«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

15.04.2011

Қазақстанда «Ғашықтар күні» белгілі бір күнге тұрақтамай келеді. «Әулие Валентин» мен «Қозы Көрпеш–Баян Cұлу» тартысында кімнің жеңетінін ешкім білмейді.


Қазақстанда сәуірдің 15-ін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтар күні деп атамақ. Білетіндердің айтуынша, бұл күн ешбір құжатпен белгіленбеген, ешбір тарихи оқиғаға да байланбаған.

МЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Журналист Талғат Балтабай бұл күн ең алғаш 1999 жылдан бастап аталып өткен дегенді айтады.

– Бұл мерекені атап өтуді, негізі, бірінші боп республика көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай деген кісі ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп дәл осы күнге қойылған болуы керек, – дейді Талғат Балтабай.

Қазақстанда «Еңлік–Кебек», «Қыз Жібек» сияқты түрлі ғашықтардың атымен аталатын махаббат мерекесін тойлау туралы ұсыныс айтылып та, жазылып та жүр. Іс жүзінде олардың ешқайсысы 14 ақпан күнгі «Әулие Валентин» сияқты кең дәрежеде аталып өткен емес. Бірақ ұлттық мерекенің қоғамға сіңіп кететіне сенетін адамдар көбейіп барады.

«ИНТЕРНЕТ-КҮРЕС»

Қазір бұл мерекенің ұлттық сипат алуына интернет қауымы да күш салып жатқан сияқты. Сәуірдің 15-і күні түрлі блогтарда ұлттық мерекені қолдауға шақыратын жазбалар пайда болса, дәл осы күні виртуалды ақындар мүшәйрасы да жарияланып жіберді. Идея авторы әрі mushaira.qazaquni.kz
Программист, блогер Аршат Оразов.
сайтын жасаушы программист Аршат Оразовтың айтуынша, негізгі мақсат – ғашықтар мерекесін насихаттау. Жаңадан ашылған сайтқа кез-келген ақын өлеңін қосып, мүшәйраға қатыса алады.

– Бұған дейін «Әулие Валентинге» қазақтардың өзінің баламасы болуы керек» деген сияқты пікірлер айтылып жүр. Бірақ соның бәрі сөз күйінде қалды. Сөйтіп осындай идея келді және «Жас қазақ үні» қолдады. Бұл конкурс әрі акция болады дедік, – дейді Аршат Оразов.

Ал жазушы Амангелді Кеңшілік қазір қоғамда мұндай мерекеге қатысты тар көзқарас қалыптасып отырғанына қынжылады.

– «Валентин күнін» тоқтату үшін осындай «Ғашықтар күнін» ойлап тапқаны – құптарлық іс. Дегенмен махаббат деген нәрсені қыз бен жігіттің арасындағы махаббатпен ғана байланыстырып, соның аясында ғана қалдыруға болмайды. Бұл ананың балаларына махаббаты, баланың ата-анасына махаббаты сияқты кең ауқымды қарастыру керек, – дейді Амангелді Кеңшілік.

Ал журналист Жанболат Мамайдың пікірінше, «Ғашықтар мерекесін» жастарға жасанды түрде таңуға болмайды. «Өкінішке қарай, бұл мереке қазір билікке қарасты жастар ұйымының есеп беру амалына айналды» деп
Журналист Жанболат Мамай. Алматы, 6 сәуір 2010 жыл.
есептейді ол.

– Түрлі деңгейдегі әкімшіліктегі жастар департаменттері жастарды жинап, жеңіл тақырыптарды қозғап, бүкіл жастардың басын қосып, әйтеуір жұмыс істеп жатыр. «Жаңа дүниелер әкеп жатырмыз», «жаңа идеялар келіп жатыр» деген сияқты есеп беру үшін сондай дүниелер керек. Мұндай мейрамдарды өткізуге белгілі бір деңгейде тендерлер бөлінеді. Сондықтан қаражатты жұмсау үшін, «жастар бөлімі жұмыс істеп жатыр» деген бір образ қалыптастыру үшін кейбір кезде осындай бір жасанды мейрамдар ойластырылып жататын сияқты, – дейді Жанболат Мамай.

Қазір Алматыда «Ұлттық ғашықтар күніне» орай Бірінші президент саябағында флешмоб өтейін деп жатыр. Ақпарат бойынша, интернет арқылы тараған бұл шараға «В контакте» қоғамдық желісіндегі 4300 адам қатысатынын айтқан. Бұл кеште махаббат тақырыбына арналған өлеңдер оқылып, түрлі байқаулар ұйымдастырылады.
Пікірлерді іріктеу
    Келесі 
Пікір жарияланған бет , жиыны 2
Кімнен: Алмас ата Қайдан: Алматы
17.04.2011 12:32
Мен немерелерімнің қызығын көріп, талай өмір белестерінен өткен адаммын.Біздің заманымызда махаббат деген аса қасиетті де қастерлі,киелі ұғым еді. Қыздарымыз қандай қылықты, ибалы, иманды еді. Ол кезде қыздың қолынан рұқсатсыз ұстауға да батылымыз бармайтын еді. Бір қыз ресторанға барыпты деп естісек,ол қызға үлкен күдікпен қарайтын едік.Не керек, заман қатты өзгерді ғой.Қазір есіктен шыға сала бір-бірімен жабыса сүйісіп жатқан жастарды көреміз.Сигареттері ауыздарында.Олар ұялмайды, біз, қарттар, ұяламыз.Махаббаттың қадірі кеткелі қашан...Қазақ қыздары шетелдіктерге жаппай шығып жатыр.Олар бәрі керемет ғашық болып, амалсыздан шығып жатыр ма. Ділі, діні, тілі бөлек адамды сүю мыңнан бір сирек болатын жайт шығар.Негізінде, біздің қыздарды шетелдіктердің магниттй тартып алатыны-олардың"әмиянының" қалыңдығы,байлығының молдығы.Өкініштісі сол (қайғылысы десе де болады), қазір махаббаттың деңгейі материалдық игіліктермен өлшенетін болды.Осындай жағдайда мен кей адамдардың махаббат күнін белгілеп, оны ұлттық райда атап өткізуге неге қарсы шығып жатқандығын түсінбей отырмын. Сонда валентин күнін тойлай берсін дейсіздер ме.Қазақ махаббаты басқа халықтардың махаббатынан кем болып па.Дәл осы күні асыл, мөлдір махаббатты әспеттесек,ардақтасақ, Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидің, т. б. жырларын оқып, тыңдасақ, Барлық театрларда, мәдениет ошақтарында осы тақырыпта қойылымдар, концерттер ұйымдастырылса,тіпті жақсы емес пе.Билікті мақтаудың орнына махаббатты жырлайтын айтыстар өткізсек...Қартайғандықтың бір белгісі- көп сөйлеу ғой..Доғарайын. Онан да, ақын болмасам да, өзім жастық шағымда өлердей ғашық болған қызға шығарған (алғашқы махаббат көбіне сәтсіз болады ғой) өлеңімнің бір шумағын келтірейін. "Жан емес ем, сұлулыққа құр сыртынан сүйсінген, Мен едім ғой, тек өзіңді жан-тәніммен шын сүйген. Не ғылайын бұл тағдырға, түсінбедің, сезбедің, Қапияда кете бардың қолын ұстап өзгенің".

Кімнен: қажы мұқамбет қаракедей Қайдан: иранбақ
17.04.2011 10:28
Валентин де Қозы да ,
Қалыпты -мыс қапыда .
Атап жөнді күндерін ,
Мұңдасалық сорлыға
.
Ол екеу де жетпеген ,
Армандарға діттеген .
Болар ма еді Баянсыз,
Өмірі қызық көрмеген ?

Сиқы қоғам келіссе ,
Би елменен кеңессе ;
Іс те шаппай насырға ,
Ұласар ма еді егеске ?

Тым тәтті ғой тиынды ,
Сол ақ билер миыңды .
Тыйған сайын қоздырар ,
Тәнті болған жыныңды .

Бай - манап пен патшалар ,
Құптап жүрсе молдалар ;
Жалмай берер көп ақын ,
Сөйтіп бүлік басталар .

Отырса билік орнында ,
Кетпес тыным құрдымға .
Қордаланса түйткілдер ,
Тап болар ау қырғынға