Сәрсенбі, 4 қыркүйек 2013, Алматы 13:26

ӘЛЕУМЕТ / Оралмандар

«Оралмандар туралы теріс түсінік тарап барады»

Оралмандар мәселесі әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына өткесін, оралман мәртебесін беру туралы ереже қайта бекітілді. Азаттық бұл өзгеріс туралы оралмандар белсендісімен сұхбаттасты.

Оралман. Сәбиттің карикатурасы. Алматы, 3 тамыз 2012 жыл.
Оралман. Сәбиттің карикатурасы. Алматы, 3 тамыз 2012 жыл.
Мәтін көлемі
2007 жылдан бері Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясының құзырына берілген оралмандар мәселесі биыл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қармағына қайтарылып, «көші-қон комитеті қайта құрылды. Бұл өзгерістің оралмандар мәселесін шешуге ықпал ету ықтималдығы туралы Азаттық оралмандардың құқығын қорғаушы «Асар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Бодауханмен сұхбаттасты.

Азаттық: – Тамыздың 22-сі күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «оралман мәртебесін беру туралы ережені бекіту туралы бұйрыққа» қол қойды. 2007 жылдан бері Ішкі істер министрлігіне қарап келген «Оралмандар» мәселесі биыл еңбек мининстрлігінің қарамағына өткені белгілі. Оралмандардың бұдан ұтары не, неден ұтылмақ?

Қайрат Бодаухан: – Бұл жолы оралмандардың ұтылғанынан ұтқаны көп болатын шығар. Себебі көші-қон жайы мен шеттегі қазақтың Қазақстанға келуі көп жағынан әлеуметтік мәселе ретінде қарастырылады ғой. Қордаланған әлеуметтік мәселені шешу құзіретін әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына бергені дұрыс. Ал ішкі істер министрлігінің шешетін нәрсесі - тіркеуге алу, құжаттандыру. Ол онсыз да заңмен реттелетін нәрсе. Бұған дейін солай реттеліп келген.
Қайрат Бодаухан, Қайрат Бодаухан, "Асар" қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Азаттық: – Жалпы «оралман» мәртебесін алған жандардың нақты статистикасы бар ма?

Қайрат Бодаухан: – Нақты статистика жоқ. Мысалы өткен жылы 875 мың деген есеп келген. Бірақ Ішкі істер министрлігінен түскен ақпарат бір бөлек, көші-қон комитетінен түсетін ақпарат бір бөлек. Сосын статистика агенттігінен түсетін ақпарат және бөлек. Яғни шеттен келген ағайындарды есепке алу, оларды қадағалау әлі бір жүйеге келген жоқ. Мәселен ТМД елдерінен келген азаматтар көбіне көші-қон полициясына бармайды. Есебін тауып «ықтияр хаттарын» алып немесе азаматтық алып кете береді. Сондықтан да көші-қон полициясы олардың қаншасының келіп, қаншасының кетіп қалғанын көп біле бермейді, нақты мәліметтері де жоқ.

Азаттық: – «Ықтияр хат» деп жатырсыз ғой. Қазір «оралман» мәртебесін алудан гөрі «ықтияр хат» алып Қазақстанда уақытша мекендеуді дұрыс санайтындар көбейіп келе жатқаны айтылып жүр. Мұның себебі неде?

Қайрат Бодаухан: – Бұл бұрыннан қалыптасқан, «квота» жүйесінен пайда болған мәселе. Себебі көшіп келген азамат квотамен қатар азаматтыққа да құжаттар тапсырады. Сол екі аралықта квотаңыздан азаматтық бұрын кеп қойса, квота берілмейді. Сондықтан квота алу үшін сырттан келген ағайындардың басым бөлігі әуелі азаматтық емес «ықтияр хат» алуға құжат өткізеді.
Қытай мен Ресейден көшіп келген азаматтардың зейнетақысы Қазақстанның зейнетақысынан көп.

Екінші мәселе, Қытай мен Ресейден көшіп келген азаматтардың зейнетақысы Қазақстанның зейнетақысынан көп. Бірақ Қазақстанда Ресейден келген ағайынның ар жақта қандай зейнетақы алғанына қарамайды, мұнда ең төмеңгі мөлшердегі зейнетақы тағайындай салады. Осындай әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен Ресейде көбірек зейнетақы алып жүрген адамдар ол зейнетақысын жоғалтқысы келмейді. Сондықтан тек «ықтияр хат» ғана алып басқа елдің азаматы боп жүре береді.

Азаттық: – Ал осы айда ережесі қайта бекітілген «оралман» мәртебесін беруге ойыссақ. Бұл соншалықты күрделі мәселе ме? Ол құжат сырттан келген этникалық қазаққа қандай жеңілдік береді?

Қайрат Бодаухан: – Ол соншалықты күрделі мәселе емес. Өйткені «оралман» мәртебесі арқылы беріліп жатқан ешбір әлеуметтік көмек жоқ. Сондықтан кейбір мекемелер оны құжат ретінде қабылдайды, кейбіреулер қабылдамайды. Шеттен көшіп келгенін айғақтайтын бір жапырақ қағаз ғана.

Азаттық: – 2011 жылы қабылданған соңғы «халықтың көші-қоны» туралы заңы бойынша «оралмандар» мәселесін жергілікті жердегі басқару әкімдігі қарайтын болды. Бұл өзгеріс «оралмандар мәселесінің» шешілуіне қаншалықты көмегін тигізе алады?
«Оралман –жемқор», «оралман – жалқау», «оралман – қашқын» деген сияқты теріс түсінік қоғамда басқаша бағыт алып бара жатыр.

Қайрат Бодаухан: – Өткен жылдан бері Қазақстанда жергілікті әкімдіктің рөлін арттыру, оның мәртебесін жоғарылату бағытында жақсы қадамдар жасалып жатыр ғой. Жалпы көшіп келген ағайынға мемлекеттен бірден ештеңе берілмейді. Олардың тағдыры – жергілікті әкімдіктерде. Облыс пен аудан әкімдерінің қолында. Яғни бұл бір жағынан оларды қарап көру үшін жақсы. Бірақ қиыншылық тұсы бар. Өйткені қазір жергілікті әкімдіктер шеттен келген ағайындарды қабылдауға соншалықты құлықты емес. Себебі «Шеттен келіп жатқан қазақ – кім?» деген сұрақ төңірегіндегі саяси-әлеуметтік, демографиялық тұрғыдағы баға берілмегендіктен, жергілікті жердегі түсініктер әрбасқа. Оралмандар туралы сауатты түрде түсінік қалыптастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі жергілікті қазақтар мен этникалық қазақтардың арасына әлеуметтік жік түсіре бастады. «Оралман –жемқор», «оралман – жалқау», «оралман – қашқын» деген сияқты теріс түсінік қоғамда басқаша бағыт алып бара жатыр.

Азаттық: – Көші-қон жүйесін саяси тұрғыдан, әлеуметтік тұрғыдан қалыптастыруда олқылықтар бар екенін айтып отырсыз. Бірақ «оралман» мәселесімен шұғылданатын үкіметтік емес ұйымдар да біршама. Яғни сіздер не істеп жатырсыздар?

Қайрат Бодаухан: – Бұл мәселе үнемі көтеріледі. Павлодарда өткен соңғы форумда да осы мәселені қозғадық. Президенттің атына хат та жаздық. Тіпті керек болса сол квотаны мүлдем тоқтатып тастау туралы да айттық. Өйткені зиянынан басқа пайдасы жоқ. Жергілікті халықта «Оралмандарға бәрін беріп жатыр. Біз осында тұрамыз. Осы мемлекетке еңбегіміз сіңген. Бізге неге бермейді, кетіп қап, қайтып келген оралмандарға бере салды» деген көзқарас та бар. Себебі халықтың бәрі тарихшы емес. Олар тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріліп жатқан ақпараттарға қарайды да, «оралмандар тек алып жатыр» деген түсінікте қалады. Ол өз кезегінде әлеуметтік араздыққа соқтырады. Бұл тіпті ұрпақтан ұрпаққа кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан осы бастан ойланғанымыз дұрыс.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет!


  Пікір
     
Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
04.09.2013 11:51
Кезінде жалпылдап Сталиннің неміс пен шешендерін қарсы алып өліп қала жаздаған қазақ неге өз қандасыңа күндес болып отырсың? Әлде саған тағы бір Сталин керек пе

Кімнен: Арман Қайдан: Алматы
04.09.2013 09:36
Ассалаумағалайкум Қазақ деген ұлы қалықтың ұрпақтары!!! Мына хабар тек оралмандар үшін емес біз үшін үлкен ой салатын хабар екен. "Оралмандарға квота беріп жатыр" деген осы бір шын мәнінде жалған, шын болсада азаппен алатын, сондай азаппен алып қызығатындай құны да жоқ сол "квота" бізбен "шеттен келген қандастарымызды" бір-бірімізбен жау етіп жатыр. осыдан 4 жыл бұрын ауылға көшіп келген бір көрші қандасымыз маған "аға квота" алайын деп едім тіркеуің жоқ деп жатыр маған көмектесіп бір баламмен үш жанды үйіңізге тіркеп берсеңіз" деп өтінді. сосын мен келісіп оларды "көші қон полициясына апардым. ал тіркеу үшін оларға Бірінші: Оралман куәлік алу керек екен, екінші: қытайда сотталмаған деген қағаз алу керек екен, үшінші барлық документтерді аудартып сол жерде бір қызға ақша төлеп анкета толтырады екен. содан ол кісілер тіркеуге дейін 6 ай жүрді сол документтерді жинау үшін, жинап болған соң мен бір апта жүріп тіркеттім әйтеуір, кезекке азанда сағат 5 те бардық, кейбіреулер түнімен түнейді екен, ал кезекте тұрғанда аралықта жүрген делдалдар басқалардан ақша алып кезексіз кіргізеді, бірдеме десең ішіндегілер дүрсе қоя береді, докментіңді қабылдамай қояды... осындай азаптардан өтіп тіркелді әйтеуір сосын олар квотаға документ жиды күнде кетеді бірде қалаға кетеді, сосын ақыры бір делдалға 1000 доллар беріп "квотаға" жолдапты содан бір жарым жыл дегенде квотасы шығыпты сонда беретіні бір адамға 156000тг яғный 1000 доллар көлемінде сонда қарасам өздері 3 жан алғаны 3000 доллар оның 1000 доллары делдалға кетті, ал докумен жинау, аударту, копия, жаздыру, жолы, тамағы міне осыларға менше 1000 доллардан кем емес ақшасы кеткен шығар... сонда сандалып 2 жыл күтіп, алғаны сондағы 1000 доллар. міне сонда әлігі жырлап айтатын "квотасы" сол ма? 1000 доллар деген сол кезде егер өзі жұмыс істесе екі айда табатын ақша солүшін 2 жыл күтті, қанша сөз естіді, үйықтамады...
Міне ағайындар біз алыстан отаным деп келген ағайындарға дұрыс түсінікпен қарайық. мүмкін болса біз көмектесейік, оларды сыйлайық, быржақтағы орыстан қарағанда олар өз бауырың туысың, туғаның... Қазақты қазақ қана құтқарады, қазақ қана қорғайды.. егер олар сол кезде қашып кетпесе осы Қазақстанда ашаршылықан өлген 4 милион адамның саны оданда көп болар еді ғой шынында. демек оалрмен біз санымызды болсада көбейтеміз!!! Оян Қазақ!!!

Кімнен: қажы мұқамбет қаракедей Қайдан: иранбақ
03.09.2013 20:13
Оралман дегенде , " Адасқанның айбы жоқ қайта үйрін тапқан соң " деген аталы сөз еске түсіп оралғандар қателескен сияқты болып сезінеді. Ал баяғы сұмдықтарға көне бергендер жерді сақтай алды десек те елдікті сақтай алғаны шамалы емес пе ? Сонымен қандастарды моқата бергенше олардың бар үнемдерін пайдалану керек. Сонда барып барша қазақ негізіне орала алар еді.
Пікір алмасу
Кімнен: қажы мұқамбет қаракедей Қайдан: иранбақ
04.09.2013 00:13
Оқырман жөнді болса оралманды жөн деп болмаса керек. Оқыр + ман - дүзу . Бірақ сол ретпен сөз жасау үшін оралар + ман деу керек ақ сияқты. Бұны қояр болсақ ОРАЛМАНнан баз кешпек абзал ғой сірә.