بسم الله الرحمن الرحيم

 Аса мейрімді, қамқорлы Аллаһтың атымен бастаймын

 Мақтау Ұлы Аллаһқа тән. Оған мадақ айтып, Одан жәрдем тілейміз. Одан кешірім сұрап, Оған бет түзейміз. Нәпсінің азғыруынан және жаман іс-әрекеттерден сақтасын деп Аллаһқа жалбарынамыз. Аллаһ кімді тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды. Ал енді кімді адастырса, оны да ешкім тура жолға түсіре алмайды. Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Оның жалғыз, серігі жоқ екендігіне, Мұхаммед Оның құлы әрі Елшісі екендігіне куәлік етемін.

 Әй Аллаһтың құлдары! Сендерді Аллаһқа тақуа құл болуға шақырамын. Сендерді Оған бой ұсынуға үгіттеймін. Сөзімді ең қайырлы сөзбен және Оның рұқсатымен әрі қолдауымен бастаймын.

 Әй Адамдар! Мен, Аллһтың баршаңызға жіберген Елшісімін. Менің сөзіме құлақ түріңдер. Өйткені, білмеймін бәлкім бұдан кейін бұл жерде сідермен тағы да кездесе алмайтын шығармын.

 Әй Адамдар! Сіздер қай айда, қай күнде және қай жерде тұрғандарыңызды білесіздер ме? Сонда қадірлі сахабалар:

 «Харам күні, харам жерде және харам айдамыз» – деді.

 Сосын Аллаһ Расулі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөзін былай деп жалғастырады:

 Әйелдердің құқықтарына құрметпен қарауға және бұл тұрғыда Аллаһтан қорқуға кеңес беремін. Сендер әйелдерге Аллаһтың аманаты деп қараңдар. Олардың ар-намысын, ұятын Аллаһ атынан уәде беріп өздеріңе адал етіңдер. Сендердің әйелдеріңнің алдында, әйелдердің де сендердің алдарында құқықтары бар. Сендердің әйелдерің алдындағы құқықтарың – олардың отбасы ынтымағын сақтау әрі сіздердің жақсы көрмейтіндеріңізді өзгеге табалатпау.

 Мүмин, мүмин кісіге осы күндегі секілді (харам күндері) бір-бірінің құқығын таптау харам. Бір-бірін жамандау арқылы, етін жеу харам. Ар-намысына, абыройына зұлымдық жасау харам. Әдейілеп оған қастандық жасау да харам. Жүзінен ұру харам. Жәбір көрсетуі харам. Сонымен қатар арам ниетпен бір мұсылман екінші бір мұсылманды түртіп қалуының өзі харам.

 Сіздерге кімнің нағыз мұсылман екендігін айтайын ба? Нағыз мұсылман, тілімен және қолымен өзге адамдарға зиян тигізбейтін мұсылман. Кімнің нағыз мүмин екендігін де хабардар етейін бе? Негізінде нағыз мүмин, адамдардың дүние-мүлкі мен жандарын соған сеніп тапсырған кісі. Сіздерге кімнің мұхажир екенін айтайын ба? Нағыз мұхажир, қателікті және күнә істерді тәрк еткен кісі. Нағыз мұджаһид болса, Аллаһқа итағат жолында өз нәпсісімен күрескен адам. Мұқият тыңдаңдар! Сөзімді жеткіздім бе? Куә бол Уа Раббым!

 Менің сөздерімді мұқият тыңдаңдар, сонда берекелі әрі құзырлы өмір сүресіңдер. Әсте зұлымдық жасамаңдар! Әсте зұлымдық жасамаңдар! Әсте зұлымдық жасамаңдар! Мұқият тыңдаңдар! Жеткіздім бе! Куә бол Уа Раббым!

 Әй Адамдар! Аллаһтан қорқыңдар, Оның тақуа құлдары болыңдар. «Адамдардың ақысын жемеңдер әрі жер бетінде бүлік шығарып, жамандық істемеңдер!»

 Асхабым! Кім бір аманат алса, аманатты сеніп тапсырған адамға (аманатқа қиянат жасамай) оны тапсырсын! Сіздерге сыйлық бергенге сіз де сыйлық беріңіз! Біреуге кепіл болған кісі жауапкершілікті өзіне алады. Өйткені қарыз өтелуі керек.

 Маған әулеттеріңіздің атағымен емес, игі амалдарыңызбен келіңіздер. Мен бүкіл адам баласына да, сіздерге де бірдей айтамын.

 Байқаңдар! Бүкіл надандық дәуірінің әдеттері аяғымның астында. Надандықтың жаман әдеттері қиямет-қайымға дейін жойылды.

 Надандық дәуіріндегі пайыз (ақшаны өсімге беру) жойылды. Бірақ, өсімсіз өз ақшаларыңыз сіздердікі. Ақыны жемеңдер, ақыларыңды да жегізбеңдер. Аллаһ Тағала пайызға үзілді-кесілді тыйым салды. Тыйым салынған ең алғашқы пайыз туысым Аббас ибн Абдулмутталибтің пайызы.

 Надандық дәуіріндегі әрбір қан дауы, су және мүлік даулары жойылды. Жойылған ең алғашқы қан дауы (туысымның немересі) Амир ибн Рәбия ибн Харис ибн Абдулмутталибтің қан дауы. (Ол, Сағыд ибн Ләйс тайпасына сүт анаға берілген бала болатын. Хузейл оны өлтірген еді.) Мұқият тыңдаңдар! Жеткіздім бе?

 Әй Адамдар! Әркім, тек өзі істеген күнәлі тірлігінің жазасын алады. Ұлының істегеніне әкесі, әкесінің істегеніне баласы жауап бермейді.

 Әй Адамдар! Шайтан, мына топырақта өзіне табынуға, әсіресе намаз оқитындарды өзіне табынуына үмітін үзген. Бірақ мен жойған нәрселерден басқа кішкентай (маңызсыз) болып көрінген істерде оның тілін аласыңдар, осының өзі оны қуантуға жеткілікті. Діндеріңді қоғау үшін бұлардан аулақ болыңдар.

 Әй Адамдар! Әйелдеріңіздің сіздерге, сіздердің де әйелдеріңізге деген міндеттеріңіз бар. Олардың сіздерге міндеттері – төсек орыныңызды өзгеге таптатпау, сіз ұнатпаған адамды рұқсатсыз үйге кіргізбеу және әдепсіз қылықтарды істемеу. Әйелдермен жақсы мәміледе болуды өсиет етемін. Өсиетімді орындаңыздар! Өйткені олар сіздерді пана тұтты. Өздері еш нәрсенің қожайыны емес. Сіздер оларды Аллаһтың аманаты ретінде алдыңыздар. Аллаһтың үкімімен әрі Оның атын айтып ар-намысын халал еттіңдер. Әйелдер жөнінде Аллаһтан қорқып, оларға жақсы қараңдар!

 Әй Адамдар! «Мүмин бір-бірімен бауыр». Ешкімнің дүние-мүлкі, оның разылығы болмайынша халал емес. Мұқият тыңдаңдар! Жеткіздім бе?

 Менен кейін пайғамбар, сіздерден кейін де үммет келмейді. Раббыларыңызға құлшылық жасап, бес уақыт намазды оқыңыздар. Рамазан айындағы оразаны ұстап, басшыларыңызға мойын ұсыныңыздар. Сонда ғана Раббыларыңыздың жәннатына кіре аласыздар.

 Байқаңдар! Менен кейін бір-бірінің басын шабатын кәпірлерге айналып жүрмеңдер! Сендерге сондай нәрсе қалдырып барамын, егер оны жақсылап ұстасаңдар, одан кейін әсте адаспайсыңдар: Ол – Аллаһтың кітабы мен Пайғамбарының сүннеті. Бұлармен амал етіңдер! Әһлі бәйтімді (отбасымдағы туыстарымды) де сіздерге аманат етіп қалдырдым. Мұқият болыңдар! Куә бол Уа Раббым!

 Менен басқа бүкіл пайғамбарлар, сөзсіз қабыл алынатын дұғаларын осы дүниеде-ақ жасаған. Ал мен болсам дұғамды Раббымның жанында қиямет күніне сақтадым. (Осы дұғамен сол күні шапағат етемін.)

 Естеріңде болсын, пайғамбарлар үмметінің көптігімен мақтанады. Мені ұятқа қалдырып жүрмеңдер! Мен сіздерді Кәусар бұлағының басында күтемін.

 Әй Адамдар! Дінде шектен шықпаңдар. Сіздерден алдыңғылар дінде қатты кеткендіктен құрыды. Қажылықтың қағидасын менен үйреніңдер. Биылдан кейін тағы да қажылыққа келіп-келмейтінімді білмеймін. Осы сөздерімді осындағылар, мұнда болмағандарға жеткізсін. Сөздерімді естіген кісілер, мұнда болғандарға қарағанда олар жақсы түсініп, жақсы сақтаулары мүмкін.

 Сөздерімді есітіп сақтаған әрі басқаларға жеткізген кісіге Аллаһ рақымды болсын, жүзін ақ қылсын. Үш қасиет бар, егер бұлар қай мүминде болса, оның жүрегі кек пен дұшпандықтан таза болады. Олар: іс-амалды Аллаһ ризалығы үшін шын ықыласпен істеу, мұсылман басшыларға жақсылық тілеу, мұсылман жамағатымен әрдайым бірге болу. Өйткені, мұсылмандардың дұғалары, оған қатысқандардың барлығын да қамтиды әрі сақтайды.

 Әй Адамдар! Ертең сіздерден мені сұрайды. Мен туралы не дейсіздер? Сол жердегілер:

 «Біз куәлік береміз. Сен жеткіздің. Елшілік міндетіңді толық орындадың. Әрі бізге үгіт-насихат жүргіздің» дейді.

 Мұны естіген Аллаһ Расулі (саллаллаһу алейһи уа сәлләм) Хақ Тағалаға былай деп жалбарынды:

 «Куә бол Аллаһым! Куә бол Аллаһым! Куә бол Аллаһым!»

 Уәссәләму алайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһу.

 

Бір пікір - "Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) қоштасу құтпасы"

  1. Мұқамбет демең өлді деп ,
    Оны білің үлгі деп .
    Алланың сөзі жеткенде ,
    Болды елші жақсы сеп

    Ол атқарды міндетін ,
    Сақтау керек сүндетін .
    Саһаба деген Әнес те ,
    Ұқсатты – мыс қызметін

    Қазақ ұлты мұрагер ,
    Болса Оған шын егер ;
    Болмау керек опасыз ,
    Дінге қарсы күнәкер

    Құдай әмрін қолданып ,
    Сүндет бойы жолданып .
    Өрлей берсе болар ау ,
    Ел қанаты қомданып

    Мәміле етсе басқамен ,
    Жүрсін жолы қасқамен .
    Жаудан болса жолдасы ,
    Қарулансын балтамен

    Мединада Мұқамбет ,
    Түркістанда Қожа Ахмет ;
    Маңғыстауда пір бекет ,
    Қазақты қылың сіз үмбет

    Бұны жазған мен – кедей ,
    Қазаққа емес тым өгей .
    Бойы болмай түйедей ,
    Ақылы бар ғой түймедей