Жас Алаш №23 (15793) 27 наурыз, сәрсенбі 2013
27 наурыз 2013
“Молданың iстегенiн iстеме, айтқанын iсте”

Қыжыртпа

Тони Блэр деген сабазың ендi Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне реформа жасап беретiн болды. Жаңаөзен оқиғасы кезiнде халыққа оқ атып, қолын қандап алған полицейлердiң күнәсiн жуып-шаюды “жоғарымен байланысы бар” Блэр мойнына алған көрiнедi. Бұл туралы британның Telegraph басылымы жазды.
Газеттiң жазуынша, Жаңаөзен оқиғасынан кейiн халықаралық қауымдастық Қазақстан билiгiне жонын бере бастаған. Осы кемшiлiктi түзеу үшiн Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев “әке-көкелеп” тағы Блэрге жүгiнiптi.
Былай қарағанда мұның сөкеттiгi жоқ. 16 миллион фунт-стерлингтi (3,65 мил­лиард теңге – ред.) Блэрге бекерден-бекер төлеп отырмыз ба?! Бiлетiнiн бiлмей­тiн­дерге үйретсiн, бiлмегенiн бiлетiндер­ден сұрап келсiн. Әйтпесе, шашылып жатқан 3,65 миллиард теңгемiз жоқ, кiм көрiнгеннiң қолына ұстата салатын.
 “Молданың iстегенiн iстеме, айтқанын iсте” деген сөз бар. Әгәрәки, Блэр Алматының немесе Астананың полицей­ле­рiн Лондонның полицейлерiнiң дең­гейiне жеткiзе алса, бiр жыртығымыз бүтiнделiп қалар едi.
Тони Блэрдiң кеңсесi былай деп хат жолдапты: “Жаңаөзен – қасiретке айналды. Алайда үкiмет оның салдарын жою үшiн әрекет етiп жатқаны байқалады. Мұның iшiнде полицияны реформалау және жергiлiктi өзiн-өзi басқару мен облыс экономикасын реформалау бар. Бұл кеңес заманынан қалған әлгiндей қалаларда (Жаңаөзендi айтып отыр – ред.) тұратын халықтың жағдайын жақсартады”.
Сол сол-ақ екен, Блэрдiң премьер кезiндегi аппаратын басқарған Жонатан Пауэлл ұшып-қонып Астанаға жетiп, iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымовпен кездесiптi. “Дядя Коля” көптi көргенiмен, британдық полицияның қалай жұмыс iстейтiнiн көрмеген болса керек, Пауэллдi аузын ашып, көзiн жұмып тыңдапты. Кездесуге қатысқандардың айтуынша, Пауэллдiң аузынан “полицияны жетiлдiру және демократизациялау” деген сөз шыққанда ғана “дядя Коля” селк етiп есiн жиып алған көрiнедi...
Қысқасы, Тони Блэр Қазақстан полициясын бас көтерген халыққа қарсы қалай әрекет етудi үйретедi. Адасып жүрген шетелдiктi тонап кететiн полицейлерге мәдениет туралы дәрiс оқымаса да, қазақ полицейлерiнiң қолындағы қаруды шегеге iлгiзiп кетсе, бұл бiр бiткен iс болатын едi-ау.
Б.Көшербай,
Алматы қаласы. 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
ҚАЖЫ МҰҚАМБЕТ ҚАРАКЕДЕЙ | 27 наурыз 2013 11:16
Таз емші болса өз басын емдер еді деген бар ғой. Тағы бір қызығы , біреу бір британдық біреуден өз елін қалай ұқсату жолын сұрағанда әлгі сұмның уәжі мынау болыпты - мыс : сіздің ел біздікіндей төңірегі теңіз арал болуы тиіс. Демек , алқа қотан ел билікті орап тұрмаса бұл жүгенсізді жөндеу неғайбіл екені бесенеден белгілі.
Тоғас | 27 наурыз 2013 15:57
Құрдымға кеткен қазақ билігі ай...
мент емес | 27 наурыз 2013 16:14
Жаңаөзен қасапшысы Қалмұқамед қашан сотталады?