29 қазан 2015
Терiс ағымдардың арбауы. Неге оның жетегiнде кетемiз
ОСЫ “НЕГЕ?” ТӨҢIРЕГIНДЕ ПIКIР АЛЫСУҒА ШАҚЫРАМЫН. ӨЙТКЕНI МӘСЕЛЕ ДIНИ САУАТСЫЗДЫҚТА ҒАНА ЕМЕС...
Қазiр дiндегi ағымдар, дiн атын жамылғандар мәселесiне бүкiл әлем назар аударуда. Терiс пиғылды дiни ағымдар бүлiншiлiк әкелетiн күшке айналды. Бұл күш мемлекеттердi соғысқа килiктiрiп, халықтың қаны төгiлуде. Кеше ғана байлықтан басы айналып жүрген арабтар өзара қырқысып, тоз-тоз болуда. Жат ағымдардың Қазақстанда әрекет ете бастағаны да шындық. Соңғы кезде елiмiзде терiс пиғылды дiни ағымдарға қарсы күрес күшейдi, оның зияны туралы үгiт-насихат жүргiзiле бастады. Осындай үгiт-насихат Жезқазған қаласын да қамтыды. Өйткенi Жезқазған дiни ахуалы қолайсыз қалалардың қатарында аталып жүр.
Жұртқа терiс пиғылды дiни ағымдар туралы айтқанда көбiне оның зияны, зардабы айтылады да, адамдардың, әсiресе, жастардың осы ағымдардың жетегiнде кету себептерi көмескi қалады. Тiптi, кейде насихат топтарының әңгiмелерiн тыңдағанда үлкендердiң балаларды “Бөжей келе жатыр!” деп қорқытатыны сияқты әсер аласың. Ал саясаттанушылардың, теологтардың, сарапшылардың осы мәселеге қатысты пайымдауларына қарағанда, жат ағымдардың қанжығасында кетудiң себептерi аз емес. Мен осындай екi-үш себептi ортаға ұсынып, ой бөлiскендi жөн көрдiм. Қате кеткен жерiм де болуы мүмкiн.
Дегенмен, “Ақиқат айтыста, пiкiрталаста айқындалады” дегендi ескерiп, қараорман көпшiлiктi ой бөлiсуге, пiкiрлесуге шақырамын. Басқа ой жоқ. Өйткенi қоғамда қалыптасқан жағдай қазақтың басқа дiндерге, оның iшiнде жат ағымдарға өтуiне себепшi бола бермек. Егер: “Мынау менiң намысыма тидi”, немесе “Қасиетiмiзге тiл тигiздi?”, “Қоғамға жала жауып отыр” деп айыптайтындар табыла қалса, оларға түсiнiстiкпен қараймын және кешiрiм сұраймын.
Ақша құдай емес, бiрақ...
Осы сұрақты өзiңiзге, кез келген адамға қойып көрiңiзшi, оған жауап дайын. “Әрине, Алла күштi” деген жауап аласыз. Бiреулер жүректе жатқанды айтады, бiреулер “Мынау Аллаға сенбейтiн жексұрын екен” деген айыптаудан қашып айтады, ендi бiреулер, негiзiнен мүнәфықтар “Астапыралла, не оттап тұрсың?” деп өзiңе дүрсе қоя бередi. Олардың жауабына сенсеңiз де, сенбесеңiз де өзiңiз бiлесiз, бiрақ бiздiң қоғамда қалыптасқан бiр шындық бар. Ол – барлық мәселенi ақша шешетiнi. Бiзде “Ақша Құдай емес, бiрақ Құдайдан былай емес!”. Яғни, ақша үстемдiк алып, шыбыртқысын үйiрiп, қара бұлттай түйiлiп, халықтың жiгерiн құм етiп, санасын қансыратып тұр. Ақпарат құралдарында жарияланған көптеген мысалдардың iшiнен бiр-екеуiн айтайын.
Көкшетаулық кәсiпкер Қ.Даирбеков пара беруден, мәселенi тамыр-таныс арқылы шешуден шаршап Литваға өтiп кетiптi. Вильнюстiң қақ ортасынан небәрi 70 мың долларға үш бөлмелi пәтер сатып алыпты. Қазiр кәсiпкерлiгiн дөңгелетiп жүр екен. Онда шағын және орта бизнес жақсы дамыған, жемқорлық тiптi аз, салық төмен. Оның дәрiгер досына да Көкшетауда жағдай жасалмапты. Ол Швецияға кетiптi, хирургты онда құшақ жая қарсы алып бiрден жұмысқа орналастырған, 6 мың еуро айлық тағайындап, тегiн пәтер берiптi. Швецияда бiлiктi мамандарды жоғары бағалайды, оларды орнықтыру үшiн барлық жағдайды жасайды екен.
Зерттеу ұйымдарының деректерiне қарағанда, қазақстандық менеджерлердiң 65 пайызы шетелдерге кеткiсi келедi, Қазақстан бiлiктi кадрлардың тұрақтамауы бойынша әлемдiк индексте 138-орында тұр. Бұрынғы Бiлiм және ғылым министрi Б.Жұмағұлов өзiмiзде жағдай жасалмағандықтан шетелге кетiп қалған 125 талантты ғалымды елге қайтаратындығын мәлiмдегенi есiмiзде. Онысынан ештеңе шықпады. Соңғы кезде шетелге кетiп қалған аса талантты жас ғалымдардың қатары 250-ге жеттi деген дерек айтылып жүр. Шетелде талантты ғалымдарды алақанға салып, аялап, ғылыммен айналысуға жағдай жасалатынын ескерсек, олардың жемқорлық, тамыр-таныстық жайлаған жерге қайтып оралмайтыны түсiнiктi. Мамандығыңа қарай жұмысқа орналасу үшiн пара беруiң, тамыр-таныс iздеуiң керек.
Ауылдағы жастарға қиын-ақ. Олар күн көру үшiн қалаға ағылуда. “Есектiң артын жусаң да мал тап” деген Абай атамыздың ақылымен олар кез келген жұмысқа жегiледi. Баспанасы тағы жоқ. Базарда жүкшi болып, қоларба сүйретiп жүргендерге: “Мына ит тiрлiгiңдi таста, бiзге кел” деп жылы-жылы сөйлегендердiң соңына ерiп кетерi, олар ұсынған ақша мен жұмаққа сенерi сөзсiз. Осыдан 4-5 жыл бұрын газеттен Сауд Арабиясы ваххабизм ағымын насихаттау үшiн Қазақстанға жылына 14 миллиард теңге қаржы бөледi дегендi оқығаным бар. “Жаңа дiни ағымдар” сырттан қаржылық қолдау алатынына аса назар аударған жөн. Жылына 20 млрд. долларға дейiн қаржылық қолдау алады” (“Ана тiлi”, 18 мамыр, 2011 жыл).
Айтпақшы, тұрғындары жат ағымдардың жетегiнде кететiндердiң қатарында Жезқазған мен Екiбастұз жиi айтылады. Белгiлi саясаттанушы Ерлан Қарин “Азаттық” радиосына берген (газетте де жарияланған) сұхбатында былай дейдi: “Сiз айтып отырған елдiмекендерден азаматтардың Ирак пен Сирияға аттануының негiзгi екi себебiн айтуға болады. Сарапшылардың жиi келтiретiн себептерiнiң бiрi – осы елдiмекендердiң әлеуметтiк-экономикалық даму ерекшелiктерi. ...Жұмыссыздықтың, не тағы да басқа әлеуметтiк проблемалардың тууына байланысты сол қалалардағы жастар қылмысқа және радикалдық топтарға тартыла бастады”. Саясаттанушы терiс пиғылды ағымдардың жетегiнде кетудiң негiзгi себебi сол азаматтың күнделiктi өмiрiнде болып жатқан нақты объективтi оқиғалар екенiн айтыпты. Ал, мұндай оқиғалардың әлеуметтiк мәселелердiң қордалануынан, сананың төмендiгiнен, қандай жолмен болса да ақша табу қажеттiлiгi туғандықтан, дiни ағымдардың үгiт-насихатының күштiлiгiнен және басқа себептерден туатыны түсiнiктi. Тұрмыстағы теңсiздiктiң қамытын киiп, күйзелiп жүрген адамға: “Бiздiң қатарымызға қосылсаң, аузыңнан ақ май ағатын күнге жетесiң” десе, ойланып қалары анық. “Сананы тұрмыс билейдi” деген қағиданың шындығына көз жетiп отыр.
АҚШ-та айлығың 1200 доллардан аспаса үкiмет пәтерақыңды төлеуге, емделуiңе, балаларыңды оқытуға жәрдемақы бередi. Ал бiзде ақша адам өмiрiнен де қымбат деңгейге көтерiлдi, бай мен кедейдiң арасы алшақтады. Қазақта ақшамен өлшеуге болмайтын қасиет қалды ма, ағайын! Осындай жағдайда, яғни Алладан гөрi ақша күш алып, әлеуметтiк әдiлетсiздiк дәуiрлеген елде дiни ағымдардың ғана емес, басқа да жексұрын салт-дәстүрлердiң, қылмыстың неше қилы түрлерi мен әдiстерiнiң қоғамның тамырына енiп, қанына араласа бастайтынын анық көремiз.
ТОБЫРЛЫҚ САНАНЫҢ САЛДАРЫ
Бiзде сана саяздығы, рухани дағдарысқа түскенiмiз, ар-намысқа, адалдыққа негiзделген ұлттық құндылықтардың жойылып бара жатқаны айтылып жүр. Айналадағы оқиғаларға селқостық, жағымпаздық, популизмге, өтiрiкке, көзбояуға сенушiлiк, жақсы мен жаманды айыра алмаушылық, “бiзге бәрiбiр” деген сияқты тобырлық сананың қалыптаса бастағаны туралы дабылдар қағылуда. Әбу Ханифа мәзхабынан басқа ағымдарға оп-оңай берiлiп кетуiмiздiң бiр себебi ұлттық сананың саяздығынан деген пiкiрлердiң жаны бар. Санамыздың және талғамымыздың тiптi төмендеп бара жатқанын күнделiктi өмiрдiң қарапайым мысалдарынан-ақ байқай аламыз.
Адамды тәрбиелейтiн құралдың бiрi – ән-күй өнерi. Бiрақ осы қасиеттi өнердi сананы тұмшалауға бағытталған әулекi шоулар (әсiресе, телеарналарда) басып алды. Осының әсерi болар, бiз қазiргi қазақ эстрадасындағы “жұлдыздардың” алдап жүргенiн, бiздi ақымақ санайтынын бiлгiмiз келмейтiн жағдайға жеттiк. Бұл туралы өнертанушы Ерлан Төлеутай “Фонограмма – харам жолмен мал табу” деген мақаласында (“Жас Алаш”, 16 сәуiр, 2013 ж.) былай дейдi: “Байқағаным, елiмiздегi эстрада әншiлерi, әсiресе, жастар жағы намаз оқитындарын, өздерiнiң халал жолмен жүретiнiн жария етiп, мақтаныш қылады. Сөйте тұра, фонограммамен ән айту харам жолмен мал табумен бiрдей екенiн жорта түсiнбегенсидi. Сондықтан, бұл әншiлердi (егер әншi болса) “халал стандартына” көшiрудi, яғни әндi табиғи дауыспен (жанды дауыс) орындауды ел-жұрт болып мемлекеттiк деңгейде талап етпесе болмайтын күнге жеттiк. Әйтпесе, “фанерщиктер” дүмше молда сынды ел санасын арамдаудан өз бетiнше ешқашан тыйылмайды”.
Талғамның төмендiгiнен халық талап етпек түгiлi, мән-мағынасы жоқ әндер мен оны орындаушыларға, арзан күлкiге тiптi берiлiп барады. Тойларына шақырады, концертiне (әсiресе, жастар) ағылып барады. Қазақтың тойы әлгi “фанерщиктердiң” омартасына, яғни майшелпекке, жеңiлтектiк пен көрсеқызарлықтың брендiне айналды.
Кейбiр ұсыныстар да тобырлық сананың орныға бастағанын көрсетедi. Осыдан бiраз жыл бұрын бiр партияны басқарған белгiлi адам “бүкiл қазақстандықтарға “Қара жорғаны” билететiн болсақ оп-оңай патриот етiп шығаруға болады” деген сыңайда ұсыныс айтты. Егер ол халықты тобырға жатқызбаса, санасы төмен деп есептемесе осындай жеңiлтек ұсыныс айтпас едi. Өнертанушылар былтыр өткiзiлген лақпа айтыстың да тобырлық санаға арналғанын, сананың қаншалықты құлдырағанын байқау үшiн әдейi жасалған сынақ екенiн атап көрсеттi. Әлеуметтiк психологтардың айтуынша бiр адамды алдау қиын, ал тобырды алдау өте оңай. Өйткенi тобырлық санаға бәрi алтын, бәрi жақсы.
Орынсыз елiктеу де сана саяздығының белгiсi. Мысалы, өмiрге келген сәбиге араб есiмiн беруге әуестiк байқалады. Араб пен Исламның екi бөлек дүние екенiне көз жiберуге санамыз жетпейдi. Құрандағы қасиеттi есiмдердiң жөнi бөлек. Ал арабтарға елiктеу, оларды пiр тұту санасыздықтың белгiсi. Сарапшылардың айтуынша мұнайдың арқасында жатыпiшерге айналған араб әлемi құрып-бiтуге бет түзедi. Ұлттық құндылықтар бiржақты насихатталады, ол ХХI ғасырдың үрдiсiмен, күнбе-күн өзгерiске түсiп жатқан бүгiнгi өркениетпен, адамзат дамуының осы заманғы шындығымен байланыстырылмайды.
Дәстүрлер адамның бүгiнгi және келешек өмiр сүру ортасына, тағдырына бейiмделуi керек. Бiздiң бүгiнгi қалғып-мүлгiген санамыз жақсы мен жаманды, өтiрiк пен шынды, елес пен ертегiнi ажыратудан қалған. Мұндай адамды арбау, өз қатарына қосып алу қиын емес. Кейбiреулер патриот қазақ жасамақ болып өткен ғасырлардағы көне дәстүрлердi (лақпа айтыс сияқты) енгiземiз деп әлектенедi. Адам баласын тек шынайы бiлiм мен ғылым көркейтетiн заманға аяқ басқанда баяғы дәстүрлердi қазiргi және болашақтың үрдiстерiне сол қалпында тықпалау – бос әурешiлiк.
Жасандылық жарға жығады. Мұндайда не Оңға, не Солға, не Шығысқа, не Батысқа бұрыларын бiлмей сенделген Адам Темiрқазығын таба алмай дал болады. Сөйтiп, жастарымыз шектен шығушылыққа бой ұрады.
ДIНДI ДҰРЫС ТҮСIНДIРМЕУДIҢ, ОНЫ ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫРУДЫҢ КЕСIРI
Қазiр дiнге және ұлттық рух, салт-санаға қатысты көптеген пiкiрлер айтылуда. Мысалы, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмшi: “Ұлт санасының мүлде өшiрiлуi Түркi тiлдес халықтың, соның iшiнде осы күнгi қазақтың да сонау VIII ғасырдан берi қарай күнi бүгiнге дейiнгi рухының түсiп, еңсесiн қайта көтермеуiнiң басты себептерiнiң бiрi болуы деп батыл айтуға болады” (“Общественная позиция”, 14 желтоқсан, 2011 ж.). Ғалым ұлттық сананың төмендеуiнiң себебiн тiлi де, дәстүрi де, тұрмысы да мүлде бөлек арабтар табиғатына лайықталған Ислам дiнiнен iздейдi. Ал Сұлтан Қаған деген бiреу осы газеттiң 2015 жылғы 26 ақпандағы нөмiрiнде жарияланған “Дiн мен ұлттық рух: жiгi қайда?” деген мақаласында тiптi қатты кеттi. Ол: “Дiндi идеологияға айналдырғандар адамның өзi жеткен жақсылықтарына дiндi жапсырып қояды. Бұл – адасушылық. Адам өмiрде неге талап қылса, соған талмас еңбекпен ғана қолы жетедi. Ол мақсатына жетсе, оған құдай емес, өзiнiң ақыл-ойы, жiгерi көмек бердi”, “Оныншы ғасырдан кейiн Ұлы далада жаппай дiни идеология күш алды да, халықтың рухы әлсiрей бердi”, “Шектен шыққан дiншiлдiк адамды масылдыққа үйретедi. Масылдықтың соңы бiреудiң еңбегiн тартып жеуге бейiмдейдi” деп жазады.
Менiң ойымша, автордың бұлай деуiнiң қисынды және қисынсыз жағы бар. Қисынға келетiнi – араб елдерiндегi жағдай. Олар мұнайдың арқасында шырт түкiрiп келдi. Жұмыс iстейтiндер – кiлең сырттан келген эмигранттар. Рас, кезiнде арабтар ғылым мен бiлiмнiң дамуына, адамзат өркениетiнiң өрлеуiне өлшеусiз үлес қосты. Бұған Құран Кәрiмнiң арабқа түсуi ықпал еткенi де белгiлi. Азып-тозып бара жатқан арабтарды Құран сақтап қалды. Құран Кәрiмде ең көп қайталанатыны “Алла” сөзi болса, одан кейiн “ғылым” сөзi көп айтылады. “Кiмге ғылым берiлсе, оған көп нығмет берiледi, нығмет қақпасы ашық болады” деген аят та бар. Алайда, Алланың өсиетiмен өркениетке бет түзеген арабтар мұнай кен орындары игерiлуiне байланысты бұл үрдiстен жаңыла бастады. (Басқа да, яғни дiннен алауыздық тудырғаны сияқты себептерi бар екенiн жасырмаған жөн шығар). Егер ғылым мен бiлiмнiң биiк шыңын игере алмаса күнi ертең мұнай таусылған соң (ал мұнай әлемде 2065 жылы таусылады деген болжам бар) бәрiмiз бiлетiн ертегiдегiдей тесiк астау құшақтап қалары хақ.
Сауд Арабиясы “2050” деп аталатын бағдарлама түзiп, ғылым мен бiлiмдi игерудiң жөн-жобасын жасапты. “Құдай бiзге мұнай берiп жарылқады” деп алаңсыз жатудың жөнi жоқ екенiн олар ендi-ендi түсiне бастағанға ұқсайды. Күнде көрiп жүрмiз, бiзде де: “Бәрi Құдайдың қалауымен болады”, “Бiр Құдайдың қолында”, “Алланың iсi” деп айтылып жатады. Жөн-ақ. Бiрақ бәрiн неге Алланың мойнына артып қойғымыз келедi? “Адам өзi әрекет етпесе, өзi талаптанбаса Алла үйiп-төгiп бере салмайды”, “Құдайдан несiбе сұрап, алақан жаю аздық етедi, ең алдымен ғылым мен бiлiмдi игеру керек” деген сияқты уағыздар аз айтылады. Сiз қалай ойлайсыз?
“Қазақстан” телеарнасының “Иман айнасы” бағдарламасының бiрiне қатысқан дiнбасының бiрi Құран мен хадистi дұрыс түсiндiрмеу және дұрыс түсiнбеу, яғни аяттар мен хадистердi тура мағынасында қабылдау дiндi де, адамды да бұзып жiбердi деген пiкiр айтты. Менiңше, терiс ағымдар осыны пайдаланып жүр. Айталық, дiн қоғамға да, мемлекеттегi билiкке де, адамға да қызмет етуi керек деген пiкiрлер бар. Бұл бауырластық, өзара түсiнiстiк қағидасына сәйкес келсе керек. Бұған керiсiнше пайымдаулар да жасалып жүр. Кейбiреулер “президент” сөзiн “патша” сөзiмен ауыстырудың өзiнен дiннiң өз қағидасынан ауытқушылығын iздейдi. Дiнтанушы, саясаттанушы, “Кворум” талдау орталығының сарапшысы Тимур Козыревтiң айтуынша: “Рас, дiн қоғамға қызмет етуi керек деген – қазiргi зайырлы қоғамның санасындағы ұғым. Бiрақ, дiни түсiнiкке салсақ, дiн қоғамға емес, адам Құдайға қызмет етедi. Яғни, дiн қоғамды жақсарту немесе адам санасын бекiту үшiн берiлмеген. Ол адамның өз жанын құтқару үшiн берiлген. Сондықтан дiндi ұлтшылдықтың немесе ұлттық патриотизмнiң қызметшiсiне айналдырмаған дұрыс” (“Жас Алаш”, 13 қыркүйек, 2011 ж.).
Дiннiң қоғамға, немесе басшыға қызмет ететiнiн алға тартатындарды Құран мен хадистi дұрыс түсiнбеуден, немесе, жорта түсiнбегенсiп жағымпазға айналғандар деуге болатын сияқты. Теологтардың айтуынша, Құран мен хадистiң қағидаларын тура мағынасында қабылдау қателiкке ұрындырады және Ханафи мәзхабының беделiн түсiредi. Құранда оны түсiндiру қажеттiгi айтылған аяттар бар екен. Бұл дегенiңiз Құранды үнемi түсiндiрiп, үнемi зерттеп отыру қажет деген сөз емес пе!? Өйткенi ұрпақ ауысып отырады. Құран мен хадистi олар адасып кетпейтiндей түсiндiру және ашығын айту керек қой. Осыдан ширек ғасырдай бұрын қазақтың ғұлама ғалымы, Құранды да көп зерттеген Ақжан Машанов қазiргi дамыған ғылым мен адамзат Құранның құпия сырларының 10 пайызын аша алды деген пiкiр айтқан едi. Қазiргi теологтар да осы он пайызды айтып жүр.
Яғни, 25-30 жылдан берi адамның ақыл-ойы қаншалықты дамыса да Құранның сыры қосымша тым болмаса бiр пайыз да ашылмаған. Мұның өзi Құран мен хадистi түсiндiргенде аса сақ болу қажеттiгiн бiлдiрсе керек. Айталық, соңғы жылдары бiздiң қоғамда дiнбасылар мен жергiлiктi мешiттiң имамдары патшаға, басшыға бағыну, оны тыңдау, бойұсыну, ол туралы жаман сөз айтпау, оған қарсы келмеу Ислам дiнiнiң басты ерекшелiгi, Аллаһ пен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) адам баласына жүктеген мiндетi дегендi жиi айтатын болды. Олар Құранның “Ниса” сүресiнiң 59-аятын, Пайғамбарымыздың хадистерiн тiлге тиек етедi. Бiрақ қандай басшыға (патшаға) бағыну борыш екенiн талдап түсiндiрмейдi. Басшың жексұрын болса да қарсы шықпау керек пе?! Теологтардың айтуына қарағанда, кем дегенде Құранда көрсетiлген бес қағиданы бұлжытпай орындайтын басшыны халық мойындайды. Бұл қағидалар: 1. Ақыл. 2.Уахи (яғни, Құран), 3. Жаратылыс заңдары. 4. Ғылым. 5. Мағрұф (яғни, күллi адамзатқа ортақ құндылықтар).
Дiнтанушылардың зерттеулерiне қарағанда, Құранды жинақтап, жазбаша үлгiлерiн жасау қолға алынған кезде хадистер де Құранға кiрiп, араласып кеткен. Оны бiлген Ислам ғұламалары хадистердi хатқа түсiрудi тоқтатқан. Мұндай жағдай басқа дiндерде де кездескен. Осыны пайдаланған кейбiр дiнбасылар жағымпаздыққа ұрынып (бәлкiм, билеушiлерiнiң ұсынысын орындаған болар) басшыға қарсы шықпау қағидасын Қасиеттi кiтаптарға енгiзiп жiберген. Мысалы христиан дiнiнде: “Билеушi егер залым да болса, оған бағыну шарт. Өйткенi ол Құдайы қалаудың өкiлi” деген қағида бар. Оны Иса пайғамбардың (с.ғ.с) өсиетi деп түсiндiредi. Ал, шын мәнiнде, бұл Исаның өсиетi (бiзше хадисi) емес, христиан дiнi өкiлдерiнiң бiрi Павел дегеннiң қосқаны екен.
Ойланып, ойласып көрейiкшi. Тарих халықтың жүрегiнде мәңгi қалып, халықпен бiрге жасап келе жатқан дана басшыны да, адамның қанын суша ағызған қанiшер басшыны да, немесе билiгiн ұстап қалу үшiн зымияндықтың неше қилы түрiн жасап, халықты елеспен алдаған жәдiгөй басшыны да бiледi. Өздерi жаратқан пенделердiң осындай болатынын Алла да бiлдi және оның да, Пайғамбарлардың да осыны бiле тұра “басшыға қарсы келме” деп айтуы мүмкiн емес. Ал оны бiз неге тура мағынасында қабылдап, күнәға батып, адамды неге адастырып жүрмiз? Алланың басшы, не әкiм дегенi бәлкiм ақыл, бәлкiм жүрек шығар?!
Осындайда ғұламалардың ойлары еске түседi. Ұлы Абай: “Тiрi адамның жүректен аяулы жерi бар ма?”, “Тiл жүректiң айтқанына көнсе, жалған шықпайды”, “Мен адам денесiнiң патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсiз тiршiлiк жоқ”, “Бiрақ сонда билеушi, әмiршi жүрек болса жарайды”, – деген едi ғой. Яғни, бiздiң Құран мен хадистегi патша деп жүргенiмiз – Жүрек. Ойшылдардың еңбектерiнде “Патша жүрек”, “Патша көңiл” деген сықылды тiркестер көп жүредi. Мұны жағымпаздар, яғни мүнәфықтар ғана емес, мешiттердегi ресми дiн өкiлдерi бiзге басқаша айтып жүр деп ойлаймын. Сөйтiп, олар жат пиғылды ағымдардың қолына күштi қару, бұлтарпас дәлел жасап берiп отыр. Арабтың билiкқұмар халифаларының бiрi христиан билеушiлерi сияқты “басшыға қарсы келуге болмайды” деген қағида енгiзудi ұсынуы мүмкiн ғой.
Ал “басшыға қарсы келмеу” қағидасы бүгiнгi өркениет үрдiстерiне сай келмейтiнi, зайырлы, демократиялық қоғамның адам құндылықтары жөнiндегi ұстанымдарына қайшы екенi дау туғызбайды. Жат ағымдардың мұны пайдаланып жүргенi де сөзсiз. “Құқың бұзылып жүр ғой, бауырым, мекемедегi басшың туралы бiрауыз пiкiр айта алмайсың. Басшыңның құлы тәрiздiсiң. Әдiлдiк жоқ. Бiзге қосылсаң, бұл қамыттан құтыласың” деп үгiттерi анық. Шынында да, кейбiр өндiрiс орындарында басшылардың қарамағындағыларға ақырып-жекiретiнi, дөрекi қарым-қатынас жасайтыны, тiптi қол жұмсайтыны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Қазақстанды жемқорлар елiне айналдырған кiм? Әрине, қолында билiгi барлар, басшылар! Мұндай басшыларға неге қарсы шықпасқа!
Ұмытпасам, 2013 жылы Қадiр түнiнде “Қазақстан” телеарнасынан берiлген хабарда Бас мүфти бастаған топ басшыға қарсы шығуға, олар туралы жаман сөз айтуға болмайды деп бiр сағаттан аса уағыз айтты. Мұндай уағыздар жағымпаздыққа, екiжүздiлiкке итермелеп қана қоймайды. Дәстүрлi дiнiмiзден терiс айналуға, басқа ағымдардың қанжығасында кетуге ықпал етедi. Өйткенi қазiргi заманда еркiн ой-пiкiрдi тұмшалау, демократияға, құқыңды қорғауға қарсы тұру адамның дамуына, мемлекеттiң өркендеуiне бағытталған қарсылық болып табылады. Бүгiнгi өркениетте “Патша” сөзiн “Президенттiң” баламасына айналдыру — надандық! Терiс пиғылдылардың жетегiнде кеткендер туралы айтқанда бiз қолына қару алып араб елдерiндегi соғысқа араласып жүрген азаматтарымызды ғана меңзеп отырған жоқпыз.
Осыдан 10-15 жылдай бұрын елiмiзде басқа дiндерге өтiп кеткен қазақтардың саны 600-700 мыңдай делiнетiн. Қазiр қолында басқа дiндер мен ағымдардың киелi кiтабы, не үнқағазы бар әйелi, еркегi аралас қазақтар көшеде етегiңе жармасады, жиi-жиi үйiңнiң есiгiн қағып тұрады. Соған қарағанда басқалардың жетегiнде кеткендердiң саны еселенiп өскен сияқты. Осы қауiптi деп ойлаймын. Өйткенi түрлi бағыттағы дiни ағымдарға қосылу дәстүрлi дiнiмiздi әлсiретедi. Тiптi, оны жойып жiберуi де мүмкiн. Әрине, қай дiндi пiр тұтатынын әркiм өзi шешедi. Бiрақ Исламның iргетасы қаланған араб елдерiндегi қазiргi жағдай, арабтардың Құран түскеннен бастап сүниттер мен шииттерге бөлiнiп қырқысуы, оның саясиландырылуы Ислам дiнiнiң ғана емес, тұтас мемлекеттер мен халықтардың түбiне жетуi мүмкiн деген қауiп те жоқ емес. Осындай бiтiспес алауыздықтың негiзгi себебiнiң бүгiнгi ұрпаққа нақты түсiндiрiлмеуi де терiс пиғылды ағымдардың қаруына айналған сияқты. Сонымен бiрге, бiздiң дiнбасылардың қазiргi күрделi жағдайда мұсылмандардың дiнге қатысты туған алауыздығының негiзгi себебiн қазбаламауының қисынды жағы да жоқ емес. Уақыт өтедi, ұрпақ ауысады, бәрi өзгередi деген сияқты...
Мұсылмандардың дiни басқармасы мен мешiттерде, әсiресе қаржылық жағдайдың жасырын болуы да халық арасында түрлi әңгiменiң шығуына, “мешiттерде де жемқорлар бар екен” деген сияқты сенiмсiздiктiң тууына себеп болуда. Осыдан бiраз жыл бұрын Жезқазған мешiтiне Талғат Әсембай деген жiгiт өкiл имам болып келдi. “Сiздермен танысқым келедi” деп өзiм жұмыс iстеген аймақтық “Мысты өңiр” газетiнiң редакциясына де келген. Риза болып қалдық, бiраз әңгiме-дүкен құрдық. Имамға халықтан мешiтке түсетiн ақшаның қайда, қалай жұмсалатыны құпия екенiн, мұның өзi түрлi өсек-аяң тудыратынын айттық. Жаңа имам оразадан соң садақадан және демеушiлерден түскен қаржы, оның жұмсалу тәртiбi туралы газеттер арқылы ақпарат берiлетiнiн мәлiмдедi. Оразаны да, айтты да өткiзiп, араға бiраз уақыт салып имаммен хабарластық, уәдесiн есiне салдық. Ол түскен қаржыны жария етудi мешiт жанындағы ақылдастар алқасының кеңесуiне ұсынғанын, бiрақ алқа мүшелерi жариялылыққа қарсылық бiлдiргенiн айтып, бiзден кешiрiм сұрады.
Қазақстандағы жағдай осындай. Мешiттегi қаржы өте құпия сақталады. Кейде “мешiттегiлер жеп қойыпты” деген өсек те шығып жатады. Бiрақ оның рас, өтiрiгi халыққа белгiсiз. Сарапшылардың айтуынша, елiмiздегi мешiттерге жылына әртүрлi жолмен 25-30 миллиард теңге қаржы түседi. Бұл — Жезқазған сияқты моноқалалардың 5-6 жылдық бюджетi. Алайда мешiттегiлер Алланың атымен осы қаржының қайда жұмсалатынын жария етуге батылы бармайды. Басқа ағымдағылардың осындайда: “Мешiтке түскен ақшаның қайда кетiп жатқанын бiлесiңдер ме? Имамдарың бұл қаржыны жымқырып Алланы да, сендердi де алдап жүр” деуi әбден мүмкiн. Дiннiң, мешiттiң де беделiн түсiретiн, жат ағымдардың ұпайын толықтыратын бұл жағдай қазiр алаңдатып отыр.
Дiн iстерi жөнiндегi агенттiктiң бұрынғы төрағасы Қайрат Лама Шариф мешiттерге терминалдар қоюды, мешiттерге түсетiн садақаны, басқа қолдау қаржыларын осылар арқылы өткiзудi қолға алған едi. Мешiттi күнә жасаудан сақтандыратын бұл жұмыстың қаншалықты iске асырылғанын бiлмеймiн. Егер мешiттердiң қаржылық қызметiнде жариялылық болмаса “Бiздегi дiни ұстаным мүнәфықтарға негiзделген” деген пiкiр одан әрi беки түспек. Осы ретте Исламның көрнектi ғалымы, осыдан бiр ғасыр бұрын Египетте өмiр сүрген Мұхаммед Абдул айтты деген бiр сөз еске түседi. Ол бiрде Францияға барады. Қайтып келген соң: “Францияда мен исламды көрдiм, бiрақ мұсылманды көрген жоқпын, ал Египетке оралғанда мұсылманды таптым, бiрақ исламды көрген жоқпын” дептi. Түрлi ойға жетелейтiн пiкiр емес пе, ағайын!.
Қазақстанда исламды ұстанатындар 20-25 пайыздай деген деректер бар. Жастар мешiттерге көп келе бастады, ораза ұстайтындар, қажылыққа баратындар көбейдi деп мақтанып жатады. Жөн-ақ! Дегенмен олардың Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ескерткен Исламдағы 73 ағымның қайсысын ұстанатынын ешкiм бiлмейдi. Мысалы, қажылық туристiк саяхатқа айналып бара жатқан жоқ па? Бiздегi дiни ұстаным мүнәфықтарға негiзделген деп те айтылады. “Ең қиыны – исламдық Құрани ұғымда қатты сыналып, қатаң жазаға бұйырылатын мүнәфықтар жер-жерден бас көтерiп, белең ала бастады” (“Мүнәфықтар партиясы”, “Жас Алаш”, 11 қыркүйек, 2014 ж.).
Мұның себебiн белгiлi көсемсөзшi Әмiрхан Меңдеке: “Қазақстанда дiн iсiнiң алтыбақан алауыздықтан, иесiздiк пен жүйесiздiктен, дүмшелiктен көз аша алмай жатқаны мынау”, – деп дәл атап көрсеткен болатын (“Жас Алаш”, 13 маусым, 2013 ж.).
Мұндай жағдайда жат ағымдардың жетегiнде кете беретiнiмiз анық.
***
Сөздi түйiндей келгенде айтарым, бiзде жат ағымдардың жетегiне кетудiң себебiн тек дiни сауатсыздыққа тiреу дұрыс емес.
Сiз қалай ойлайсыз?
Балтабек ӘБЕУОВ,
зейнеткер, журналист.
Жезқазған қаласы.
Кəпірлердің иесі болар дағы тағылар
Имандылар иесі Алла болып табылар
Зиялысы Қазақтың қатесінің үлкені —
Коммуниске болғаны еді бағынар
Со қатенің қырсығы тиіп жатыр əлі де
Мұсылман деп санайды екен бəрі де
Кез бір шыққан үкіметке қарсысын
Көңіл бөлмес сонымен сөздің мəніне