Талқы  2363  45 пікір 9 Мамыр, 2020 сағат 13:08

«Шыңғыс хан Отырарды ойрандаған жоқ»

Жәди Шәкенұлы

Қазақ тарихындағы қырып-жою туралы сөз болғанда бізде көбінесе – «жауыз, қанішер Шыңғыс хан қазақ даласына басып кіріп, Отырарды ойрандап...» деген тектес оның зұлым-жауыздығын ашуға бағыттаған кекті сөздерді көп қолданамыз.

Шәкерім Құдайбердіұлы:

Кім білмес кешегі өткен Шыңғыс ханды,
Жартысын дүниенің түгел алды.
Талайын Еуропаның бас идіріп,
Қорқытып қытайға да алым салды.

Қолына туып еді қан уыстап,
Әлемді билейтұғын үлгі нұсқап.
Қойылған Шыңғыстауға соның аты,
Өзенін осы қақан кеткен қыстап.

Ортасын араб, қытай түгел алып,
Азия, Еуропаға жарлық салып.
Мейірімді, алған елге әділетті,
Кетеді, қарсыласса, қанға малып.

800 туғанына жылға толды,
Темучин атын бұзып, Шыңғыс қойды.
Шыдамды Шыңғыс деген мықты демек,
Отызға келмей тұрып бақыт қонды.

Ол туған Бүлүнжылдық деген жерде,
Рахымды қол астында кірген елге.
Не дінге, не ғұрыпқа қол сұқпаған,
Ой жібер, міне, осындай кемеңгерге!» (Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Шәкәрім» (2-том), Алматы «Ел-шежіре» - 2008 жыл. 177-бет).

Шыңғыс хан жорығы шын мәнінде көшпенділердің басын қосудың жаңа қамалдарын жасаған еді. Бүгінгі қытай мемлекетінің «моңғол дәуірі қазіргі қытай мемлекетінің қалыптасуының негізін қалады» дегеніндей, қазақ хандары мен қазақ мемлекетітігінің іргесін қалаушылар Шыңғыс хан және оның әулеттері болды. «Әкесі Шыңғыс жауыз болды, оның біздің елді біріктіріп, хандыққа отырғызған баласы Жошы – мемлекетіміздің түпкі иесі болған ұлы тұлға» десек, тарихи қателікті былай қойғанда, логикалық та қателік болар еді. Шыңғыстай ұлы тұлға тудырған, өзі тағайындаған, ел іргесін бекемдеп, халықтық болмысымызды жасап берген Жошы тұлғасы (оның ұрпағы Абылай) біз үшін қанша биік болса, оның әкесі одан әлде қайда асқақ емес пе!

«Бұрынғы XI ғасырдағы моңғол-түркі империясына кіретін халықтарды бір мемлекетке біріктіру, осы мемлекетті қайта орнату – бұл Шыңғыс ханның басты міндеті еді. Шыңғыс хан 1185-1206 жылдар арасында он екі хандықты бағындырды.

1192 жылы Шыңғыс хан солонг (корей) тайпаларына қарсы жорыққа шығып оларды жеңеді.

Шыңғыс хан әскері 1195 жылы сортогал тайпасын, одан кейін Қара Тибеттің үш провинциясын басып алады. Сонда Шыңғыс хан әскерлеріне сыйлықтар үлестіріп тұрып: «Тенгри Хурмузда айтқаны бойынша мен 12 хандықты бағындырдым, көп адамдарды жинап бір мемлекетке біріктірдім, осымен үлкен істің көбін істедім. Енді менің жаныма, денеме тыныштық керек», – деген екен. (К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы:«Білім», 1-том, 246-бет).

Адамзат өмірінің арпалысқа толы бір кезеңі Шыңғыстың тарих сахнасына көтерілуіне әр түрлі шарт-жағдай жасап отырды. Оның өз сөзімен айтқанда «Тәңірі жарылқады».

Түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқари «Түркі тілдерінің сөздігінде» былай деген: «Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!». (Махмұд Қашқари «Түркі тілдерінің сөздігі») Шын мәнінде, Шыңғыс хан өзін Ұлы Тәңірдің осы бұйрығын орындаушы сезінген еді. Шыңғыс ханды тануды Тәңір танудың биігімен шендестірсек, сол тұстағы түркілер нанымындағы Тәңірі құлдарының адалдығы, бауырмалдығы, әділеттігі оның аспан астындағы хандарының «ой құбыласы» болды деген уәж айтуға болар еді.

Шыңғыс ханның тәңірлік ұғымы бойынша қарағанда, ол Тәңірінің әмірін орындаы, сол үшін Тәңірі оның жолын ашты, жарылқады.  Ол «Күн шыққан тұстан күн батқан» тұсқа дейінгі Мәңгі Аспан астындағы барша халықты ашса алақанына, жұмса жұдырығына ұстай алды. Қазіргі тілмен айтсақ, жаһанданудың негізін қалады. Бұл тура­лы академик Ш. Бира өз лекциясында: «Шыңғыс хан әлемді өз күшімен соңына ертіп, ұлы импе­рия құрып, түрлі мемлекеттерді бір билік асты­на біріктіре алды. Осының нәтижесінде әлем сол кездегі ең ұтымды жаңа қарым-қатынас түрі Моңғолдың атты бекеті арқылы орнатты. Атты бекет арқылы халықтар арасында түрлі көзқарас, білім, хабар, сауда еркін алмасты. Тарихи тұрғыдан алсақ, Моңғол тәңіршілдігін қазіргі біздің жаһандану көзқарасымен салы­стыра қарауға болады» – дейді (Эрдэнэбаяр С. «Мєнх тэнгэрийн vзэл буюу Мєнх тэнгэрийн ивэ» 2006.01.16 http://www.biirbeh.mn/index.php?sel=content&f=one&obj_id=766).

Қажы мұқамбет қаракедей :

Қазақ жерін шапқандар

 Талайы бар қашқандар

 Алғашқысы боп Сирус

 Соңғысы да бұл вирус

 Анаудың басы торсықта

 Мынаудың тəжі ел-жұртта

 Екі арада жан жақтан

 Ен даланы шаңдатқан

 Шыңғысты да атам деп

 Шыңға сомен асам деп

 Əуре болған аз емес

 Дін мұсылманға мəз емес

 Орысты жүрді ағалап

 АҚШты да жағалап

 Қала берді Қытайды

 Сатып газ бен мұнайды

 Құшақ жая шақырды

 Төбесінен асырды

 Ол коронасын таратты

 Көпті үйге қаматты

 Мешітке де бара алмай

 Жүргеніміз бата ала алмай 

Жолдамасын келген арқалай

Келмес олар бұйрықсыз

Жүрмегенде бүйтіп біз

Бетті бұрдық Кебеден

Секіре суға кемеден

Тұмар апай қорланды

Балалар да сорланды

Бағыттатған Кебені

 Ажардай біл шешені

Əнес ата сахаба

Болар еді пана да

Жағына бере жаттарға

Қас болмалық Жаппарға

Сонда қорғап иеміз

Бұны да біз жеңеміз