ابئلاي حاننکٌ آرمانی
Алаш №103-104 (15873-74) 26 желтоқсан, бейсенбі 2013
26 желтоқсан 2013
«Абылай ханның арманы» қойылымын көргеннен кейiн түйген ой

Хан Абылайдың 300 жылдық мерейтойының бiр келiстi көрiнiсi ретiнде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық музыкалық драма театрында белгiлi жазушы Думан Рамазанның “Абылай ханның арманы” атты тарихи драмасының премьерасы өттi. Бұған дейiн де елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылған Қазақ хандығының ең соңғы ханы Кенесарының өмiрiн, жастық шағын, елiне деген ұлы махаббатын бейнелейтiн “Кенесары–Күнiмжан” атты пъесасы өте табысты өткенiн көзi қарақты оқырман бiлер. Ақ патшаның қайыс ноқтасы басына түскен қазақ халқының сол замандағы шынайы көрiнiсiн суреттейтiн туынды тек елiмiзде ғана емес, сонымен қатар қаны бiр туысқан ел – Түркияда да қойылып өнерсүйер жұртшылықтан өз бағасын алды.
Ұлт тарихында өшпес iз қалдырған ұлы
тұлғалар жайында тағы бiр шығарма дүниеге келдi. Қайсар қаламгер Думан
Рамазан жазған жаңа пьеса “Абылай ханның арманы” деп аталса, оны
сахналаған – жазушымен үндес, рухтас, танымал режиссер Болат Ұзақов. Осы
бiр екi талантты өнер қайраткерiнiң шығармашылық үйлесiмi, жан
дүниелерiнiң ортақтығы бүгiнгi алаш баласының ой-санасына рухани сәуле
түсiрiп, нұрын шашары анық.
Драма екi актiден тұрады. Алғашқы
бөлiгi аң аулаумен қапияда жау қолына түскен жас Абылайдың жоңғар
хонтайшысы Қалдан Сереннiң ордасынан бiр-ақ шығатын тұсынан басталады.
Қаракүңгiрт дала, қамысты өлкенi елестететiн бұл көрiнiсте жоңғардың
батыры Жалбының тау жаңғыртқан дарақы даусы құлаққа түрпiдей тиедi.
Жауының тiрiдей, жау болғанда да аса iрi жауының, Шарыштың басын кескен
Абылай сұлтанды қонтайшыға тапсырып, қалауын алмаққа масаттанатын
Жалбының бейнесiмен оқиға желiсi шиыршық атып ширыға түседi. Тау тағысы
жолбарыстың терiсiнен жасалып, бас сүйегi орнатылған тақтағы Қалдан
Сереннiң алдында бас имеген Абылай бейнесi о басында-ақ асқақтығымен,
ешкiмге еңкеймеген тектiлiгiмен көрiнедi. Жас та болса ақыл-парасатымен
жау патшасын мойындатқан жас сұлтан Абылайға қонтайшының қызы – Топыш
сұлудың көңiлi құлайды. Абылай – Топыш – Жалбы – Әмiрсана төрттiгiндегi
ширығулар мен шарпысулар ұтымды шыққан, бұлай болатын себебi көркемдiк
шындықтан бұрынғы, түп негiзгi тарихи шынайылықтан туындайтын жайттар
болатын. Абылай мен Әмiрсананың анда дос болғаны, кейiнгi өмiрде
бiр-бiрiне сеп, демеу болғаны ел бiлетiн тарихи шындық.
Шартты түрде “Жоңғар ордасында” деуге
болатындай бiрiншi бөлiм атақты Қаз дауысты Қазыбектiң Абылайды босатып
алып, қазақ даласына бет алуымен аяқталады. Қос алып империяның
ортасында отырып қырқысқан көшкiншi елдердiң саяси бағыттары, сол
кезеңдегi азуын айға бiлеген Жоңғарияның Руссия мен Қытайдың айдап
салуымен қазақ жерiне дүркiн-дүркiн шабуыл жасауының астары мейлiнше
шынайы сипатталады.
Ал екiншi актiнi “Қазақ даласында”
деуге келетiндей. Топышын қолына қондырған Абылай өзiнiң туған
топырағында. Жыл жылжыған сайын мерейi тасып, даңқы аспандауда. Жауларын
жасытып, алып елдермен тең дәрежеде сөйлесiп, еркiндiгiн танытып отыр.
Асқан мәмiлегерлiгiнiң арқасында Қытайға да жем болмай, Руссияға да
бағынбай, тiзгiндi нық ұстаған Абылай бейнесi бастапқыдай емес,
iрiленiп, байсалданып, парасаттанып барады. Солай болуы заңды да.
Себебi, баяғы өзiнiң жас күнiндегi досы Әмiрсанаға қарағанда туған
халқының, төрт тарабының ұлық тұтып құрметтер тұлғасына айналып барады.
Ал Әмiрсана ше? Ол өзi ескi тарихтағы Шыңғыс қағанның қасындағы Жамұқа
сияқты. Көздiң құрты, мансапқұмарлықтың кесiрiнен таққа таласып,
туысқандарын түгелдей қырғынға ұшыратқан ол “күн нұрынан жаралған ұлы
мәртебелi қағаны” болған туған елiнiң тағдырын басы бүтiн Қытай елiне
тапсыра салды. “Бiз неткен бақытты ұрпақпыз!” деп кеудемiздi мақтаныш
кернейтiнi осы сәт. Егер Абылайдай дана басшы болмағанда,
есесiне халқымыздың маңдайына Әмiрсанадай шалағай бұйырғанда қайтер
едiк?! Әрине, кезiнде ат үстiнде дүрiлдеп өткен Жоңғария мемлекетiндей
жер бетiнен бiржола жоғалып кетер едiк. Мiне, көрдiңiз бе, бiздiң
тағылым алар тұсымыз қайда жатыр?!
Спектакльдiң соңына таман Қасымның
маңдайынан сүйген Абылай төрге беттейдi. Осы жерде айта кетер жайт,
ханның атақты немере, шөберелерi –осы Топыш сұлудан туған ұрпақтар.
Қасымнан туған Кенесары, Наурызбай, одан кейiнгi ұрпақ Сыздық төрелер,
аһ ұрып азаттық сұраған алыптардың барлығы да Абылайдың қалмақ әйелiнен
тараған. Алты алаштың басын қосып төрге озған Абылай тек туған халқының
ғана емес, түбi бiр Түрiк жұртының жұмыла бiрiккен, тасқамалға айналған
күнiн көрудi армандайтын тұсы пьесаның финалдық шешiмiнде көрiнiс
табады.
Пьесада ұсақ детальдар жоқтың қасы.
Iрi сөйлеп, кесек турайды. Кейiпкерлерiнiң бәрi аузын толтырып сөйлеп,
күлсе бар даусымен күледi, жыласа шын еңкiлдеп жылайды. Замана
бедерiндегi тарихи жандар өз ортамызда, яғни тура бiздiң көз алдымызға
аяқ астынан пайда болып, сөйлей жөнелгендей сезiледi.
Қазақ ордасының iшкi
безендiрiлуiне көңiл шiркiннiң қоңылтақсып қалғанын несiне жасырайық.
Алғашқы көрiнiсте, яғни Қалдан Сереннiң ордасында кәдiмгiдей сұс бар,
мысы басып-ақ тұрады. Қонтайшы тағының арқалығы жолбарыс терiсiнен
жасалып, жыртқыштың басы орнатылған болса, бiздiң Абылай ханның тағы тым
қарабайыр. Жай бiр орындық секiлдi.
Тағы бiр көзге қораш көрiнген нәрсе –
жоңғар қонтайшысының қолынан тостаған түспейдi. Ел iшiндегi жанжалдарды
басуда да, мемлекетаралық деңгейдегi мәселенi шешуде де кесе көтерген
қонтайшы. Актер Жанқалдыбек Төлендиевтiң шеберлiгiне шүбә жоқ, тек
мемлекет басқарған үлкен тұлғаның не шай iшкен, не қымыз ұрттаған сәтiн
көрсете беруi керемет едi дей алмаймыз.
Актер демекшi, басты рөлдi сомдаған
Қуандық Қыстықбаевтың ойыны тәнтi еттi. Рөлдi сомдаған деймiз-ау, шын
мәнiнде ол бiр сәт өзiн Абылай болып елестетiп көрген болар деп
ойлаймыз. Шығарманы жан-тәнiмен түсiнiп, дәуiр сипатын, тұлға келбетiн
шынайы көрсетуде көп еңбектенiп, терең iзденгенi аңғарылды. Ержан
Нұрымбетовтi бәсi биiк актер ретiнде бiлетiн едiк, сол деңгейден
төмендемептi. Бiздi шын шеберлiгiмен баурай бiлген Жанқалдыбек
Төлендиевтiң Қалдан Серенi – тарих көшiнде қалған шоң тұлғаға соғылған
ескерткiштiң нақ өзi. Топышты келiстiрген Айман Кәрiпсейiтова қалмақтан
қалайша қазаққа айналып кеткенiн өзi де аңғармаса керек.
Абылай туралы шығарма жазу – жазушы
бiткеннiң биiк мұраты. Ал соны сахна төрiне алып шығу – одан да зор
арман. Мұндай асқаралы шыңның, мұзарт таудың басына жету кез келгенге
бұйыра бермес бақыт. Сондықтан аса күрделi, ауыр тақырыпқа қалам тарту
үшiн алдымен батылдық керек екенi даусыз. Нар тәуекел етiп, Әбiш
Кекiлбай, Қабдеш Жұмадiлов сияқты iрiлер қаузаған Абылай хан
бейнесiне жаңашыл көзқараспен, өзгеше өрнекпен келген әдебиеттегi Думан
Рамазан мен театрдағы Болат Ұзақовты ұлттық мәдениеттегi орындарын
айқындай бiлген бақытты тұлғалар деп ашық түрде қуанышпен айта аламыз.

Топыш сұлу (А.Кәрiпсейiтова) мен Қалдан Серен (Ж.Төлендиев).
Заңғар КӘРIМХАН,
Астана.
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Айшолпан | 26 желтоқсан 2013 23:05
Иә, “Абылай ханның арманы” өте сәтті туынды, тамаша қойылым.
ҚАЖЫ МҰҚАМБЕТ ҚАРАКЕДЕЙ | 6 қаңтар 2014 13:08
Әбілай ханның азан айтып қойған аты
Әбілмәнсүр еді деген шын десек бұны Әбулмәнсүр атты ханафилер
идеялогиясын қабылдаған кісі екенін білсек , атына заты сай болған
Әбілайдің саясатына таң қалмас едік. Себебі әлгі ғалым жәбір де емес
бибастақтық та емес тепе теңдікті Алда мен адамзат арасында бар деп
шешкені бар. Осы ақиқатты түсінген қаздауысты қазыбек те ұғынып өз
шәкіртіне үйреткен болар. Сонымен Қытай мен Орыстай алпауыттарға
берілмей нар тәуекелге мінгені заңды болар. Қазіргі НӘНдер ше ?
+ نوشته شده در سه شنبه هفدهم دی ۱۳۹۲ ساعت 7:4 توسط حاجي محمد شادكام ، وكيل پايه يك دادگستري
|

Уәж айту