза, қол-аяғы сынбаған бүтін,
түрі сүйкімді екен. Семен оның иығына шекпеннін жауып, белбеуін мықтап
байлап берді. Басындағы жартық бас киімін шешіп, кигізбек болып еді,
өзінің басы жаурап кетті. «Әй, менің басымда, бір тал шаш жоқ тақыр, ал
бұның самайында шашы бар, әрі қалың. Жаурай қоймас» деді де, бас киімін
қайтадан өзі киіп алды. Одан да аяғына етік кигізейін» деп, әлгінде
жамап беруге алған етікті кигізді.
– Ал, бауырым, сәл қимылдап, денеңді жылытып ал. Қалғаны бір Құдайдың қолында. Жүре аласың ба?
Анау Семенге риза және таңқалған кейіппен қарады.
–
Неменеге сөйлемейсің? Осы жерде қыстаймысың. Үйіңе тез жетуің керек.
Әлің жоқ болса, мә, мына менің таяғыма сүйеніп жүр. Енді есіңді жиюың
керек! – деп таяғын қолына ұстатты да:
– Ауылың қайда? – деп сұрады.
– Бұл жақтың тұрғыны емеспін – деді ол басын шайқап.
– Білем. Мен мына жердің адамдарының барлығын жақсы танимын. Сені бірінші рет көріп тұрмын. Мұнда не істеп жүрсің?
– Айтуға болмайды.
– Қысылмай айта бер. Ешкімге айтпаймын. Мүмкін, біреулер тонап кеткен болар, ә? – деді жан-жағын сүзе қарап.
– Жоқ, ешкім тиіспеді. Тек Құдай осылай жазалады – деді күрсініп.
–
Әрине, бәрі Құдайдың қолында екені анық, бәлки біреудің қарызын бермей
қойған шығарсың – деді сыбырлап. Бейтаныс адам үндемеді.
– Жарайды, енді қай жақта тұрасың, жеткізіп салайын.
– Маған бәрібір – деді ол.
Семен
таң қалды. «Жынды дейін десең, сөзі түзу, бірақ өзі жайлы айтқысы
келмейтіні несі? Әй, адамның басынан не өтпейді, қиналып тұрған шығар»
деп ойлады Семен.
–
Олай болса, аздап ес жиғанша менің үійме жүр – деп етікші алдыға түсіп
жол бастады. Әлгі бейтаныс Семеннің көлеңкесі секілді, артынан бір елі
де қалар емес. Жел тұрып, Семеннің жейдесінің астынан уілдеп барады.
Мастығы тарқап, тоңа бастады. Мұрнынан суы ағып, тістері қалш-қалш
етіп, сықырлап қоя берді. «Қазір менің бұл түріме Матрена қалай қарайды
екен. «Өй, ақымақ, тон әкелем деп, жалаңаш қайыршыны ертіп келіпсің
ғой, тоның қайды?»- деп ашуланса не демекпін???»
Матрена жайлы ойласа болды, Семеннің көңілі жабырқап қоя береді.
ІІІ
Семеннің
әйелі таңертеңнен үй ішін жинап, шаруаға көңілді кірісті. Ағаш жарды,
су тасыды, балаларын тамақтандырды. Қамыр ашытып нан пісірмек еді,
Семеннің түскі асты басқа жақтан ішітіні есіне түсіп, «егер Семен түскі
асты ішіп келсе, онда кешке нанды аз жейді. Демек, нан ертеңгі таңғы
асқа да жетеді деген сөз. Оның үстіне үйде ұн да аз қалды. Амалдап
жұмаға дейін жеткізу керек» деп ойлады да, күйеуінің жыртық жейдесін
жамамақ болды. Жамап отырып күйеуі қойдың терісін әкелетіні, одан өзіне
арнап тон тігілетіні, киіп ап көршілеріне қалай мақтанатыны көз алдына
елестеді.
«Тек
тері сатушы алдап жібермесе болды. Семен аңқау. Оған айғыр егіз
құлындапты десе де сенеді. Сегіз сом аз ақша емес. Үлкен тонға жетеді.
Иленген теріден болмаса да, жақсы тон алуға болады. Алдыңғы қыста
тонсыз қалай қиналған едік. Суға да шыға алмай қалдық емес пе? Қазір ол
жалғыз тонмен түзде жүр, ал мен үстіме не киерімді білмей отырмын. Жә,
өзінің де келіп қалатын уақыты болды. Қайда жүр екен? Ішіп кетпесе
болғаны еді…»
Матренаның
осыны ойлағаны сол еді, баспалдақ сықыр-сықыр етіп, үйге екі адам кіріп
келді. Бастары салбыраңқы. Біреуі бейтаныс. Үстіне бұлардың жалғыз
тонын жамылып апты. Әйелі мұны көріп «Алған ақшасын араққа жұмсап,
әбден көңіл көтерген екен. Онысымен қоймай қасына қаңғыбас досын да
ерте келіпті» деп ашуланып кетті.
Матрена
оларға төрді нұсқап, өзі пештің түбіне барды. Бәрінен де оған Семенның
ертіп келген адамы күдікті көрінді. Бұл жергілікті емес. Үстіне киген
шекпенінің ішінде жейде жоқ, басы жалаңбас. Кіргелі бері не
қимылдамады, не басын көтермеді.
Семен бас киімін, күртесін шешті де:
– Матрена, бізге тамақ берші – деді.
Матрена
өзімен-өзі бірдеме деп бұрқылдап қоя берді. Екеуіне кезек-кезек қарап,
басын шайқай береді. Семен әйелінің ашуға булығып тұрғанын байқады, бірақ байқамағансып:
– Кел үстелге отыр, бауырым, қазір тамақ ішеміз – деді.
Бейтаныс адам үстелге жайғасты.
– Немене, Матрена, сен бүгін тамақ пісірмегенсің бе?
Матрена одан сайын ашуланды.
–
Пісіргенмін, пісіргенмін, бірақ саған жоқ. Сен не, миыңды ішіп
қойғаннан саумысың? Таңертең «тон әкелем» деп кетпеп пе едің, ол аздай
қасыңа жалаңаш қайыршыны ертіп келіпсің. Сендер секілді алқаштарға
берер тамағым жоқ.
– Матрена, аузыңды бақ! Сен алдымен мұның қандай адам екенін сұрасаңшы…
– Одан да ақшаны қайда құртқаныңды айт!
Семен шекпенінен бір қағазды шығарды да, үстелдің үстіне қойып:
– Міне ақша, ал Трифонов қайтармады, ертең берем дейді.
Матренаның
одан сайын жыны ұстады. Күні бойы қиялдаған тоны жоқ болды, оның үстіне
соңғы шекпенін біреудің иығына жауып, онысын ертіп келіпті. «Мұнымен
қой тамақ беруім керек» Үстелдің үстіндегі ақшаны тығып қоюға әкетіп
бара жатып:
– Менің барлық маскүнемдерді тойдыратын жайым жоқ, – деді.
– Эх, Матрена, алдымен айтқанды тыңдасаңшы…
–
Алқаш адамдарда не ақыл болушы еді? Саған күйеуге бекер тиген екенмін.
Әттең шешемнің айтқанын тыңдауым керек еді. Ақымақ болыппын – деп,
шешесі есіне түсіп кетті ме, әлде ашудан ба, тамағына бір ащы өксік
келіп, – кезінде шешемнің жасауыма берген маталарын да сатып іштің,
бүгін тонға барып, оны да араққа айырбастадың. Ұят деген сенде атымен
жоқ.
Семен
оған тек жиырма тиынға ғана ішкенін, ал қасындағы адамды қалай
жолықтырғанын айтайын десе, Матрена оған сөз берер емес, тіпті он жыл
бұрынғыны қозғап кетті. «Әйелмен әйел боламын ба, жарайды соның айтқаны
жөн. Мүмкін менде ұят деген нәрсе жоқ та шығар» деп ойлады.
Матрена бұрқылдап-бұрқылдап «сөз өтпейді бұған» дегендей, Семеннің жеңінен ұстап:
– Менің бешпентімді өзіме қайтар! өзің не болсаң, о бол! – деді.
Семен
үстінен шолақ бешпентті шеше беріп еді, қатыны бар ашумен еріксіз
бешпентке жармасып, жұлып алмақ боп тартып қалды. Бешпенттің тігісі
сөгіліп, екіге айырылып кетті. Мұнысына өзі ұялып кетті, әйелдің ашуы
тез қайтты. Онысын қонаққа білдірмейін деп, үстіне жамыла салды да,
сыртқа беттеді. Осы кезде оның көңілінде бейтаныс адамға деген
қызығушылық оянды.
IV
Матрена ақырын күйеуінің жанына барды да, құлағына:
– Семен, мына адам кім? Үстінде дымы да жоқ қой. Егер дені дұрыс адам болмаса, жалаңаш жүрмес еді ғой.
–
Мен бағанадан бері осыны айтайын деп едім ғой. өзің де бір құлақ
аспайсың. Әлгінде шіркеудің жанынан өтіп бара жатсам, мына бейшара
жалаңаш, тоңып жатыр екен. Жаз айы емес қой. Аяп кеттім. Байғұс-ай.
Әйтпесе, өліп қалуы мүмкін еді. Өзі «Құдай жазалады» дейді. Ердің
басына не іс түспейді? Киіндірдім де, осында әкелдім. Енді басқа не
істемекпін? Көріп тұрып қайрылмағанымыз – күнә болар. Сол үшін Құдай бізді де жазалауы мүмкін ғой.
Семеннің
мына сөздеріне Матрена тағы да ұрыспақ болып еді, ана байғұстың түрін
көріп, үндемеді. Ол да орнынан қимылдамай, тек орындықтың шетінде ғана
отыр екен. Қолдарын тізесіне қойып, басын кеудесіне дейін салбыратып,
тіпті бір көтермейді де. Осы жанжалға себепкер өзі секілді. Семен оған
қарап:
– Матрена, сен де Құдайдан қорқатын шығарсың? – деді.
Құдайды
аузына алған соң, ана адамға тағы бір қарады да, мейірімі оянды. Оның
да өзі секілді пенде екені есіне түсіп, жүрегі елжіреді. Пештің қасына
барып, үйдегі бар тағамды үстелдің үстіне шығара бастады. Кеселер мен
квасты ортаға қойды. Соңғы нанды да дастарханға әкелді.
– Жеңіздер, -деді.
Семен қонағын үстелге жақын отырғызып:
–
Кел, достым, тойып ал – деп нан турай бастады. Ал Матрена болса,
үстелдің шетінде жұмбақ адамнан көз алмай отырды. Қараған сайын бойынан
оған деген аяушылық сезім оянып, оны бауырындай қатты жақсы көріп
кетті. Кенет бейтаныс адам, таңданған кейіпте басын шайқады да,
Матренаға қарап, жымиды.
Тамақтанып болған соң Матрена үстел үстін жинап жатып, кезбеден:
– Қай жақтансың? – деп сұрады.
– Мен жергілікті емеспін.
– Ал мұнда қайдан жүрсің?
– Оны айтуыма болмайды.
– Сонда кімдер сені тонаған?
– Мені Құдай осылай жазалады.
– Қардың үстінде жалаңаш жата бердің бе?
–
Құдайдың дегеніне көнгеннен басқа не істей аласың? Амал жоқ. Осылайша
жалаңаш, тоңып жатқан жерімнен, Семен көріп, аяп, үстіндегі шекпенін
кигізіп, осында ертіп келді. Ал мұнда сен де маған жаның ашып,
тамақтандырдың. Жақсылықтарың Құдайдан қайтсын!
Матрена орнынан тұрып күндіз жамаған Семеннің жейдесін, одан басқа да киім-кешек әкеліп:
–
Міне ал, байқауымша, сенде жейде атымен жоқ сияқты. Мыналарды киіп ал
да, қалаған жеріңе жатып демал – деп, жарықты сөндірді де, ұйықтауға
кетті.
Бірақ
төсекке қисайғанымен көзі ілінбеді. Жұмбақ адам туралы ойлады. Ертеңгі
асқа нан қалмағанын және жейде мен киім бергенін есіне алса, іші ашып
кетеді, ал кезбенің риза болып, бұған күлімдеп қарағаны көзіне елестесе
болды, жүрегі елжіреп кетеді.
Матрена былай бір, олай бір дөңбекшіп ұзаққа дейін ұйықтай алмады. Семен де ояу секілді.
– Семен! А, Семен! – деді сыбырлап.
– Ау!
– Бағана соңғы нанды жедік, мен ертеңге пісірмеген едім. Таңғы шайға не қоярымды білмеймін. Маланья құдағидан сұрайын ба?
– Тәуекел, бір реті болар.
Матрена біраз үнсіз жатты да:
– Анау жаман адам емес сияқты, бірақ өзі жайлы жасыратына несі?
– Құдай айтуға рұқсат бермейді дейді ғой. Шынымен қиналатын шығар.
– Сём!
– А!
– Біз осы адамдарға көмектесеміз, ал бізге неге ешкім көмектеспейді?
Семен не айтарын білмеді. Ары қарап жатты да, аю құсап қор ете түсті. Ұйқыға кетті.
V
Ертеңінде
Семен ерте оянды. Балалар ұйықтап жатыр екен. Әйелі көршілерден қарызға
нан сұрауға кетіпті. Кешегі ертіп келгені төбеге қарап ойланып отыр.
Өңі кіріп қалған секілді.
–
Қарныңа тамақ, жалаңаш денеңе киім керек болып отыр ма? Күн көру керек.
Қолыңнан жұмыс істеу келе ме? Бұрын немен айналысқансың? – деді.
– Жоқ. Менің қолымнан ештеме келмейді.
Қайран қалған Семен:
– Қалайша? Адам деген бір нәрсемен айналысып күн көру керек қой…
– Иә. Егер адамдар үйретсе, мен де істеймін.
– Сенің атың кім?
– Михаил.
–
Ал, Михаил, өзің жайлы айтқың келмесе, өзің білесің. Ал, бірақ, күн
көру керек. Бұл өмірдің өзгермес қағидасы. Не жұмыс берсем, соны
істейсің, аштан қалдырмаймын.
– Құдай алдыңнан жарылқасын. Мен бәрін тез үйреніп алам. Тек не істеу керектігін айтсаң болды.
Семен саусағына иірілген жіпті орады да, ұшын түйе басады.
– Қиын жұмыс емес, жөндеп қара…
Михаил да тура осылай істеп, ұшын түйіп берді.
Енді
Семен оған жіпті қалай күйдіру керектігін көрсетті. Оны да Михаил
бірден қағып алды. Сосын жіпті қалай есетінін және қалай тігетінін де
үйретті.
Семен
қандай жұмыс көрсетсе де, ол бәрін тез түсініп, ал үшінші күннен бастап
өмір бойы етік тігіп жүргендей жұмысқа кірісіп кетті. Жұмысы
тындырымды, тамақты аз ішеді; жұмыстан сәл босаса, үнсіз төбеге қарап
отырады. Көшеге шықпайды, артық сөз айтпайды, қалжыңдап, күлмейді де.
Оның күлімсірегенін бұлар алғаш келген күні Матренаның тамақ бергенінде ғана көрген…
VI
Осылайша
күндер зымырап өтіп жатты. Ал Михаил болса Семеннің туған бауыры
секілді үйінде тұрып, жұмысын істеп жүрді. Осы кезден бастап Семеннің
шеберлігі ел аузына іліне басатады. Ел ішінде «Семеннің жұмысшысы
Михаил секілді ешкім етікті мықты тіге алмайды» деген сөз тарады.
Сөйтіп Семеннің үйіне жан-жақтан етік тіктіруге адам ағылып жатты.
Қыстың
бір күнінде Семеннің есігінің алдына үш ат жеккен арба келіп тоқтады.
Арбадан бір жас бала түсіп, жүгіріп қақпаның есігін ашты. Одан үстінде
үлкен тоны бар, бір дәулетті адам түсіп, үйге қарай беттеді. Матрена
жүгіріп есік ашты. Шонжар еңкейіп барып үйге кірді, басы төбеге сәл
ғана жетпей тұр, денесі бүкіл бұрышты алады.
Семен
орнынан тұрып, шонжарға иіліп сәлем беріп, таңырқаған кейіпте қайран
қалды. Бұрын-соңды мұндай алпамсадай дәуді көрмепті. Семеннің өзі де
ірі емес еді, Михаил болса арықтау, ал Матрена тіпті кішкентай. Мынадай
адам бұларға басқа бір әлемнен келген секілді. Екі беті қып-қызыл,
мойны бұқаның мойнындай, тұтас. Сірә, шойыннан жасалған ба дерсің.
– Отағасы, етікші қайсысың?, – деді тонын шешіп жатып ол.
– Мен, – деді Семен.
Бай әлгіндегі жүгіріп есік ашқан қызметшісіне:
– Әй, Федька, тауарды алып кел! – деді.
Қолында түйіншегі бар жігіт жүгіріп келді. Бай түйіншекті алып, үстелдің үстіне қойды да:
– Шеш, – деп бұйырды. Семенге қаратып, затын нұсқап:
– Ал, етікші, жақсылап тыңда. Тауарды көріп тұрсың ба?
– Көріп тұрмын, жоғары мәртебелім.
– Сен мұның қандай тауар екенін түсінемісің?
Семен ұстап көріп:
– Жақсы екен, – деді.
Жақсы болғанда қандай?! Сен, ақымақ, мұндай затты әлі көрмегенсің. Бұл немістің жасаған тауары. Бақандай жиырма сом тұрады.
Семеннің аузына сөз түспей қалды.
– Біз ондайды қайдан көреді дейсіз?
– Жарайды енді, күмілжімей. Осы тауардан менің аяғыма етік тіге аласың ба?
– Тігуге болады.
Бай оған айқай салды.
–
«Болады» емес, дұрыстап тік! Кімге және қандай тауардан тігіп
отырғаныңды ойлан. Жыл бойы тозбайтын, жыртылмайтындай етіп тік.
Қолыңнан келсе істе, істей алмаймын десең, тауарды бекерге кесіп,
бүлдірме. Алдын-ала ескертіп қояйын, егер бір жылға жетпей жыртылатын,
не қисаятын болса, сені түрмеге қаматамын, ал жақсы тіксең, еңбегің
үшін он сом ақша төлеймін. Келісесің бе?
Семен абдырып, не айтарын білмей, сасып қалды. Михаилға бұрылып:
– Не істейін? – деп ымдады.
Михаил басын изеп: «Ала бер» – деген ишара танытты.
Семен Михаилдың тілін алып, жыл бойына шыдайтындай етік тігуге келісті.
Бай қызметшісін шақырып, сол аяғындағы етігін шешкізді де:
– Өлше! – деді.
Семен
он оралған қағазды алып, тізерлеп отырды да, шекпендінің шұлығын былғап
алмайын деп, қолын алжапқышына сүртті. Аяғын өлшеуге кірісті, балтырын
өлшеп бастап еді, қағаз жетпеді. Өте семіз екен.
– Байқа, қонышы тар болмасын.
Семен үлкенірек қағаз іздей бастады. Шонжар үйдің ішін ал көзімен ары-бері шолып, Михаилға көзі түсті.
– Мынауың кім тағы?
– Жұрт мақтап жүрген етікші – осы.
– Жақсылап тік, – деді шонжар Михаилға қарап – ұзаққа шыдайтын болсын.
Семен да Михаилға бұрылып қарады. Михаил дәуге қарап жымиып күліп тұр екен.
– Әй, сен нақұрыс, тісіңді неменеге ақситасың? Қайталап айтамын, етік тозбайтындай қыл және дер кезінде дайын болсын.
– Тура уақытында дайын болады.
– Солай істе.
Етігі
мен тонын киіп кетуге ыңғайланды. Еңкеюді ұмытып кетіп, төбеге басын
аямай ұрып алды. Онысына қатты ашуланып, есікті бар екпінімен бір тепті
де, арбасына отырып, кетіп қалды.
Ол кеткен соң Семен:
– Не деген адам? Мұны ұрып өлтіре де алмассың. Есігімізді сындыра жаздады ғой. Сірә, мұндай адамдар жайшылықта өле қоймас – деді.
VII
Семен Михаилға қарап:
–
Тапсырманы алуын алып алдық, енді басымыз бәлеге қалып жүрмесін. Тауары
да өзі секілді екен. Қате істеп қоймасақ болғаны. Сенің көзің менен
өткір ғой, сен үстін тік, ал мен астыңғы жағын ұлтара берейін.
Михаил
байдың тауарын үстелдің үстіне жайып, екі қабатынан алып, пышақпен кесе
бастады. Михаилдың қимылын қалт жібермей бақылып отырған Матрена таң
қалды. Матрена да етікшіліктен хабары бар адам, бірақ, Михаилдың кесіп
жатқанын түсінбеді. Ол етікке емес, басқа нәрсеге арналғандай, дөңгелек
етіп пішіп жатыр.
Айтайын деп оқталды да: «Мүмкін Михаилдың бір ойлағаны бар шығар» деп үндемеді.
Михаил былғарының екі сыңарын да қиып, етік секілді емес, жеңіл аяқ киімге ұқсатып ұшынан піше бастады.
Бұған
Матрена тіпті таңқалды, бірақ үндемеді. Ал, Михаил жалғастырып жатыр.
Семён орнынан тұрып қарап еді, байдың тауарынан Михаил етік емес,
қонышы жоқ, жалаң аяққа киетін аяқ киім тігіп қойыпты.
Семеннің
төбе шашы тік тұрды. «Бір жыл бойы жұмысынан жаңылмай келе жатқан
Михаил қалайша қателесті? Бай болса, ұзын етікке тапсырыс беріп еді, ал
бұл аяққа іле салатын, өкшесі жоқ аяқ киім тігіпті. Тауарды бүлдірген.
Енді әлгі байға не демек? Мұндай тауардың табылуы да қиын.
–
Айналайын-ау, саған не көрінді? Мені тірідей өлтірдің ғой! Бай етік тік
деп еді, ал сен не істегенсің? – деді Семен жыларман болып.
Осы
кезде есікті біреу қақты. Семен «бай қайта айналып келді екен» деп
зәре-құты қалмады. Жайлап терезеден сығалап еді, әлгі байдың шабарманы
екен. Матрена есікті ашты.
– Кешіріңіздер!
– Не болды?
– Байекенің әйелі етікке жіберді.
– Етікке дейсің бе, а, а…?
– Ой, етік дегенім не! Етік енді керек емес.
– Қалайша!
–
Сендердің үйлеріңнен шыққаны сол еді, жүрегі ұстады ма, әлде басқа
бірдеңе болды ма, ол жолда қайтыс болды. Үйге жеткенде арбаның есігін
ашып қарасақ, денесі мұздай болып өліп қалыпты. Әрең дегенде шығардық.
Сосын әйелі мені сіздерге қайта жіберді. «Енді бізге етік емес, өлікке
кигізетін жеңіл аяқ киім керек. Тігіп біткенше күтіп, алып кел» деді.
Сол үшін келдім.
Михаил
үстелдің үстінен тауардың қиындыларын орамға келтіріп жинады, сосын
дайын болған аяқ киімдерді бір-біріне қағып, алжапқышына сүртті де
жігіттің қолына ұстатты. Қызметші жігіт тез дайын болғанына қуанып,
алғысын айтып шығып кетті.
VIII
Михаилдың
Семеннің үйінде тұрып жатқанына алтыншы жылдың қысы өтті. Михаил сол
баяғыша ешқайда шықпайды. Келгелі екі-ақ рет езу тартып жымиғаны
болмаса, артық мінез танытқан жоқ. Алғаш Матрена тамақ бергенде, екінші
рет етік тіккізуге келген байға қарап жымиған еді. Семен оның еңбегіне
дән риза. Ісі тиянақты. Оны бұрынғыдай «қайдан келдің?» деп те
мазаламайды. Қайта Құдайдан «кетіп қалмаса екен» деп тілеп отыратын
болды.
Бір
күні Семен Михаилдың сыртқа тесіліп қарап тұрғанын көріп таң қалды.
«Неге сонша қарап қалды, бұрын мұндай әдеті жоқ еді ғой» деп ойлады да,
терезеден сыртқа қарап еді, далада мұның үйіне қарай бастарына түбіт
орамал таққан егіз қызды жетектеп бір әйел келе жатыр екен. Егіз қыздың
бірінің аяғы ақсақ секілді, сылтып басады.
Әлгі әйел табалдырықтан аттап үйге кіріп келді де:
– Отағасы, амансыздар ма? – деді.
– Кіріңіздер. Төрлетіңіздер.
Әйел орындыққа жайғасты. Екі қыз бөгде адамдарды жатырқап, әйелдің тізесіне жармасты.
– Қыздарыма көктемде киетін кебіс тіктірейін деп едім.
–
Біз бұрын-соңды кішкентай кебіс тікпеген едік, бірақ жасауға болады.
Кебістің үстіңгі жағын матамен айналдырып тіге аламыз. Міне, мынау –
Михаил, бұл істің хас шебері.
Семен Михаилға қарап еді, ол екі қыздан көзін алмай қарап отыр екен.
Семен таңқалды. Қыздардың сүйкімді екендері рас. Көздері қара, беттері
алқызыл, томпиған. Киімдері де өздеріне жарасып тұр, бірақ Михаилдың
ескі танысын көргендей қадалып отырғанына қайран қалдырды.
Семен әйелмен ары қарай сөйлесіп, қыздардың аяқтарын өлшеуге кірісті.
– Мына қыздың екі аяғын да өлше. Қисық біткен аяққа біреу, ал түзу аяққа үш кебіс тік. Екеуінің аяғы бірдей, бұлар егіз – деді.
Семен өлшеп біткен соң, ақсақ аяқты қызға қарап:
– Бұл қыздың аяғына не болған? Өзі сүйкімді екен. Туылғаннан солай ма? – деп сұрады
– Жоқ, шешесі басып кеткен.
– Сонда сен бұлардың шешесі емеспісің?
– Мен бұлардың шешесі де, жақыны да емеспін. Асырап алғанмын.
– Өгей болсаң да, туған шешесінен кем емес екенсің. Екеуіне ықыласың ауып тұрағын көрініп тұр, – деп Матрена сөзге араласты.
–
Қалай жақсы көрмейін. Екеуін де өзім емізгенмін. Өз баламнан кем
көрмедім. Менің де осылармен қатар балам болатын. Бірақ ол жастайынан
шетінеп кетті.
– Сонда бұлардың шешесі кім?..
ІХ
Әйел бар оқиғаны басынан бастап айтып берді.
–
Осыдан алты жыл бұрын бір аптаның ішінде, «бұл байғұстарды тас жетім
болады» деп кім ойлапты? Сейсенбі күні әкелерінен айрылса, үш күннен
соң шешелері көз жұмды. Мен бұлардың әке-шешесімен көрші едім. Тіпті,
есіктеріміз де қарама-қарсы орналасқан. Әкелері орманда ағаш кесуші
болып жұмыс істейтін. Бірде оған үлкен ағаш құлап, бүкіл денесін басып
қалып, дәрігер жете алмай көз жұмды. Көп ұзамай сол аптаның ішінде
шешелері де мына екі егізді босанып, жан тапсырды.
Ертесінде
көрші әйелдің хал-жағдайын білуге барсам, соңғы демін алып жатыр екен.
Өліп бара жатып бір қызының үстіне аунап түсті. Міне, қараңыз, содан
мына бейшараның аяғы қисық бітті. Содан ауыл адамдарын шақырып, өлікті
жуып-шайып, табытқа салдып, жерледік. Ол кезде менің екі айлық балам
болатын. Кішкентай қыздарды сүтпен тамақтандырмаса, өліп қалуы мүмкін
еді. Ауыл адамдары маған: «Мария, сен әзірге қыздарды баға тұр. Кейін
не істейтінімізді ойланып көре жатармыз» деді. Мен бірінші мына сау
аяқтыны еміздім, ал мынаны «адам болады» деп ойламадым. Кейін
нәрестенің қатты қиналғанына жаным ашыды. Аяп кеттім. Сосын оны да
емізе бастадым. Ол кезде күш-қуатым артық, жас едім. Жеп жүрген тамағым
да құнарлы еді ғой, шіркін. Құдай да шаршатпай, көкірегімді сүтке
толтырып қойды. Үшеуін алма-кезек емізіп жүргенімде өзімнің туған екі
жасар ұлымнан айрылдым. Бірақ жағдайымыз жақсы. Бір көпестің
диірменінде жұмыс істеймін. Айлығымыз жоғары, жағдайымыз жақсы. Тек осы
екі қыздан басқа бала сүймедік. Бірақ, кейін осы екі қозым болмаса мен
қалайша өмір сүрер едім деп ойладым. Өмірімнің шырағы да осылар.
Әйел бір қолымен ақсақ қызын құшақтап, көзінің жасын сүртті.
Матрена ауыр күрсініп:
– «Әке-шешесіз өмір сүресің, ал Құдайсыз бір күн де өмір сүре алмайсың» деген мақал бекер айтылмаған ғой, – деді.
Олар
өзара әңгімелесіп болған соң, үй иелері қонағын шығарып салды. Семен
Михаилға қарап еді, қолын тізесіне қойып, жоғары қарап, күлімсіреп отыр
екен.
Х
Семен оның қасына келіп, не болғанын сұрады.
Михаил орнынан тұрып, алжапқышын белінен шешті де, Семен мен Матренаға қарап:
– Кешіріңдер. Бүгін мені Құдай кешірді, сендер де кешіңдер, – деді.
Үй иелері аң-таң. Михаилдың жүзі нұрланып, керемет бір түрге енді. Семен оған басын иіп:
–
Михаил, байқауымша, сен жай адам емессің. Мен сені артық ұстай алмайтын
секілдімін. Бірақ сен маған бір нәрсені түсіндірші. Неге сен үнемі
мұңлы жүресің. Мен сені кездестіргеннен бері үш рет күлгеніңді ғана
көрдім. Бүгін міне нұрға бөленіп, жарқырап тұрсың – деді.
–
Мені Құдай жазалаған болатын. Бүгін кешірді. Сондықтан нұрға бөлендім.
Ал, келгелі бері үш рет жымиып, күлгенім, Құдайдың үш ауыз сөзін білуім
керек болатын. Мен Құдайдың сөзін түсіндім; бірінші сөзін; әйелің маған
тамақ бергенде түсіндім, сол үшін езу артып едім. Екінші сөзін шекпенді
бай етік тіктіруге келгенде ұқтым, міне, бүгін егіз қыздарды көргенде,
Құдайдың үшінші сөзінің де қандай екенін білдім, содан түйін шешіліп,
жарқырап кеттім.
– Михаил, мен сенің бірде-бір сөзіңе түсінбедім – деді Семен сөзді бөліп.
–
Бәрін басынан баяндайын. Мен періште едім. Бірде Жаратушы ием, мені бір
әйелдің жанын алу үшін жіберді. Тапсырманы алып, құрбандығыма келсем,
ол егіз босанып, жағдайы нашарлап жатыр екен. Тіпті сәбилерін бауырына
басуға шамасы жоқ. Жаңа туған шақалақтары тырбаңдап жатыр екен. Әйел
мені көріп, бәрін түсінді де, жылап: «Құдайдың періштесі! Күйеуімнің
үстіне ағаш құлап, жақында қайтыс болып еді, әлі топырағы қатқан жоқ.
Егер артынан мен кетсем, мына жетім балапандарымды кімге тастаймын.
Бұларды бағатын менің не бауырым, не туысым жоқ. Менің жанымды алмашы.
Болмай қалғанда балаларымды аяғынан тік тұрғызайын. Бұлар да менсіз
қайтіп өмір сүреді» – деп жалынды.
Менің
жаным ашып, бір қызды шешесінің бауырына салып, екіншісін қолына
әпердім де, қайтадан көкке ұшып кеттім. Құдайға келіп: «Әйелдің жанын
ала алмадым. Жаңа ғана екі шақалақты босаныпты. Күйеуінің қайтыс
болғанына үш күн болыпты. Шешесі маған жылап, жанын алмауды өтінді» –
дедім. Сонда Құдай маған: «Бар да әйелдің жанын ал, сонда үш сөзді
білесің: бірінші, адамның бойында не бар? Екінші, адамның маңдайына не
жазылмаған? Үшіншісі – адамдар несімен тірі? Осы сырды білген кезде
қайтадан аспанға ораласың» деді.
Мен
қайтадан жерге түсіп, жаңа босанған әйелдің жанын алдым. Нәрестелер тас
жетім қалды. Өлі дене төсектен домалап, бір қыздың аяғын басып қалды.
Мен көкке ұшып, әйелдің жанын Құдайға апарып бермек едім, жел соғып,
қанатым сынып кетті. Оның жаны Құдайға жалғыз ұшты да, мен жерге құлап
түстім.
ХІ
–
Осылайша мен бір күннің ішінде адамның кейпіне еніп шыға келдім. Құдай
адамды барлық жаралыстан артық етіп жаратты. Сол кезде біз мына
топырақтан жаралған құбыжықтың бізден қалайша артық екенін
түсінбейтінбіз. Адам кейпіне енген соң қарным ашып, тоңа бастадым.
Тіпті жанымды қоярға жер таппадым десем де болады. Айналама қарасам,
анадай жерден шіркеу көрінді. Жүгіріп соны паналамақшы болдым. Бірақ,
есігі жабық екен. Ішінде ешкім жоқ. Қатты тоңып бара жатқан соң, шіркеуді
ықтай тұрайын деп ойладым. Қарным шұрылдап барады. Бұл бірінші рет
қарнымның ашуы еді. Бір кезде қолында етігі бар, өзімен-өзі күбірлеп
келе жатқан адамды көрдім. Өзі ішіп алған. Көрден жаңа шыққан өлік
секілді. Тірі өлік. Мен «бұл адам маған көмектесе қоймайды» деп
ойладым. Өйткені оның ойында тек тон мен нан болған. Ол адам маған
үрейлі кейіппен бір қарады да, айналып кетті. Менің көңілім одан әрі
құлази түсті. Сәлден соң, әлгі адамның бері қарай келе жатқанын көрдім.
Түрі адам танығысыз. Алдында үстінен өлімнің иісі шығып тұрған еді,
енді Құдайдың сипатын көрдім. Қасыма келіп мені киіндіріп, үйіне
әкелді. Есіктен кіре бергенімде алдынан арпылдап әйелі шықты. Одан да
өлген адамның кейпін көрдім. Аузынан өлген рухтың сасық иісі шығып,
тұншығып кеттім. Ол мені далаға қуып жібермек болды. Кенет күйеуі оған
Құдай жайлы айтып еді, әйел дереу өзгеріп шыға келді. Ол бізге тамақ
беріп жатқанда, мен оның түрінен Құдайдың сипатын көрдім.
Ойыма
Жаратқанның «Адамдардың бойында не бар екенін көресің» деген сөзі есіме
түсті. Мен сендердің бойларыңнан махаббаттың ұшқынын байқадым.
Арада
бір жыл өткесін, үйге етік тіктіруге бір шонжар келді. «Майыспайтын,
тозбайтындай етіп, тік! Бір жылға шыдайтындай болсын» деп әмір ете
бастады. Ал мен бұл кезде оның артынан өзімнің досым, өлім періштесінің
тұрғанын көрдім. Содан байдың күн батпай өлетінін білдім. Сонда маған
мынадай ой келді: «Адам бір жылға қамданады, алайда кешке тағдырының
қалай болатынын білмейді». Осымен Құдайдың екінші жұмбағының сыры
ашылды.
Бүгін
мына екі қызды ертіп әйел келгенде, мен қыздарды бірден таныдым. Сонда
ойыма «шешелерінің қыздары үшін менен өмір тілегені» оралды.
Әке-шешесіз адам өмір сүре алады, ал Құдайсыз бір минутта өмір сүре
алмайды екен. Мен сол кезде өгей әйелдің бойынан Құдайдың сипатын
көрдім. Ол жетім қыздарға сондай зор махаббатпен қарап отыр екен.
Осымен Құдайдың жасырған жұмбақтарының түйіні шешіліп, мен періште
қалпыма келдім.
ХІІ
Бір
кезде періштенің денесі жалаңаштанып, толығымен жап-жарық болып, көзге
шағылысардай нұрға бөленді; даусы өзінен емес, аспаннан шығып тұрғандай
қатты естілді.
– Мен барша адамның өзінің ғана қамын ойлауымен емес, махаббатымен мәңгілік тірі екенін түсіндім.
Әлгі
өзім жанын алған шешенің балаларының өміріне не керек екенін білу
бұйырмаған. Байдың өзіне етік немесе өлгенде киетін кебіс керек екенін
білу бұйырмаған.
Адам
кейпінде болған кезімде мен өз еркіммен емес, өтіп бара жатқан адам мен
әйелінің бойындағы мейірім арқылы тірі қалдым. Жетімдер де өгей әйелдің
аяушылығы мен махаббатының арқасында тірі қалды. Барлық адамдар тек
бойларында махаббат болғаннан кейін ғана мәңгілік жасамақ, олар
сонысымен тірі.
Бұрын
мен Құдайдың адамдарға өмір беріп, олардың тіршілік етуін қалайтынын
білетінмін. Енді менің көзім басқа да нәрселерге жетті.
Мен
Құдайдың адамдармен бірлесіп өмір сүргенін қалайтынын білетін едім.
Бірақ неге екенін түсінбейтінмін. Олардың араларын жақындатып тұратын
махаббат бар екенін қазір ғана ұқтым.
Енді
мен адамзаттың өз қамын ойлаумен емес, бір ғана махаббатпен тірі
екендігін түсіндім. Кімнің жүрегі мейірім мен махаббатқа толы болса,
оның бойында Құдай бар, Құдай сонымен бірге, өйткені Құдайдың өзі –Ұлы
махаббат.
Періште
Құдайға мадақ айтқанда үйдің іші сілкініп кеткендей болды. Төбе де
орнынан қозғалып кетіп, жерден аспанға дейін отты бағана көтерілді.
Семен әйелі, балаларымен бірге көздерін жұмып, жерге жата қалды.
Періштенің арқасына қанат бітіп, аспанға ұшып кетті.
Ал, Семен есін жиған кезде, үйде отбасынан басқа ешкім де болмады.
Аударған: Айбек НӘБИ,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті,
Филология факультеті
«Қаламгер» жас әдебиетшілер клубының мүшесі
«Үш Қиян» газеті, №13 (373) 27 наурыз, 2008 жыл, 6-7 беттер.
«Үш Қиян» газеті, №14 (374) 03 сәуір, 2008 жыл, 6-7 беттер.
Әңгіме өте қызық та ғибратлы екен . Аударушы талғамды жан деп әбден болады . Лев Толстой мұсылман еді деген хабарға осындай еңбектеріне көре сенсе болардай .Демек , бұл хикаяда адамбаласы неге жаралғаны өзек болып тұр . Құрандағы қиссамен салыстырғанда мынаны аңғару мүмкін : Періштелер Құдайға бұл қаныпезер залымды біздей берілген құлдарың бола тұра жаратқаның не деп дау-дамай шығарғанда , сіздердің білмейтініңізді мен білемдеп оның білімге қабілеттілігін көрсетеді . Сонымен періштелер оған бас июге тура келеді . Бірақ ібіліс текапарлығы ұстап Алланың бұйрығын орындамай ұшпақтан ұшып түседі де адамзаттың бітпес қасы болып қала бергені баршаға аян . Сонда адам әулеті шын есін тани соған бет алып есіл дерті барлық табыстарын оның қалауына сәйкес жұмсауы керек . Ал осы талапқа қарсы болған жаралыстар , адам , жын мен пері , тіпті періште де оңбаса керек . Алланы сүйген пенде онының жолында еш заттан аянбауы парыз ; мейлі бай болсын патша не оқымысты ғалым болсын бәрі бір . Бұл әңгімеде осы мәселе жақсылап қозғалады , жөне бір қайнауы ішінде қалады ау . Неде болса Лев Толстой мен аударушыға көп рахмет !