Абай мұрасы  5423  0 пікір 10 Тамыз, 2019 сағат 06:29

Мекемтас Мырзахметұлы. Абай

Abai.kz

�...Абай адамгершілікті моральдық философияда барлық жайдан жоғары қояды�.
М.Әуезов

Абай өмірбаяны

Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу - өте күрделі мәселелерді молынан қамтиды.

Абайдың ғылыми өмірбаянын терең танып, ақынның заманы тудырған ерекшеліктерін біліп меңгермейінше, Абай шығармаларының  қоғамдық-әлеуметтік басты сарындарын ажырата алуымыздың өзі қиынға айналмақ.
Абайдың бірегей биографы Мұхтар Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын  жазу, қалыптастыру жолында ұзақ жылдар бойы толассыз ізденді. Абай жасаған ортада туып, балалық шағынан атасы Әуез арқылы ақын өлеңін жатқа айтып, ел әңгімелеріне қанып өсуі - биограф Мұхтар Әуезовтің  Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуға көп жеңілдіктер тудырды. Абайдың ақын шәкірттерімен тікелей араласып, ақын жайлы дерек мағлұматқа жастай қанып біліп өсуіне тірі архив иелерінің әсері де айтарлықтай болған. Әсіресе, Абайдың ақын шәкірті Көкбай мен Шәкәрімнің Абай өмірі мен жасаған ортасы, ақындық жолдағы рухани ізденістері туралы құнарлы әңгіме деректері жәрдемге келгенін биографтың �...Менің жұмысым жинастыру сияқты. Әуелі оның өмірін зерттедім... Көптеген деректер тобын жинастырдым. Көкбаймен, атаммен, Ділдәмен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім... Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім� (ЛММА архиві, 398-папкі, 27-бет), - деп тебірене отырып баяндайтыны бар.

Біздер, қалың қазақ оқырмандары, Абайдың  ғылыми өмірбаянын М.Әуезов 1924, 1940, 1944, 1951 жылдары, яғни төрт рет қайта толықтырып жазған нұсқаларынан оқу арқылы меңгереміз. Бұған қоса, XX ғасырдың ұлы жазушысы атанған Мұхтар Әуезовтің �Абай жолы� эпопеясын оқу арқылы да таным-нанымымызды кеңейтіп тереңдете түсеміз.

Абайдың әдеби мұрасын өз деңгейінде тереңірек танып ұғынуымыз үшін, алдымен Абай өмір сүрген, ұлы ақынды қоғам қайраткері етіп қалыптастырған отбасы тәрбиесі мен сол заманның саяси-әлеуметтік болмысын, қоғамдық ортасын жете танып-білудің мәні айрықша болмақ. Ол үшін Абайдың өзі ғұмыр кешкен заманы мен оның атасы Өскенбай мен әкесі Құнанбайдың заманын салыстыра қарап, сын көзімен қарасақ, көптеген саяси-әлеуметтік мәселелердің астарлы сыры ашыла түсетінін аңғарамыз.
Абайдың атасы Өскенбай Ырғызбайұлы (1773-1850) тобықты руының  атақты биі болған. Өскенбай заманы тәуелсіз қазақ хандығы мен Ресей империясының отаршылдық заманында өмір сүрген. Құнанбай әкесі  Өскенбайға 1851 жылы ас бергенде 6 жасар Абай әжесімен бірге сол асқа барған еді. Бала Абай жастайынан атасы Өскенбай заманын, онда болып өткен түрлі оқиғалар мен ру таласын, саяси-әлеуметтік мәселелерді сезініп өссе, олар жайлы тарихи  әңгімелерді ел аузынан естіп, көкірегіне түйіп өсті. Өйткені, ол заман әлі де болса қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрпын, ұлттық салт-санасы, дүниетанымы сол қаз-қалпында сақталып, өзгеріссіз тұрған кезең еді.

Ұлы ақын Абайдың 13 жастан өмірінің соңғы күніне дейінгі өмір жолы аға сұлтандық билік жүйесінің соңы мен елді ала тайдай бүлдірген болыстық биліктің заманында өтіп жатты. Сондықтан да Құнанбайды терең танып білмейінше, Абайды жете  танып білудің өзі қиынға соқпақ. Құнанбай Абайды 13 жасынан бастап ел билеу жұмысына баулып, ел өмірімен, халықтың тұрмыс болмысымен  мидай араластырып жіберді. Абай осы ортада ер жетіп, отбасы тәрбиесі мен халық өмірін танып-білу жолы мен қалыптаса бастады.

Абайдың әдеби ортасы

Осы кезден бастап қазақы ортада Абайдың алғашқы әдеби ортасының қалыптасу жолындағы рухани құбылысын көреміз. Ел билеу жолындағы әкесінің тапсырмаларын орындай жүріп, елдің әдет-ғұрып, салт-санасы мен әңгімешіл қарттарымен сырласа жүріп, халқының рухани қазынасын қаныға түсті. Аты шыққан замандас ақындары Дулат, Шортанбай, Шөже, Балта, Тәттімбет, Қазақбай, Жанақ, Түбек, Біржан, т.б. ақындардың алдын көріп, Сабырбай ақынмен сыр шертіп сырласуы Абайдың әдеби ортасының алғашқы бастау көздеріне жатпақ. Осы ортада жүріп, өзінің тұңғыш ақындық талпынысы Абайдағы бойына біткен ақындық өнердің бүр жара бастаған кезеңін оның бозбала шағындағы экспроматты өлеңдері мен құрбыларымен сөз қағыстыру өнеріне төселе түскен қалпын танимыз. Бұл көрініс М.Әуезовтің �Абай жолы� эпопеясы арқылы көркемдік тәсілдермен суреттелген көріністер арқылы қаныға түсеміз. Бала Абайдың атақты Барластың (Дулат) ақындық жырын тыңдап, рухани жан дүниесі әсерге бөленуінен Дулаттың �Айтушым судай төгілген, Тыңдаушым бордай егілген� тыңдаушысы жас Абайға бата береді. Байкөкше ақыннан ақындық шабыттың келу сырын ұғынса, айтыс ақындары өнерінен сөз кестесін тоқудағы ақындық психологиялық шеберліктің тылсым сырын сезініп толыса түседі.
Медреседе оқыған жылдары мен әкесінің ел билеу жұмыстарымен айналысқан бозбала Абай жігіттік шағында Шығыстың классик ақындарын оқып, ақындық рухани қазынасы да күн асқан сайын нәрленіп қорлана береді. Ауыл кәриелерінен, ел ақсақалдарынан да әңгіме үстінде шешен, тапқыр сөйлеудің сырын танып, сөз өнерінің тыңдаушыға әсер ету  қуатынан сабақ алып, көркем сөздің қоғамдық ойдағы алар орнына мән бере бастайды.

Бұлардың бәрі де Абай мұрасының рухани көздері немесе өзгеден алған рухани нәрлеріне жатады.
�Дүниені көздеп,
Ғылымды іздеп,
Екі жаққа үңілдім�, - дейтін Абайдың Шығыс пен Батыстан, яғни екі жақтан алған рухани бұйым белгілері де Абайдың әдеби ортасына жатады. Осы екі салаға қоса Абайдың қазақи  қалпын танып білмейінше, кетпен тұяқ кемеңгер ақынның ұлттық, халықтық, ақындық өнер болмысындағы ерекшелігін танып біле алмаймыз. Өйткені, Абайдың өзі күнделікті іздену үстінде нәр тартып, тікелей араласқан, танысып біліскен, шығармаларымен бала жастан қанығып, жаттап өскен әдеби ортасы абайтану саласында айрықша мәнге ие болмақ. Себебі Абайдың әдеби ортасы да өзіне нәр алған рухани қазына көздерінің  біріне жатады. Мысалы, М.Әуезов �Абай жолы� эпопеясында Абай мен Қадырбайдың (Садырбайдың) кездесу кешіне аса мән беруі себепті: �...Екі күн, екі түн бойы әңгімеде Абай ылғи ғана Қадырбай көрген ақындар жайлы сұрастырған.

Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Сонысы ...осы кәрі ақын есіне алып отырған Садақта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай қасиеттерінің түбіне бойласақ ақындық дарыған күш... тегінде заманның қасіретін айтады екен. Абайдың жақсы көрген ақындарының бірі Барлас еді. Беріде Шөжені біледі, Балтаны көрді. Абай Қадырбайға ұстаз алдында алмаған азық алғанын айтты� (М.Ә. Шығ. 4 т.,176 б.) - деп Абай тербеліп өскен ақындық бесігі болған әдеби ортаның рухани әсерін анық аңғартады. Абай араласқан қазақы әдеби ортасының аумағы Түбек ақынның Алатауды жайлаған Сүйінбай, Жамбылдармен айтысып жүруі әдеби ортаның географиялық кең өрісін де айғақтап тұрады.

Абайдың әдеби ортасының екінші басқышы Абайдың �өзгеге берген нәрі� немесе оның ақындық дәстүрі деген ұғымды қамтиды. Бұл ұғым 1934 жылдан бастап бермен қарай �Абайдың ақындық мектебі� деген мәселе кең тұрғыдан сөз етіліп, осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұнымен анықталады.

Әдеби мектеп деген күрделі ұғым кемеңгер ақын жасап қалыптастырған жаңа бағыттағы ақындық дәстүрдің өзінен кейінгі әдебиет өкілдері тарапынан жалғастыруы арқылы үдере дамыту жолына түсуін айтамыз. Абайдың көзі тірісінде-ақ, Абайдың ақындық дәстүрін дамыта жалғастырушылар, алдымен, Абайдың ақын шәкірттері деп аталатын Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсет т.б. ақындар шығармалары арқылы әдебиет көшінің басы қазақы, тарихи, философиялық лирикадан батысқа бұрылып, реалистік, романтикалық сюжетті поэмалардың пайда болуын айғақтап тұр.
Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды М.Әуезов кейде тар мағынада, кейде кең мағынада қолданатыны бар. М.Әуезов Абай маңында болып, күнделікті өмірде ұстаз ақынмен мидай араласып, тікелей қарым-қатынаста болып, ақындық өнер жолында нақтылы ақыл-кеңес алып, не сынға ұшырап отыратын шәкірт ақындар тобын меңзеуі, көбінесе, тар мағынадағы ұғымға жатпақ. Бұлар - Абайдың шәкірт ақындары деп аталады.

Абайдағы иманигүл 
(үш сүю)

М.Әуезов Абайдың исламиятқа қатысын анықтауда ұстанар екінші тезисі �Абайдың діні - ақылдың, адамгершіліктің діні�, - деген танымды ұстанады. Осы тұрғыдан келіп өзекті ой желісін 1902 жылы жазылған �Алланың өзі де рас, сөзі де рас� деген өлеңін талдау үстінде аша түскен. Өз ой танымын тарату үстінде 27, 38-қарасөзде ерекше мән бере қараған Абай исламияттың кейбір түбірлі ұғымдарын сыншыл ақыл тезіне салып, олардың өзіндік сыншылдық таным тұрғысынан келіп оны адамгершіліктің дініне айналдырады. Бұл әрекетіне Абай танымындағы иманигүл немесе үш сүю мәселесі айғақ бола алады.

Абайда желілі түрде таратып сөз ететін иманигүл (үш сүю), жәуанмәртлік, толық адам сияқты аса күрделі ой желілері тәңірге, оның сипаттары мен өзі таратуды мақсат тұтқан адамгершіліктің негіздері туралы ой толғаныстары М.Әуезов тұжырымының ең өзекті де елулі желілерін қамтитын басты ұғымдарға жатады. М.Әуезов Абайдың �Алланың өзі де рас, сөзі де рас� өлеңіндегі мораль философиясына соғатын үш сүю (иманигүл) деп аталатын ақын танымының мағынасы терең өзекті желілеріне айрықша назар аударады. Абай айтқан үш сүю жайлы ой байламдарын анықтау арқылы ішкі нанымы мен адамшылық жолындағы насихаты мен  мораль философиясы жөніндегі танымы түгелге жуық ашылып, өз көрінісін бере алған деп қарайды. Себебі, осы өлеңдегі үш сүюде алға қойылған бастапқы пікір:
�Махаббат пен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті�, -
деп жаратушы түп иесін, жаралған пендесінің махаббатпен сүюі қажет дейтін бірінші сүюді көреміз.

Екінші сүю - ақын шығармаларында желілі түрде таратылатын басты ой желісі �Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп� айдар тағып, ерекше бөліп көрсетуінде жатыр.

Үшінші сүю - �Және сүй хақ жолы деп әділетті� деп 38 сөзінде Алланың бойындағы 8 сипаттан құдірет пен ғылымды біріктіріп алатын ғақылға (ақылға) Абай нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғәділетке (әділетке) ерекше мән беретін үшінші сүюді көреміз. Абай танымындағы әділетті, яғни үшінші сүюді М.Әуезовтің мұсылмандық танымдағы әділеттен өзгешелеу жатады деп ескертуі көп нәрсені аңғартады.
�Алланың өзі де рас, сөзі де рас� деген өлеңіне дейін-ақ үш сүю мәселесі жанама әрі тікелей аталып сөз етілген болатын. Бірінші, екінші сүю 27-қарасөз бен �Алла деген сөз жеңіл� өлеңінде нақтырақ әрі жанама түрде таратылады. Бірінші сүю Абайға дейін көне дәуір ойшылдары мен сопылық поэзияда молынан қамтылып жырланған көпшілікке танымал ұғым еді. Абай �Алла деген сөз жеңіл� (1896) өлеңінде нақтырақ, әрі тереңірек мән беріп махаббатпен жаратқан түп иеге жауап ретінде пенделері де махаббатпен сүю керектігін:
�Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін�, - деп   бірінші сүю туралы ойларын осымен шегереді, одан ары бұл мәселе туралы тоқталмайды. Бірақ екінші, үшінші сүю туралы өз ой пікірлері туралы өлеңдері мен қарасөздерінде желілеп, үздіксіз насихаттаумен болады.
�Осы үш сүю болады иманигүл,
Иманның асыл үш деп сен тақиқ біл.
Ойлан дағы үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына малың түгіл�, - деп Абай қазақ қауымының рухани жағынан іштей тазарып ұстанар рухани жолының сенімді бағыт-бағдарын нұсқайды. Өйткені, абайтанудың бірегей білгірі М.Әуезов �Алланың өзі де рас, сөзі де рас� өлеңінде ақынның ішкі нанымы, дүниетанымы, адамшылық жолындағы үгіті мен мораль философиясы жайлы танымы

толық түрде айтылған деп біледі

Қажы Мұқ әмбебап Қаракедей:

Имандық қой имани

Гүлі де мұның рухани

Жұпары жоқ гүлдер де

Ұсар бекер діндерге

Тірілтпесе дін сені

Қабылдайсың сен нені?

Құдайға егер сен нансаң

Сөзіне де бол нанған

Құранды шын тыңдасам

Жақсыларға жалғасам

Бара -бара қосылам

Құдай алды отырам.