Хасантудағы қырғын

«Елісхан алған бетінен қайтпайтын жігерлі, ержүрек, батыр адам болатын. Ол бастап көшкен 600 түтін Дөңбастау шекарасына келгенде, көшті кейін тоқтатып қойып, тосқауылда жатқан әскерлерге тұтқиылдан шабуыл жасады.  …әскердің көбі өліп, біразы қолға түсті. Елісхан жаудың тірі қалғандарын бір жерге жинап, мәлімет алды да, азық-түлік беріп қоя берді. Қаруларын қолға түсірді. Әскерлерден қалған танк, машиналарды сарбаздар талқандап, аттарына таға соғып алды. Осында бір түнеп, Гансу аймағының Тула деген жеріне барып қоныстандық».
Халифа Алтай(«Алтайдан ауған ел» кітабынан)

Өткен ХХ ғасыр қазақ халқы үшін нәубеттер мен зұлматтарға толы болды. Қазақияның апайтөс даласын жыландай жайлаған 30-шы жылдардағы аштық, одан кейін халқы үшін жүрек майын шам қылған (С.Торайғыров) Алаш  арыстарын түп-тамырымен қопарып жұлып тастау, мыңдаған боздақтың басын жұтқан екінші дүниежүзілік соғыс… қай-қайсыда ұлттың басына қайғыдан басқа әкелген түгі де жоқ.
Осындайда атам қазақтың: «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде!» демеуші ме еді. Расында, Қазақияның аспанын қасіреттің қою бұлты торлап жатқанда, мына жақта шет жайлап, қиыр қонып, Алтай асып, Тибетке қашып жүрген аз қазақтың да аузынан ақ май ағып, қағанағы қарқ болып отырмағаны белгілі. Соның бірі – Алтай қазақтарының тарихында «Әліп шапқан» аталып кеткен қандықырғын.
Әңгімені әріден бастасақ: Әліп Жанысбайұлы – 1886 жылы Алтай өңірінде туған адам екен. Рубасы атанған, ел-жұртқа беделі мол, мал-басы өскен, қытай әкімгерлерінің өзі үкірдай (болыс) дәрежесін беріп, сыйлап құрмет тұтқан. Әліп үкірдайдың ауылы – екі інісі Қожаберген мен Қожақанның қоңсыларымен бірге және атқан оғы жерге түспейтін қайсар ұлы Елісханның отау жегжаты қосылып, бір дүйім ел Баркөл аймағының Хасанту деген жерінде күзеуде отырады. Бұл 1932 жылдың қыркүйек айының аяғы.
Дәл осы шамада Баркөл-Құмыл өңірінде ұйғыр Қожанияз қажы мен Әйтімбеттер қытай әкімгерлеріне қарсы көтеріліс ұйымдастырады. Мұсыл­мандарға Әліп Жанысбайұлы ат-көлік, азық-түлік беріп көмектеседі. Қысқасы, «көтеріліс­шілерге қолдау көрсетті» деген желеумен қытай мен орыстың атқамінерлері Әліптің көзін жоюдың қамына кіріседі.

*  *  *

Қытайдағы ұйғырлар кө­терілісі Кеңес Одағының да шамына тиеді. Өйткені, Сталин жарықтық Шыңжанның дербес ел болуына мүдделі емес-тін. Сол себепті, Үрімжідегі орыс консулы арқылы ұйғыр көтерілісіне қазақтардың қосылып кетпеуін қадағалау жайлы тапсырмалар беріледі. Әрі Моңғолияда жұмыс істеп жүрген Коминтерн өкілі, барлаушы, қызылдың офицері Абай Қасымовты Баркөлге аттандырады.
Орыс-қытайдың барлау ұйымдары бірлесе отырып, ең алдымен Әліптің маңына жиналған қарулы топты ыдыратуды көздейді. От тастаудың салдарынан Әліп ақсақалдың екі інісі Қожаберген мен Қожақан ірге бөліп, бөлек қоныс іздей бастайды. Бүліншілікті пайдаланып қалғысы келген Кеңес Одағы араға Моңғолияны салып Әліптен ірге бөлген туыстарына таңдаған жерінен өріс-қоныс береміз, көшіп келсін, дегізеді. Азғырудың арқасында 60 шақты түтін, Әліптен ажырап Қобда бетіне (Моңғол еліне) ауып кетеді.
Бүтін елдің бөлініп, жарылғанын қаламаған Әліптің үлкен ұлы Елісхан 200 сарбазын алып, Қобда бетіне ауған елді қайтарып әкелмекке аттанады. Осы орайды күткен 1200 адамдық қарулы қытай әскері бейғам отырған Әліптің ауылын басып алады.  Ауылға басып кірген әскер дереу елдің көзінше Әліп ақсақалды табалдырыққа жастап тұрып бауыздайды. Иық тірестіріп көрші отырған 6 ауылдың 117 адамын түгел қырып тастайды. Осы қырғын кезінде Әліптің інісі Қожақанның аяғы ауыр әйелі Тәшбаланы әскерлер қылышпен шауып, қарнын жарып өлтіріп кетеді. Арада біршама уақыт өткен соң алыс сапардан оралған Елісхан қырғын тапқан аға-бауыры мен ауылдастарының бетін жасырады. Алайда, Аллаһ пендесіне өмір сыйлайын десе оңай екен. Тәшбаланың жарылған қарны-нан шығып қалған жеті айлық баласы аман-есен жарық дүниеге есігін ашты. Аты – Томық. Қазір дін аман Түркияның Зейтінбұрын ауданында тұрады.
Қырғыннан екі адам тірі шығыпты. Бірі жоғардағы біз сөз етіп отырған Томық аға, екіншісі Әліптің жеті жасар ұлы Сетерхан. Бертінге дейін Сетерханның аман екенін ешкім білмеген. Себебі, әскерлер Сетерхан мен інісі Мұхаметшайқыны тірідей алып кеткен. Үш жасар Мұхаметшайқы жылай берген соң бір әскер оны тасқа ұрып өлтірген. Содан хабарсыз кеткен Сетерхан арада 37 жыл өткенде 1970 жылы ішкі өлкеден табылған. Ұрпағы Гансу провинциясының Ақсай қазақ ауданында өмір сүріп жатыр.

*  *  *

Жоғарыда айтқанымыздай Елісхан батыр Қобда бетіне асқан ағайындарын қайтарып әкеле жатып, жолын тосып, аңдып жатқан әскерге тап болады. Әскердің бірін де қалдырмай қырады. Кешікпей ауылына келіп сұмдық қырғынды көреді. Сарбаздарын бастап жаудың артынан қуады. Бірақ жете алмайды.    Қытайдың қылығына наза­ланған Елісхан келер жылы әкесінің асын беріп, туып-өскен топырағын тастап 600 үйді бастап Үндістанға қарай тартады.
Осы көштің топ ортасында болған Халифа Алтай марқұм 2000 жылы  Алматыда жарық көрген «Алтайдан ауған ел» атты өзінің тарихи естелік кітабында: «Елісхан алған бетінен қайтпайтын жігерлі, ержүрек, батыр адам болатын. Ол бастап көшкен 600 түтін Дөңбастау шекарасына келгенде, көшті кейін тоқтатып қойып, тосқауылда жатқан әскерлерге тұтқиылдан шабуыл жасады.  …әскердің көбі өліп, біразы қолға түсті. Елісхан жаудың тірі қалғандарын бір жерге жинап, мәлімет алды да, азық-түлік беріп қоя берді. Қаруларын қолға түсірді. Әскерлерден қалған танк, машиналарды сарбаздар талқандап, аттарына таға соғып алды. Осында бір түнеп, Гансу аймағының Тула деген жеріне барып қоныстандық» деп, жазыпты.
Қопарыла көшкен қазақтар 1940 жылы Үндістанға өтіп, Кашмирге барып тұрақтады. Баркөлден жолға шыққанда көшке ілескен 20 мың адамнан Сринагарға 2500-і тірі жеткен. Осылардың ішінде  жеті айлығында өлі анасынан тірі туған Томық аға бар еді.
Томық Қожақынұлы 1954 жылы Үндістаннан Түркияға қоныс аударған. Тағдырдың жазуымен екі рет үйленіпті. Бірінші әйелінен төрт ұл, екінші әйелінен бір ұл, төрт қызы бар.
Өткен жылы нақтырақ айтсақ, 2009 жылдың 20 сәуір күні Баркөлдің қазақтары бас қосып, 67 жыл бұрын жазықсыз құрбан болған 117 жанның басына қорған тұрғызып, 112 метр аумақты қоршап, құлпытас орнатты. Құлпытаста жоғарыдағы деректер жазылған.

+

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

қажы мұқамбет қаракедей | 28 Мамыр, 2010, 13:08

Халипа Алтай марқұмды Ыстамбұлда да Алматыда да көруге сәті түсті . Қазақ тіліне аударған


Құранын Түркиеде де көрген едім ( төте жазумен ) , Алматыда , Абайдың мерей тойында жүріп , бір неше данасын Семей – Невада қозғалысы бастығынан алып сауғаттап ИИР-дағы Қазақ мешіттерге және дос жарандарға табыс еттім . Ол жарықтық Қазастандағы діни ахуалдан онша риза емес еді . Неге екені көпшілік белгілі ғой . Осындай арыстар Қазақ тарихының көркі деп санау керек . Шама – шарқынша ата жаулармен алысып , өлмей беріспей , тіпті шарасыз қалғанда барып, Алланың жері кең екенін ескере , кәпірлерге қор болғанша , басқа елге көшті . Алла жолында көшкендер , берекеге белшеден батты десек әбден болады . Халекеңнің Құран тәржімесі теңі жоқ еңбек . Өз халқының тарихы мен мәдениеті туралы еңбектері оз басына бір төбе . Ол жарықтық бір өзі бір әлеумет еді десек асыра бағалаған болмас . Өкініштісі , кейбір қазақ сайттарда оның кітабінен , тырнақ астынан кір іздегендей , уаһабшылдық ізін тапқан болады . Ал өздерінің кімге итаршы болып жүргенін аңғарса етті. Бұлар Қожа Ахмет Ясауи , Бекет ата , Абай мен Шакәрімді желеу етіп Халипа Алтай және оған ілескендерді арадан аластағысы келеді . Бірақ Құдай өз нұрын қайда қоярын өзі – ақ біледі . Парсы әдебиетінде : چراغی كه حق برافروزد / هركه پف كند ريشش بسوزد деген аталы сөз бар ; мазмұны : сақалы күйер бігейсің , хақ жаққан шыраққа үргеннің .