قاتگه زدئکته ن قایتسه ک قوُتلامز ؟
Қатыгездіктен қайтсек құтыламыз?
Бұрынғының үлкендері жаман ырымды көрсе менен аулақ деп, жаман сөз естісе аузынан шыққаны жағасына жармассын, жұртыма жоламасын деуші еді. Осы күні ол ырымды ұмыттық па әлде отбасы, ошақ қасынан аспай қалдық па, болмаса «сауып ішер сүті жоқ» ақшаның құлдығы құрдымға сүйреп бара ма, әлде «Өзің – үлкен, қылығың – бала-шаға, Балаша мәз боласың тамашаға» деп Абай айтпақшы, бардың қызығымен жүріп, не жақсы не жаманды ажырата алмай қалдық па? Бұлай деуімізге себеп, елімізде адам айтқысыз, айтса сенгісіз, небір қасіретті сұмдықтар арагідік болса да орын алуда. Оған көз үйреніп кетті ме, үлкен-кішіміз мән бермейтін болып барамыз.
Қазақ телісі мен тентегін «тәйт!» деген бірауыз сөзімен-ақ қалыпқа түсіріп отырған. Қазір осы дәстүрді ұмыт қалдырып, бәрін құқық қорғау мекемелеріне жүктеп қойған секілдіміз. Егер әрқайсымыз осы елдің бүгінгі иесі біз, ертеңгі тұғыры ұрпағымыз десек, жат қылыққа баяғыда-ақ тыйым болар еді. Осы тыйымның қолдан шығып кеткенінен шығар, жастар арасындағы қылмыс азаюдың орнына өршіп бара жатқандай. Оған өңірлердегі оқушылар арасындағы қылмыстардың азаймай отырғаны дәйек бола алады. Бұл аз десеңіз, жақында бесіктен белі шықпаған екінші сынып оқушылары өздерінің замандастарына қол жұмсапты. 9 жасар қызды мерт қылыпты. Оның денесін түк болмағандай, айдалаға қалдырып кетіпті. Осы жерде Абайдың: «Заман ақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа – Қойнына тыққан тастары» деген төрт жол өлеңі ойға оралып отыр. Ал өмірге жаңа қадам басқан жастардың зәулім үйлердің төбесінен қос-қостан секіріп кетуі де арқаңды саршұнақ аяздай қариды. Бұл не сұмдық? Олар өмірден неге түңілді деген сұрақ жүйкеңді жұқартып, жүрегіңді инемен шабақтайды.
Тәртіпті сақтаймыз деп, мектептерге бір-бір полиция қызметкерлерін отырғыздық. Ол да көп жағдайда оң нәтиже бере қоймаған секілді. Соған қарағанда, бала тәрбиесіне бүкіл жұрт болып жұмылу жағы жетпей жатқандай. Әлде бұл «Мектептің мақсаты – жалғыз құрғақ білімге үйрету емес, біліммен қоса, жақсы тәрбиені қоса беру» (М.Дулатов) кемдігінен болып отыр ма?
Жоғарыдағыдай сұмдықтарды үлкендерден көрген соң, албырттықпен жастар да қайталап жүр ме, бұл әлде бүлінген экологияның әсері ме? Жақында Алматыда жұрттың төбе шашын тік тұрғызған алапат оқиға болды. Үш қаныпезер бір отбасын ойрандап кетті. Ақша үшін 37 жастағы Нұргүлді буындырып, 19 жастағы Ермұратты қылғындырып, бейкүнә екі ұлды, 3 және 7 жастағы Сырмұхамед пен Сләмнұрды суға тұншықтырып өлтіріпті. Мұндай қатыгездікті шеттен келген келімсек қасына қазақ жігіттерін ертіп жүріп жасапты. Қазақтың келімсектен көрген азабы, тартқан қасіреті анау ғасырларда аз болмап па еді? Осы күні де жоғарыдағыдай кездесіп жатыр. Бұларға бір тыйым болмаса, ұлтымыздың азаматтарын бұзып, қылмысқа итере бере ме деген ой мазалайды.
Кейде «…жалғыз біз бе, елдің бәрі де сөйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ, болады дағы деген сөзді жұбаныш қылады. Оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болды деп, көпке қаһарым жүрмейді деп пе? Көпке тұзағым түспейді деп пе?» – деп Абай айтқандай, мұндай сұмдықтарға заманды алға тартып, өзімізді ақтағансымай ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып, тайлы таяғымыз қалмай жамандықтың алдын алмасақ, іргесін бекітіп келе жатқан ұлтымызға бір кездері қауіп төндірері хақ. Егер осыған ел болып кіріссек қана қатыгездікке тосқауыл қоя аламыз. Сонда ғана ұрпағымыздың білімді де, тәрбиелі болып өсуіне жол ашамыз. Қанша жерден ондай сұмдық менен аулақ кетсін деп, қара басымызды күйттесек, қатыгездіктің тамырына балта шаба алмаймыз. Ертеңгі күнге үлкен үміт арта отырып, ұрпақ тағдырына, әсіресе, бесіктен белі шықпаған ұл мен қыздың ертеңіне алаңдағандықтан осы бір түйткілді, аяқтан шала беретін қауіпті аз-кем дәйектермен ортаға салып отырмыз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Пiкiрлер (1)
-
Қатыгездік біреудің өзі керек дегеніне , бейбіт жолмен жете алмағандықтан туындайды деп ойлаймын. Қазақ : " мал ашуы - жан ашуы " дегендей , қазіргі келеңсіз көзқарастарға қарай , дүнйеқоңыз адамсымақтар мал үшін ардан аттап әлсіздердің барын тартып алуда жанын да аямас болады. Бір қоғамда құндылықтарды таныстырар , оларды қамтамасыз етер құрырылымдар құрыған соң әркім өзімшіл болып елдегі тәртіпті мүсе тұтпайтын бейбастақ болмай қайтсін ? Бұрынғы өткен заманда , дін мұсылман аманда дегендей кезеңде елді басқарған жандар бөгде саналмай олардың бұйрығымен істер жүріп салдарын да барша үмбет көтеретін еді. Қазір заман өзгерді де билікті көпшілік жатсынып бара жатыр. Сонымен тәлім - тәрбие де өзімшіл шонжарлардың игіліне сәйкес келіп тұр емес пе ? Бұл теңсіздің кесірінен ауызбірлік азайып әлім жеттілік зорайып бара жатса қалыпты үдеріс емес пе ? Көпті қатыгездіктің алдын ұстау үшін жұмылдырғымыз келсе жаманға сәйкес құрылыдар арқылы ат салыстыру парыз. Сонда ғана баяғы байланыстар жаңғырып ел тығырық тұйықтан шығса керек.