
Жандос МАҒАЗБЕКҰЛЫ, Абайдың мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының
директоры, филология ғылымының кандидаты:
– Сіз Көкбай ақын мұрасын зерттеп келдіңіз. Қазір,
байқауымызша, Көкбайдан Абайға келіп отырсыз. Абай атамыздың өзі де бір
кезде өзінің өлеңдерін Көкбай атынан жариялаған жоқ па? Сондықтан Абайды
танимын деген жан оның үздік шәкірті Көкбай Жанатайұлының мұраларына да
терең үңілуі қажет секілді. Осы бағытта не жетпей жатыр деп ойлайсыз?
– Көкбай ақын мұрасы әлі де жан-жақты зерттелуі қажет. Абайдың
қасында 25 жыл жолдас болып, ұстазы туралы мол дерек көздерін қалдырған,
ұлы ақын мұрасының бізге толық жетуіне орасан зор еңбек еткен Көкбай
туралы, ұстаз бен шәкірт, іні, дос жөнінде айтар дүние жетерлік. Қазіргі
таңда Мұхтар Әуезовтің Көкбай туралы айтқандарын мүлдем теріске шығара
отырып, оның абайтануға қосқан үлестерін басқа шәкірттерге телу басым
болып бара жатыр. Көкбай шығармалары ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдағы
ақындар мұрасына қатысты көптеген жинақтарға да енбей, шет қалып жатады.
Көкбай және Алашорда тақырыбы да жеке қарастыруды қажет етеді. Ендеше,
Көкбай ақын мұрасына жаңаша баға беріп, оның абайтанудағы орасан зор
еңбектерін жан-жақты насихаттауымыз қажет. 2001 жылы ақынның туғанына
140 жыл толуына орай тұңғыш шығармалар жинағын шығарған болатынбыз.
Қазір болса, сонда өзіміздің кемшін кеткен, назарға алмай қалған
дүниелерді аңғарғандаймыз. Болашақта ақынның екі томдық шығармалар
жинағын шығаруды көздеп отырмыз.
– 1940 жылы сәуірде Семейде Абайдың мұражай-үйін ашу
жөнінде шешім қабылданды. Бүгін, міне, осынау жәдігер ордасының шаңырақ
көтергеніне 70 жыл толып отыр. Сіз өзіңіз осы мұражай басшылығына таяуда
ғана тағайындалдыңыз. Не тұшынып отырсыз?
– Мұражай тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер
туындыларын, мәдени құндылықтарды, халқымыздың асыл мұраларын жинақтап,
ғылыми-танымдық қызмет атқаратын, заттық және рухани құндылықтарды
зерттеп, насихаттайтын мекеме болатын болса, оның ішінде 70 жылдық бай
тарихы бар Абай қара шаңырағының, қорық-мұражайының ұстаным деңгейінің
аса жоғары салмағы бары айдан анық. Мұражайда жұмыс істеп жатқан әрбір
қызметкердің атқарар жүгі аса жауапкершілікке толы болмақ. Осыны
сезінген адам ғана өз ісінен бір нәтиже шығара алады.
Мен бұрын да Абай мұражайының өмірінен, тыныс-тіршілігінен алыс
болдым деп айта алмаймын. Әдебиетші ретінде ғылым жолындағы ізденістер
барысында мұражай қорындағы құнды құжаттарды іздестіріп, зерттеген
керемет кездер болған. Тоқ етерін айтқанда, Көкбай Жанатайұлы, Шәкәрім
Құдайбердіұлы сынды Абай төңірегіндегі ақындар мұрасын зерттеп жүрген
мен үшін мұражай басшылығына келу таңсық болған жоқ. Әрине, оның ішкі
шаруашылық жұмыстарын жүйелеп отыру бір басқа да, ал мұражайдың тарихи
маңызын арттыру бағытындағы жауапкершілікті сезіну – бір басқа дүние.
– Ұлы Абайдың аяғы тиген осынау аяулы мекеннің өзге
мұражайлардан айырмашылығы неде болуы мүмкін?
– Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы 1940 жылы Қазақ ССР-інiң
Халық комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі №347-қаулысы негізінде құрылып,
сол жылы қазан айының 16-сы күні мереке үстінде ашылған. Мұражай
ашылғаннан 1944 жылға дейін Бекбай Байысовтың үйінде жұмыс істесе,
1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударады. Бұл екі үйдің
де Абайға тікелей қатысы бар екендігін көзі қарақты оқырман жақсы
біледі деп есептеймін. Ал 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы
қарсаңында мұражай ұлы ақын өмір сүрген дәуірдің үлгісімен салынған
көпес Роман Ершовтың үйіне көшіріледі. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық
мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша ақын
мұражайы «Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
«Жидебай-Бөрiлi» қорық-мұражайы» болып қайта құрылды.
Қорық-мұражай құрамына Семейде: бас мұражай, «Алаш арыстары –
М.Әуезов» мұражайы; Абай ауданында: М.Әуезовтің мұражай-үйі (Бөрілі),
Көкбай Жанатайұлының мешіт-медресесі (Тақыр), Шәкір Әбенұлының
мұражай-үйі (Құндызды); Үржар ауданында: Әсет Найманбайұлының
әдеби-мемориалдық мұражайы (Мақаншы), сонымен қатар Жидебайдағы Абайдың
мұражай-үйі, Шәкәрімге арналған «Саят қора» экспозициясы және
«Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені және 16 мемориалдық ескерткіш кіретін
6400 гектарлық қорық алқабы кіреді.
Қалалық бас мұражайдың өзі Р.Ершовтың үйi, жаңа қосымша ғимарат,
мұражай ауласына көшiрiлген Ахмет-Риза мешіт-медресесі, әкiмшiлiк
кеңсесі, сондай-ақ 1997 жылы құрылған «Алаш арыстары – М.Әуезов»
мұражайынан тұрады.
Міне, бұлардың әрқайсысының өзіндік жеке-дара ерекшеліктері бар. Қазақ
сахарасында осындай үлкен тарихи орындарды бір ортаға шоғырландырып
отырған қорық-мұражайдың руханият әлеміндегі маңызы салмақтауға әбден
тұрарлық екендігі айдан анық.
– Қорық-мұражай болған соң, соған лайықты нысандар мен
қызмет түрлері де жұмыс істеуі керек. Шынымен, қорық атану үшін не істеу
керек деп ойлайсыз? Мәселен, Жидебайдағы мұражай тұрған аумақты
көгалдандыру неге қолға алынбаған? Абай-Шәкәрім кесенесі аумағына бір
кездегідей мәуелі бақ егуге болмас па еді, сонда ақындар Меккесі ретінде
дәріптелетін Жидебайдың зиярат орны ретіндегі мән-маңызы да арта түскен
болар ма еді…
– Республикалық дәрежеде арнайы қорғалатын 16 тарихи орын кіретін
6400 гектарлық қорық алқабы осы киелі Жидебай жерінде орналасқан. Әрине,
Абай-Шәкәрім кесенесі төңірегін әсем баққа айналдырып қоюға болады.
«Табиғи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды
реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын айқындаудың
ережелері мен пайдалану режиміне» сай шеңберде жұмыс жасаймыз. Осында
көрсетілгендей, қорықтардың қорғау аймағы жыртылған жермен немесе
қоршаулармен яки болмаса бұталар отырғызу арқылы айқындалуға тиіс.
Қазіргі таңда Жидебайдағы қорық территориясы жырту арқылы ғана
белгіленген. Бұл күндері көп дүниенің күрмеуі қаражатқа келіп тіреледі
ғой. Егер қаржы көзі табылса, неге қорық аймағын қоршауға алмасқа?
Қоршалған жерде жергілікті табиғат ерекшеліктеріне сәйкес жан-жануарлар,
құстар мекендеуіне жағдай жасалса, тіпті құба-құп болар еді. Абай мен
Шәкәрім, дана Мұхтар рухына тағзым етіп, Жидебайға рухани азық іздеп
келген адамға арнайы қорғау аймағы бойындағы табиғи тіршілікті көрсете
алсақ, қорық-мұражай ісінің жанданғаны ғой. Егеменді еліміздің жағдайы
қазіргі таңда жанданып келе жатқанда, бұл күнге де жету алыс болмаса
керек. Болашақтағы біз атқарар жұмыстың бір бағыты да осы болмақ. Тек
соның бәрі «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс
салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын
айқындаудың ережелері және пайдалану режиміне» сәйкес келуі керек. Және
де Абай-Шәкәрім кесенесінің арнайы бекіген жобасынан алшақ кетуге де
болмас. Сондықтан да бірінші кезекте мұражай төңірегіне табиғи
ерекшелікті танытатын Шыңғыстау жерінде өсетін ағаштар мен өсімдіктерді
егу жұмыстары назарға алынбақ.
– Семейдегі Абай мұражайы ғылыми орталық болып табылады ғой.
Ендеше, мұражайдың ғылыми орталық ретіндегі жұмысы қалай өрбіп келеді,
жалпы, болашақтағы жоспарларыңыз қалай?
– Ұлы Абай, дана Шәкәрім, ғұлама Мұхтар мұралары мәңгілік екендігі
ақиқат. Алаш арыстарының да асыл армандары ұрпақ жадынан еш шықпақ
емес. Ендеше, осы ұлылардың адам баласына қалдырған қазына кенішін
жинақтап отырған қара шаңырақ жұмысының арасалмағының ұлт руханиятындағы
орны ерекше болмақ. Ендеше, мұражай Семей сынды рухани-мәдени
орталықтың жүрек соғысының күретамыры болмаққа керек…
Жалпы, мұражайлардың басты қызметінің түрлеріне мұражайлық
мұраларды жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына
келтіру жұмыстары, көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, тақырыптық
дәрістер өткізу жатады ғой. Ал Абай мұражайы – тарихи-мәдени,
әдеби-мемориалдық мұражай әрі Абай, Шәкәрім, Мұхтар бастаған дала
данышпандарының қара шаңырағы болғандықтан, атқарылар жұмыстардың
салмағы да, жауапкершілігі де орасан зор.
Биыл ұлы Абайдың туғанына – 165 жыл, ал мұражайдың құрылғанына 70
жыл толып отыр. Сол себептен де біздің өзге де жұмыстармен қатар, басты
бағытымыз ғылыми-зерттеу жұмыстары болмақ. Осы орайда ұлы ақынға қатысты
ғылыми сериялы басылымдарды, әсіресе, мұражай қорында сақталған
мұралар, естеліктер мен құнды деректерді арнайы шығарудың уақыты келді
деп есептейміз. Сонда ғана жоспарымыздағы «Абай мұражайының кітапханасы»
сериясымен зерттеу еңбектерін жарияласақ па деп отырмыз. Тиісінше, осы
еңбектердің әдеби-ғылыми маңызы зор болмақ. «Абай мұражайының
кітапханасы» сериясы бойынша биылғы жылдан бастап кітаптар жарыққа шыға
бастамақ. «Абай мұражайының хабаршысы» атты мұражай тыныс-тіршілігін
көрсететін журнал шығарсақ деген де ой бар. Бұл журналда абайтануға,
шәкәрімтануға, мұхтартануға, алаштануға қатысты өзіміздің қордағы құнды
дүниелерден бастап, елімізге танымал ғалымдардың еңбектерін жариялап
отырмақпыз.
Түрлі деңгейдегі ғылыми конференцияларды осы шаңырақта неге
өткізбеске?! Ұлылар мекенінің әр жері – тұнып тұрған тарих. «Жер
әңгімеші болған соң, ел әңгімеші». Ендеше, тарихи мекендерге қатысты сан
қырлы буклеттер, жолтанытқыштар жарық көруі тиіс. Абай тапсырған
мұралар яки болмаса мұражайдағы құнды жәдігерлер туралы топтамалы
кітапшалар шығару, Абай және оның ақындық айналасына қатысты жарық көріп
жатқан еңбектерді назардан тыс қалдырмай, тұсаукесерлер, оқырмандар
конференциясын, кездесулерді өткізу, қор материалдарынан көрмелер
ұйымдастыру және қорда бар естеліктер мен құнды жазбалардың көрсеткішін
кітап етіп шығару сынды ойларымыз бар.
Қазіргі таңда қасиетті Шыңғыстау жеріне, Жидебайға, ұлылар
мекеніне зиярат етіп келушілер жетерлік. Бұл ретте арнайы жүйелі жолға
қойылған туризм кластерін қолға алуымыз қажет.
Абайдың 150 жылдық мерейтойынан кейін мұражайда реэкспозициялық
жұмыстар жасалынбаған, күрделі жөндеу жұмыстары аса қажет. Бас мұражай
және Абай, Үржар аудандарындағы бөлім экспозицияларын жаңартуды қолға
алу басты міндеттеріміздің бірі болмақ. Қазір альтернативтік сметалары
жасалынған, экспозицияны жабдықтау жұмыстарын жүргізетін арнайы
мекемелермен жұмыстар атқарылуда. Әрине, бұл жұмыстар орасан зор қаржыны
талап етеді. Бірақ дағдарыстан дамуға бет алған еліміз Мәдениет
министрлігі қаржы жағынан толығымен қолдайды деп ойлаймыз.
Әрине, алда атқарылар жұмыстар сан алуан. Артылар жүк ауыр. Бірақ
әр ісімізден бір нәтиже шығарамыз деген сеніміміз жоғары.
– Сіз ғалым ретінде қазіргі таңдағы абайтану ғылымының
өзекті мәселелері не деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, данышпан Абайдың рухани мұрасын насихаттау жолдарын
жақсарту қажет. Жаңа өсіп келе жатқан жас буынға қазақтың ұлы ақыны
туралы, рухани құндылықтары жөнінде мағлұматтар мол жеткізілсе. Олар да
Абай шығармаларын жастайынан жаттап өссе, оны саналы ой көздерімен
көкірек өзегіне, таным-түйсігіне енгізе алса, біздің басты мақсатымыз
орындалды деп ойлаймын. Ал абайтанудың өзекті мәселелеріне келсек,
бүгінгі таңға дейін Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтардан бастау
алған ғылым саласы мол жетістіктерге қол жеткізді. Аса құнды зерттеулер
жарық көрді. Олардың әрқайсысы туралы ұзақ айтуға болады. Менің ойымша,
алдағы таңда кеңестік идеология кезінде кеңінен айтылмай қалған жайларға
енді тереңірек қалам тербеліп, назар аударылса. Абайдың өлеңдері мен
қара сөздері, руханият әлеміндегі асқар шыңы әлі де кең зерттеуді қажет
етеді. Ақын мұрасының өзге тілдерге аударылуы да бүгінгі талапқа сай
қайта жандануы керек. Жалпы, біз Абай мұраларының бәлен шет тіліне
аударылғанын дәріптегеніміз болмаса, соның қандайлық көркемдікпен,
қандай сапамен аударылғанына мән бермей жатамыз. Абайдың, жалпы, Алаштың
дүниетанымын түсінбейтін қаншама аудармашының «жібекті түте алмай жүн
қылғанын» көбіміз біле бермейміз. Айталық, мамандардың пайымдауынша,
Абай шығармаларының парсы тіліндегі аудармасы мүлде сын көтермейді. Абай
туындыларын парсыша аударғандар ақынды ойшыл, дана емес, әншейін
айқайшы біреу қылып шығарған. Болашақта Абай шығармаларын қай тілге
аударсақ та, бұл мәселе қатты ескерілуі керек. Сондықтан ендігіде
өзгенің аудармашысына телміріп отыра бермей, өз мамандарымыз бен
аудармашыларымыздың әлеуетін іске жарататын кез жеткен тәрізді.
Сондай-ақ Абайдың ақындық мектебі өкілдерінің, шәкірт ақындардың
кей шығармаларының да зерттеушілер назарынан тыс қалып жатқан жайы бар.
Бір ғана мысал, Көкбай ақынның «Жүз ғамал» атты, яғни араб тілінің
қағидалары жөніндегі шығармасы әлі күнге дейін қазіргі қаріпке түсіп,
мазмұны толық ашылған емес. Бұл – аса құнды шығарма. Көкбай Жанатайұлы
Тақырдағы медресесіндегі өз шәкірттері үшін араб тілінің қағидаларын
өлеңмен жазып шыққан. Сонымен қатар Көкбай ақынның «Құлынды даласы» атты
поэмасы жекелеген адамдардың қолында сақталды дегенмен де, зерттеушілер
қолына түсе қойған жоқ. Шәкәрімнің шығармашылық өмірбаяны мен мұралары
да кең зерттеуді қажет етеді.
– Мұражайдағы мұрағат қорларының жағдайы қалай? Күні
бүгінге дейін зерттелмеген қолжазбалар бар ма?
– Қорық-мұражайдың қазіргі таңда қорында 19 459 жәдігер болса,
оның негізгі қоры – 10 998. Сонымен қатар 12 608 кітабы бар кітапхана
жұмыс істейді. Жаңа басшы ретіндегі менің негізгі міндетім – осы қорда
сақталған қолжазбалар мен естеліктерді арнайы зерттеушілерге жақындату.
Ең алдымен, қорда сақталған деректердің көрсеткішін жариялауды жоспарлап
отырмыз.
– Бір кезде Алаш қаласы аталған Семей шаһарындағы осынау
мұражай кейде Абайды ғана емес, сонымен бірге бертіндегі Алаш
қайраткерлерін де еске салып тұрғандай көрінеді…
– Семей қаласы – еліміздің рухани-мәдени орталығы әрі тарихи,
шежірелі қала, қадірлі де қасиетті мекен. Семейде ХХ ғасыр басында
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев,
Ә.Ермеков, Е.Омаров, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытов, Т.Ибрагимов,
А.Қозыбағаров, М.Тұрғанбаев, Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, М.Әуезов,
Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков, К.Жанатайұлы бастаған Алаш қозғалысының
қайраткерлері елдік туын көтеріп, іргелі мемлекет болуды аңсады. Сол
кезеңнің куәгері – Семей қаласындағы Бөгенбай батыр көшесіндегі екі
қабатты ғимарат. Бұл үйдің иесі – Әнияр Молдабаев, Абайдың замандасы,
жерлесі, шәкірті. Бұл үй – М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтың Семейде
қызмет еткен жылдарына да қатысы бар мекенжай. Абай, М.Әуезов өмірлеріне
тікелей қатысы бар болғандықтан, осы Ә.Молдабаевтың үйінде 1944-67
жылдары Абай мұражайы орналасқан еді. Міне, осы тарихи ғимарат үйі 1997
жылдан бастап «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» атты жаңа мұражай
экспозициясы болып қызмет атқарып келеді.
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің Алашты,
Қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды Алаш, өлмейміз!
Жасасын Алаш, жасасын! –
деп ХХ ғасыр басында, қазақ халқының тағдыры сынға түскен заманда ұлт
болашағы үшін жанын шүберекке түйген Сұлтанмахмұт Торайғыров
жырлағандай, Алаш ұраны, Алаш идеясы – мәңгілік. Туған халқының жарқын
өмірі үшін шыбын жандарын құрбандыққа шалған Алаш азаматтары туралы айту
тек еліміздің егемендік алуымен, ой-пікірімізді тұмшалап тұқыртатын
кеңестік саяси ықпалдың құруымен тікелей байланысты. Ұлттық дүниелерді
айтуға Тәуелсіздік таңы арқасында жеттік. Ұлт Тәуелсіздігі үшін от пен
жалыннан қаймықпай, бастарын бәйгеге тігіп, жандарын да қиған Алаш
қайраткерлері қай заманда болсын тек қадірлеуге, құрметпен еске алуға
лайық. Бүгінгі Алаш ұрпағы ұлт зиялыларының жанқиярлық еңбегін, ел
санасын оятудағы сан қырлы істерін жоғары бағалап, оларға қатысты тарихи
деректерді ғылыми тұрғыда оқырмандарға жеткізіп жатса, Алаш
қайраткерлері бастаған іс жалғасын тауып, асыл армандары орындалып жатыр
деуге анық болар.
Ал Абай – тұтас Алаштың ұлттық мақтанышы. Абай мұрасы –
халқымыздың рухани азығы, баға жетпес асылы. Бұл ретте М.Дулатовтың
«Қазақ» газетінің бас мақаласы ретінде басылған «Абай» атты
мақаласындағы: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша
жақындармыз», – деген аталы сөзі ойға оралады. Шындығында, уақыт көші
қанша алыстағанымен де, ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындай
береріміз анық. Ендеше, туғанына биылғы жылы 165 жыл толып отырған Абай
Құнанбайұлының біздер үшін қалдырған даналық ойлары мен гауһар жырларын
«сезімді көкірегімізге» қондырып, ғибратты істерімізбен жастарға үлгі
бола білейік…
Алашқа айтар датым…
– …Абай шығармаларының парсы тіліндегі аудармасы мүлде сын көтермейді.
Абай туындыларын парсыша аударғандар ақынды ойшыл, дана емес, әншейін
айқайшы біреу қылып шығарған. Болашақта Абай шығармаларын қай тілге
аударсақ та, бұл мәселе қатты ескерілуі керек. Сондықтан ендігіде
өзгенің аудармашысына телміріп отыра бермей, өз мамандарымыз бен
аудармашыларымыздың әлеуетін іске жарататын кез жеткен тәрізді.
Әңгімелескен Әлем МӘДИ, Семей
2 Сәуір 2010
Бұл мақала 74 рет оқылды, ал бүгін, 13 рет
اصالت قزاقی چنان از خاطر ها رفته كه ميدان برای القاء هر گونه هويت فرهنگی و دينی توسط مسيونر های دينی و ايادی فرقه های انحرافی باز است .
وجوه مشترك فرهنگ ايرانی ايجاب می كند كه ديپلماسی جمهوری اسلامی با تأكيد بر اين مؤلفه ها گوی سبقت را از ساير رقبا بربايد ؛ نه اينكه با مذاهب سنّتي محل از طريق تبليغ تشيع باعث گريز عوام النّاس به سوی وهابيون افراطی شوند .